Әлеуметтік-экономикалық даму динамикасының қанат жаюына кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Соның бірі – сыбайлас жемқорлық. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бірнеше әдісі бар. Осы саланың мамандары болса бұл ретте принциптік және жүйелі сипат болса, індеттің бұл түрін жоюға болатынын алға тартады. Ал заңдылықты қамтамасыз ету – аса маңызды міндет.
Сыбайлас жемқор-лықпен тиімді күрес жолында халықтың белсенді атсалысуы маңызды рөл атқарады. Биыл мемлекет пен қоғамның өзегіне түскен жегіқұртпен күрес жаңа деңгейге шығып, соны қарқын, тың тегеурінмен жүзеге асырыла бастауы тиіс. Президент «Әділетті Қазақстанда коррупцияға орын жоқ», – деді. Сарапшылар күресті күшейту үшін қажетті заңдар барына назар аудартады. Бұл тұрғыда жемқорлық туралы хабарлағандарға берілетін сыйақының мөлшері қаралып, жаңа ережелер бекітілді. Осы негізде тағы да қолдау түрі артып, 2023 жылғы 29 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы қабылданды. Құжат ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде күшіне енді. Жаңа заң негізінде жемқорлық туралы хабарлап, 14 млн теңгеге дейін сыйақы алуға болады. Параның мөлшері 1 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінен аспаса яғни, 3,5 млн теңге мөлшерінде болса хабарлаған адам 100 мыңнан – 345 мың теңгеге дейін сыйақы алуы мүмкін. Ал басқа жағдайларда сыйақы мөлшері пара сомасының 10 пайызын құрайды. Бірақ 4 мың айлық есепті көрсеткіш көлемінен аспайды. Демек, ең көп сыйақы мөлшері 13 млн 800 мың теңге.
Биылғы жылы қолданысқа енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 24-24-4-баптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдар қылмыстық іс жүргізу және еңбек кодекстеріне сәйкес мемлекеттің қорғауында болады, сонымен қатар «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен де қорғалады. Сондай-ақ оның еңбек құқықтарын қорғауға, соның ішінде пара алғаны туралы хабарынан кейін жұмыс берушімен еңбек дауларына Антикор өкілінің қатысуына айтарлықтай кепілдіктер беріледі.
Мысалы, 2023 жылдың басында Атырау облысының тұрғыны парақорды ұстап беріп, 12,2 миллион теңге сыйақы алды. Антикордың мәліметінше, ол облыс әкімінің бұрынғы орынбасарының қылмысын әшкерелеуге жәрдемдескен. 2022 жылғы мамырда Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев аса ірі көлемде пара алуға оқталғаны үшін 10 жылға сотталды. Себебі пандемияның қызған шағында, 2020 жылы Таубаев аурухананы салып жатқан құрылыс компаниясы директорының орынбасарымен кездесіп, одан тендер құнының 10 пайызы көлемінде «откат» талап еткен. Сөйтіп, 185 миллион теңге алуға келісіпті. Соның 120 миллионнан астамын алып жатқанда ұсталған деседі. Ал Шымкентте биылдың өзінде 7 тұрғын жемқорлардың ішкен-жегенін құстырғаны үшін мемлекеттен қаржылай қошемет көріпті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғариннің сендіруінше, мекемені жемқорлық деректері туралы құлақтандыруда шымкенттіктер аса белсенді. Бірақ соның ішінен әзірге тек жетеуіне жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден астам сыйақы төленген. Бұл – олардың көмегімен әшкереленген параның және келтірілген шығынның 10 пайызы. Соған қарағанда, торға «шортандар» түсе қоймағанға ұқсайды. Антикор дерегінше, 2022 жылы республика бойынша 134 адам жалпы сомасы 40,6 миллион теңге ынталандыру алды. Ең үлкен бір реттік төлем Атырау және Қызылорда облыстарының тұрғындарына аударылды. Жалпы мұның өзі жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруға қосқан үлесіміз. Сондықтан бейжай қарамай, барша азаматтарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 нөмірі арқылы Call-орталығына сыбайлас жемқорлықтың әрбір көрінісі туралы хабарлау қажет.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Пара алу жайында хабарлап, 14 млн теңгеге дейін сыйақы алуға болады
Home » Жаңалықтар » Заң және біз » Пара алу жайында хабарлап, 14 млн теңгеге дейін сыйақы алуға болады