Бүгіннен бастап көршілес Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылы мен Алматы қаласы арасында жаңа маршрут жүреді. №236 бағыттағы қоғамдық көлік Шамалған ауылы арқылы өтетіндіктен аталған елді мекеннің тұрғындары үшін қолайлы болмақ.
Жаңа ашылған маршрут Алматы қаласының мобилділік басқармасының бастамасымен жүзеге асып отыр. Қоғамдық көліктердің қызметіне «NEO City TRANS» ЖШС жауапты болады. Қазір қолданыста «ISUZU HC-40» маркалы 12 автобус бар.
Жұмыс кестесі бойынша қоғамдық көліктердің жүру уақыты сағат 6:00-ден басталып, 22:00-де аяқталады. Төлем жүйесі «Оңай» картасына негізделген. Жол ақысы – 100 теңге. Әдеттегідей зейнеткерлерге, студенттерге, оқушыларға және басқа да әлеуметтік топтың өкілдеріне тиісті жеңілдік қарастырылған.
Алматы қаласының мобилділік басқармасының мәліметіне сүйенсек, Алматы агломерациясын дамыту аясында 2023 жылы 25 елді мекенді қамтитын жаңа қала маңындағы бағыттарды ұйымдастыруды жоспарлануда. Бұған дейін үш бағыт іске қосылған. Сонымен қатар, Алматы және Алматы агломерациясын дамыту жоспарына сәйкес 2024 жылдың соңына дейін 20 жаңа қала маңындағы бағыттарды ұйымдастыру жоспарлануда, олардың есебінен 50 елді мекен қамтамасыз етіледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.