Хантәңірі шыңының етегін мекендеген Нарынқол өңірінің айтулы ақыны, Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Еркін Ібітанов – көзі тірісінде аз жазса да, саз жазған ақын. Санаулы өлеңдерінің осалы жоқ. Бәрі де жүрек тебіренісінен, шабыттың буырқанған қайнарынан шымырлап шыққан жырлар. Рас, Еркін ақын өз тұсында Тұманбай Молдағалиевпен жақсы қарым-қатынаста болды. Тіпті, бір баласының атын Тұманбайға арнап Тұман деп қойды.
Еркіннің Тұманбайға өлеңмен жазған хаты да қастерлі дүниелердің бірі.
Ей, Тұмаш!
Есіңде ме балалық шақ?
Қашқан кез дастарханнан нан алыстап.
Соғыстың сойқан салған от-жалыны,
Жатқан кез өзекті өртеп, сананы ыстап.
Бейкүнә сәбилердің күлкілері,
Үйтілген татымы кем тарамыс шақ.
О, Қайран, балалық шақ!
Бекеттері беймәлім жолға шықтық,
Қамшы емес қолымызға қалам ұстап, – дейді Еркін ақын ағынан жарылып. Шын мәнінде, бұл жай ғана хат емес, сұрапыл соғыс жылдарындағы ел мен жердің тағдыры. Отызыншы жылдардың ішінде дүниеге келген ұрпағының балалық шақтары тура сол ауыр жылдарға тап келді. Олар бала болып ойнай алған жоқ. Мәз болып күліп, қуана алған жоқ. Аштықты, жоқшылық, тапшылықты көрді. Соның дәмін татты. Бұл соғыс жылдарындағы барлық балалардың басынан кешкені еді.
Кейбіреулер жатты ғой өрлеп бағы,
Ал біздің көңілімізді шер қаптады.
Оңашада жұтатын өксік жастың,
Әлі де тұр таңдайда кермек дәмі.
Жота тілген жоқшылық қамшылары,
Қайқаңдатты-ау!
Әйтеуір жан шыдады.
Балалық шақ шомылды көз жасына,
Өлең-жыр ғой солардың тамшылары, – дейді ақын сол бір шақты шынайы суреттеп.
Ей, Тұмаш!
Сен көрдің, ә, шалғай жақты?
Шалғай жақты-мен туған таулы аймақты?
Аспан тауы аталған Хантәңірге,
Талайлар таңырқанып таңдай қақты, – деп Еркін ақын бір сәт өзі туған, өмір сүрген таулы аймағына қарай аяңдайды. Талайларды, көрген жанды әсіресе, сырт жақтан бірінші рет жолы түсіп келіп қалған қонақтарды бір көргеннен-ақ баурап алатан таулы өлкенің таңғажайып сұлулығын сөз етеді. Рас, Еркін аға Алматы қаласында көп жүрген жоқ. Жоғары оқу орындарынан білім алғанымен оны толықтай бітірмеді. Ауылдағы, әулеттеріндегі түрлі жағдайлар себеп болды. Соның өзінде де өзіне-өзі жиған-тергені мол болды. Мұқағалидай ақын бауырына еліктеп, әлем классиктерінің кітаптарымен сусындады. Білімін кеңітті, ойын өрлетті. Кітаптан алған рухани дүниесі қиялын шарықтатты. Содан да болар әр жазғанынан кесек-кесек ойлар, тың теңеулер, оқырманының көкжиегін кеңітетін соны тіркестер кездесіп отыратын.
Жастығы мұз, бұлт – көрпе жон арқасы,
Бұйра бөктер қымтанған мол аршасы.
Қапталдағы қара орман -қарағайы,
Иығынан құлаған қолаң шашы,–дейді ақын. Мұндай теңеу, мұндай суреттеу – тек қана Еркіндей ақынның шығармашылығына тән.
Ойрандалған ойыңды таң асырып,
Осы тұсқа сәл кідір!
Жағасы құт…
Көк толқындар дөңбекшіп аға берсін,
Аға берсін асығып, аласұрып, – дейді ақын арынды, ағынды тау өзенін көз алдыға келтіріп.
… Тауда өсу – аспанға таман бару,
Қиын-ақ бұл арада хәл аңғару.
Сезімі бар пендеге бұл өңірде,
Қиын-ақ ақын болмай аман қалу! – дейді Еркін ақын. Ақынның бұл сөзіне келісесіз. «Жер жаннаты – Жетісу, оның төрі – Нарынқол!», – деген қанатты сөз бұрыннан бар. Теңіз деңгейінен екі мың метрге дейінгі биіктікте тұрған суы мөлдір, ауасы жұпар, табиғаты тамаша, топырағы құнарлы өлкеден шыққан перзенттерінің осалы жоқ. Бір ғана әдебиет әлемін алып қарайықшы?! Мұқағали, Бердібек, Сағат, Баққожа, Еркін оның ізін жалғаған Батық, Биғайша, Қаншайым, Мұқтархан, Төлен, Мінуар, Айтақын, Серікжан міне, бұл тізімді жалғай беруге болады. Жалпы, Аспантаулар өлкесінен шыққан ақын-жазушылар көп. Кейінгі толқын інілері, қарындастары қаншама?! Қазіргі таңда ақпарат айдынында еңбек етіп жүрген талантты журналистер, Мақпал Мыса, Қанат Әбілқайыр секілді жас талантты қаламгерлер жетіп артылады.
Ей, Тұмаш!
Еркініңнің күйі міне,
Қатер бұлты төбеме түйілуде.
Көңілдегі көк кептер ұшып кетті,
Бір дерт бар…
Қадалып тұр бүйіріме…
Қысқасы қолың тисе бір келіп кет!..
(Сен мұны «әңгіменің түйіні» де)
…Шен таққан шекпеніңді шешіп тастап,
Баяғы Тұмашым боп кір үйіме!
Кір үйіме.., – дейді Еркін ақын хатының соңында. Көзге жас ұялатар сөз. Ақын өмірінің соңында ұзақ төсек тартып жатқаны шындық. Ақын жанына байланған дерттен көп ауырды. Соны бірер сөзбен келтірген ақын досы, сырласы, мұңдасы Тұманбайға жүрегінің назын жеткізеді. Еркін ақын көп ұзамай дүниеден өтті. Сүйегі Нарынқол ауылының маңына бұйырды. Қалың елі, сонау Астана, Алматыдан тартып ақын-жазушылар келіп соңғы сапарына шығарып салды. Түйіндеп айтар болсақ, өз тұстарында Еркін мен Тұманбай жақсы дос болды. Алматы қаласында жастық шақтарының қызықты күндерін өткізді. Бір-бірімен жақсы аралысып тұрды. Оларды табыстырған өлең еді. Өлеңнің құдіреті еді. Өйткені, жырлары жарқырап көрініп, республика жұртшылығына таныла бастағаннан-ақ бір-бірінің талантын, өлеңдегі шынайы қадамдарын бағалап танысқан, табысқан ақындар. Олардың бір-біріне өлең арнауы, жырмен хат жазуы содан. Жарасып тұр. Еркіннен кейін араға жылдар салып Тұманбай да келместің кемесіне мініп, аттанып кете барды. Қос ақынның бейнесі, жырлары елі-жұртының жүрегінде.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.