«Білімдінің алды жарық…» деген дана халқымыз қай заманда да ұрпағының білім алуына ерекше көңіл бөліп, оған қол жеткізуіне бар мүмкіндігін пайдалануға ұмтылған. Ұстазға деген құрметі мен сенімі шексіз бола отырып, білімдіге артар үміт, арманы да асқақ болған. Бұл кәсіп иелерінің арамыздағы ерекше орнын «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деген терең мағыналы осы бір қағидадан-ақ анық аңғаруға болады. Сондықтан да білім беру саласының қызметкерлері қоғам алдында ең жауапты міндетті арқалап отыр. Осыған орай, осы аптаның алғашқы күні Қарасай ауданы педагогтарының төл мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Ұстаздар қауымын аудан әкімі Жасұлан Естенов өзі құттықтап, еңбегі еленген жандарды марапаттап, мерейлерін өсірді.
Бұл күні қатарда жүріп, қалтқысыз іске кіріскен мұғалімдермен қатар, өз өмірлерін шәкірт тәрбиелеуге арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған білім беру саласының ардагерлері де аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шарада бас қосып, мәре-сәре болды. Алдымен шараның шымылдығы өңіріміздегі ұстаздардың атқарған жүмыстары мен жетістіктері баяндалған бейнетаспамен ашылып, келесі кезекте үлкен экранда түрлі салада жетістікке жеткен аудан мектептерінің түлектерінің тілегі көрсетілді.
Одан кейін сахна төріне көтерілген аудан басшысы қызығынан қиыны көп, жауапкершілігі мол мамандық иелеріне деген жылы лебізін жеткізіп, бар жақсылықты тіледі. Құттықтаудан соң бірқатар мереке иелері ел алдында марапатталды. Атап айтқанда, Жасұлан Тоққожаұлы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдарын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің мұғалімі Жарылғай Рысымбетоваға және Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы Зағила Сүлейменоваға, сондай-ақ дәл осы министрліктің Алғыс хатын Батан орта мектебінің директоры Шолпан Оспановаға және әл-Фараби атындағы мамандарылған мектеп-лицейінің мұғаліміне табыс етті. Одан бөлек аудан әкімі Алматы облысы әкімі мен білім басқармасының және өз атынан жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін еліміздің болашағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін бірқатар ұстаздарды Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапаттады.
Келесі кезекте Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі, «Үздік педагог» Айнұр Әбішова мен В. Белинский атындағы орта мектебінің мұғалімі Светлана Малышева баяндама оқып, құттықтау тілектерін білдірді.
Салтанатты шара әрі қарай мерекелік концертке ұласты. «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің өнерпаздары да ұстаздарға деген ізгі лебіздерін әсем әнмен, мың бұралған бимен жолдады. Одан кейін «Қалбибі» өнер студиясының балалары шырқаған әсем әндермен жалғасты. Сонымен қатар, Славян елінде өткен «ВИТЕБСК-2023» байқауының жеңімпазы Шерхан Арыстан және аудан өнерпаздары ұстаздарға арнап ән шырқап, өз өнерін көрсетті.
Егемен еліміздің ертеңін тәрбиелейтін мұғалімдердің қоғамдағы орны айрықша, тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеп-өсуі де ұстаздардың үлкен еңбегіне байланысты. Ендеше, оларға осындай құрмет-сый көрсетудің де өзіндік үлкен орны, жөні бар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.