Елімізде балалардың болашағы үшін барлық жағдай жасалып келеді. Бүгінде қай аймақты алсақ та түрлі үйірмелер мен оқу орталықтары көбейген. «Ағылшын тілін үйретеміз», «Менталды арифметика», «Жылдам оқу курстары» деген сияқты жарнамалардан көз сүрінеді. Бірақ, ондай үйірмелердің ақысын төлеуге ата-ана қауымының бірінің жағдайы келсе, бірінің қалтасы көтермейді.
Соған байланысты елімізде жылдан жылға мемлекеттің, жеке ұйымдардың және жаны жомарт азаматтардың арқасында домбыра, сурет, шахмат үйірмелерін ашудан бөлек, түрлі спорт залдары мен үйірмелер ашылып жатыр. Сондай игі бастаманың бірі таяуда Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында орын алды.
Нақтырақ айтқанда, аптаның сейсенбісі күні Береке Мәдениет үйінде тегін үйірмелер ашылды.
Ауданымызда бірқатар игі бастамалардың басы-қасында жүрген «Ана мен бала» қайырымдылық мекемесі мен «Обрайн» балаларды оқыту орталығының бастамасымен жүзеге асқан бұл үйірмелер әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардағы балалардың шығармашылық қабілетін дамытуына қолдау көрсетуге бағытталған.
Баланың дені сау болып, физикалық тұрғыда дамып, өсуімен қатар оның рухани жан-дүниесінің дамуы да маңызды. Сондықтан мұнда балалар домбыра, актерлік шеберлік, әннен, биден тегін шеберлік сағаттарын алуға мүмкіндіктері бар.
Ашылған шебер сыныптарының тағы бір ерекшелігі мұнда тек балалар ғана емес сондай-ақ, көпбалалы, әлеуметтік жағдай төмен аналарға компьютерді меңгеру, бухгалтерлік және тағы да басқа тегін курстарынан өтуге болады.
Аталмыш үйірменің салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов, ауданның мәслихат депутаттары мен ардагерлер арнайы қатысып, ізгі лебіздерін, құттықтауларын жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.