Қарасай ауданында жарыққа қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтар аз емес. Елді толғандырған бірқатар сұрақтың жауабын білу мақсатында ауданды электр энергиямен қамтамасыз етіп отырған мекемеге арнайы барып, жақында ғана қызметіне кіріскен Қарасай аудандық электр жүйесінің басшысы Айдар Оспановпен тілдескен едік. Көптің көңілінде жүрген сауалдарды қойып, жауабын ала білдік. Мекеменің міндетін сөз етіп, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталдық.
– Айдар Амантайұлы, алдымен жаңа қызметіңіз құтты болсын дегіміз келеді. Әңгімеміздің басын жарықтың жиі өшу себебін түсіндірумен бастасақ деп едім. Халықтың жиі қоятын осы сауалына Сіздің жауабыңыз қандай?
– Жарықтың жиі өшу себебіне тоқталар болсақ, алдымен электр қуатын тасымалдайтын тіректерде, трансформаторларда қазіргі уақытта көп тозу байқалады. Екіншіден, табиғи жағдайдың әсері бар. Мәселен, желдің соғуынан, жауын-шашынның орын алуынан, ағаштардың құлауынан электр сымдары үзіледі. Сондай-ақ басты себептердің бірі – абонент ретінде жеке трансформаторлық қосалқы стансаларына жауапты адамдардың дұрыс қарамауы. Мысалы, әуе желілерінің маңайында ағаштар өсіп кеткендіктен, сымдар бір-біріне тиіп, қысқа тұйықталу болады. Сәйкесінше бір трансформатордан электр қуатын алып отырғандар жарықсыз қалады. Дәл осы олқылықтың алдын алу мақсатында жеке трансформаторлық қосалқы стансалары бар абоненттермен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Оларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін нақты талаптар қойылуда.
– Түсінікті. Енді бір мәселе – жарық өшкендіктен, оның себебін білу немесе ақпарат алу үшін диспетчердің жауап бермеуі. Осыған да халық көп наразылығын білдіріп жатады. Оны қалай түсіндіріп кетесіз?
– Біздің мекемедегі кезекшілікте тек бір ғана диспетчер болады. Ал дәл осындай апатты жағдайда ол бәріне физикалық тұрғыда жауап беріп үлгермейді. Оның негізгі жұмысы – халықтың қоңырауына жауап беру болса, енді бір міндеті – апаттың қайда орын алғанын анықтап, бригаданы сол жаққа жіберу. Қазіргі таңда диспетчерлік қызметтің жүйесін өзгертіп жатырмыз. Енді қосымша аға диспетчер және үш инженер жұмыс істейтін болады. Олардың басты міндеті – жарықтың өшу себебін халыққа түсіндіріп, нақты ақпарат беру. Қазір осы бағытта жұмысты жетілдіріп жатқан жайымыз бар. Диспетчерлерге қоңырау шалу үшін 8-72771-2-66-51, 8-72771-2-69-47 және 8-727-300-67-80 нөмірлеріне хабарласуға болады.
– Айдар Амантайұлы, ауданда шалғай орналасқан Береке, Елтай сияқты елді мекендерде ірі кәсіпорындар бар. Осындай алып компанияларға және мұндағы тұрғындарда электр энергияның жетіспеушілігі байқалып жатады. Біздің білуімізше, осы мәселені шешу үшін қуаты күшті «Көкөзек» қосалқы стансасы салынып жатыр. Бұл ірі жобаның аяқталу уақыты жақындады ма?
– Әрине, өте дұрыс айтасыз. «Көкөзек» қосалқы стансасын салу бойынша құрылыс барысы ойдағыдай жүріп жатыр. Бүгінгі таңда оған жауапты мердігер мекеме тиісті жұмыстарын атқаруда. Жоспарға сәйкес алдағы 1-2 айдың көлемінде аталған қосалқы стансаны іске қосамыз деген үміттеміз.
– Ауданда тағы бір басты мәселе ретінде бағаналардың ескіруін немесе олардың ретсіз орналасуын айтуға болады. Осыған қатысты не айтар едіңіз? Алдағы уақытта бағаналар жаңартылуы мүмкін бе?
– Осы жылы тиісті қаражат қарастырылып, Іргелі, Көкөзек, Береке, Жібек жолы, Қайнар, Бекболат, Ұлан, Алмалыбақ сияқты ауылдарда, жалпы алғанда 129 км-ге электр энергиясын тасымалдаушы 0,4 кВт әуе желілері бойынша бағаналар орнату жоспарда бар. Алдағы уақытта бөлінген бюджеттің көлеміне осындай жұмыстар қосымша атқарылады.
– Жаңа құрылыстағы трансформаторлық қосалқы стансалардың көбі өзіңіз жоғарыда айтып кеткендей жекенің қолында. Мұндағы халық жоғары тарифпен төлейтіні белгілі. Осы құрылғылар Қарасай аудандық электр желісі торабының балансында болу үшін қандай талаптар бар?
– Трансформаторлық қосалқы стансаны «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның Қарасай аудандық электр желісі торабының балансына қабылдау туралы мәселенің жұмысы белгілі тәртіппен жүзеге асады. Алдымен құрылғыны өткізу жөнінде оның иесі болып табылатын жауапты тұлға Алматы қаласы, Манас көшесі, 24 «б» мекенжайында орналасқан «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на хат жазуы тиіс. Кейін одан техникалық паспорт, мемлекеттік акт сияқты құжаттар талап етіледі. Егер мемлекеттік акт болмаса, трансформаторлық қосалқы станцияға жер учаскесін бөле отырып, мемлекеттік акт жасалады. Екіншіден6 берілетін электр жабдығының техникалық жай-күйі аудандық электр желісі торабымен бірлесіп тексеру актісі және оның техникалық жағынан дұрыстығы айқындалады. Тәуелсіз бағалаушы жасаған электр жабдықтарының құны есептеледі. Одан кейін мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитетінің немесе жергілікті атқарушы органның «АЖК» АҚ меншігіне берілетін электр жабдықтарында меншіктің мемлекеттік үлесі жоқ екендігі туралы анықтамасы талап етіледі. Ал, «Алатау Жарық Компаниясында» белгіленген рәсімдерге сәйкес электр жабдықтары орналасқан жер учаскелеріне құқықтарды өз есебінен қайта рәсімдеу жүргізіледі.
Жергілікті әкімдіктің балансына беру туралы мәселеге тоқталатын болсақ, егер әкімдік қабылдау тапсыру актісі бойынша қабылдаса, онда жер учаскесін бөлумен мемлекеттік акт жасау қажет. Содан кейін әкімдік бұдан әрі жол картасы бойынша «АЖК» АҚ балансына беруі тиіс.
– Айдар Амантайұлы, негізгі сұрақтарға жауап ала білдік. Сізге көп рақмет. Алда қандай жоспар бар?
– Басты жұмысымыз желілерді қайта қарау, оларды жаңғырту, электр жүйесін жақсарту болып табылады. Сонымен қатар, апатты жағдайларды болдырмау, олардың алдын алу. Ең бастысы – 35кВт желісін мүмкіндігінше азайту. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылады. Мақсатымыз – халықты жарықсыз қалдырмай, барынша электроэнергиясымен қамтамасыз ету. Сөз соңында айта кетерім, алдағы уақытта бізде жоспарға сәйкес уақытша электр энергиясын ажырату орын алады. Оған басты себеп – жылу беру маусымына дайындалу. Сондықтан ағымдағы жөндеу, желілерге кедергі жасайтын ағаштарды кесу, электр сымдарын ауыстыру сияқты жұмыстар жүргізіледі. Мұның бәрі апатты жағдайды болдырмау мақсатында іске асырылады. Егер электр энергиясын алдын ала өшіретін болсақ, жергілікті әкімдікке міндетті түрде бір күн бұрын хабарлаймыз. Жалпы айтқанда тұрғындарды жарықсыз қалдырмау үшін тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Әр отбасының үйі жарық болсын.
– Әңгімеңізге рақмет. Қызметіңізге сәттілік тілеймін!
Сұқбаттасқан Дидар МӘЛІКҰЛЫ.