Үш аусымдық – бүгінде Алматы облысындағы барлық дерлік аудандарды мазалаған мәселе. Жылда жаңа мектептер салынып, қолданысқа беріліп жатқанымен халық санының өсуіне байланысты білім ордаларында орын жетіспеушіліктер азаяр емес. Өңірдегі осы мәселені шешу мақсатында былтыр 710 орындық 4 мектеп салынып, қолданысқа берілген еді. Ал биыл 16 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның тоғызы 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Соның бірі – Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласындағы №6 мектеп-лицейі.
Аудан тұрғындарын қуантып, пайдалануға берілген 1 500 орындық жаңа мектеп бұған дейін үш ауысымда жұмыс істеп келген Терешкова, Тоқатаев, №1 Рахат орта мектептерінің проблемасын шешіп отыр. Құрылыс жұмыстарын «BI Global» серіктестігі жүргізген. Ғимаратты салуға 5 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Білім ошағының ашылуына Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов қатысып, жаңа ғимаратты аралап, ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сондай-ақ облысы әкімінің орынбасары облыста алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланғанын, сондай-ақ өңірде жеке инвестордың есебінен 1 800 орындық 2 мектеп салынып жатқанын айтып өтті.
Жаңадан салынған мектеп-лицей оқушыларды тек қазақ тілінде оқытады. Білім ордасы соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған 84 кабинеттен тұрады. Бес зертханалық (физика, биология, химия), екі информатика, екі мультимедиялық, жеті ағылшын, бір тігін, төрт шеберхана, екі АӘД кабинеттері бар. Сондай-ақ лицейде кітапхана, екі спорт залы, оның бірі 310 орындық жылжымалы электр платформасы бар акт залымен біріктірілген, екі киім ілетін бөлме және үш жүзге жуық бала бір мезгілде тамақтанатын асхана бар. Нысан үш қабаттан және үш блоктан тұрады. Оқу ғимаратында талапқа сай шағын футбол, баскетбол алаңы мен жүгіру жолы салынған.
– Жаңа мектепке лицей талабына сай келетін жоғары санаттағы мұғалімдерді арнайы конкурс арқылы қабылдап жатырмыз. Бүгінде конкурстан өткен 78 мұғалім қызметке кірісті. Білікті мамандарды оқу ісіне тарту үшін конкурс әлі жалғасын табады. Алда лицей сыныптарына емтихан арқылы үздік оқушылар қабылданатын болады, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Өз тілшіміз.
Еңбекшіқазақ ауданы.