Көрген жерде жылы қабақ танытып: «Сәлеметсіз бе! Қалыңыз қалай?» деп қазақша амандық-саулық сұрасатын осы бір мейірімді жанды менің білетініме жиырма жылдай болыпты. Әлі сол қалпы дегіміз келгенмен, уақыт атты құдіреттің дегеніне пенденің көнбеске амалы қайсы. Апамыз бүгінде сексен жастың сеңгірінен асты. Бірақ соның өзінде жұмысын қойған жоқ. Ауданда өтетін іс-шара, жиындардан қалмайды. Қызметі – «Әйелдерді қолдау орталығы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі.
Ұзынағаш ауылының тұрғыны Галина Георгиевнаның ұлты – орыс. Ол Ресейден Ұзынағашқа сүйіктісі Советханның артынан ілесіп келіпті. Өзінің бойындағы адамгершілігі мен жан баласына деген құрметінің арқасында қазақ отбасына судай сіңіп, тастай батты. Келін болып түскен шаңырақтың табалдырығын аттаған қадамы құтты болды, ізетті келін, сүйікті жар, мейірімді ана бола білді.
Көрші елдің Омбы облысының Калачинск қаласында туған қыз жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан. Ес білмей жатып әкесі майданда қаза тапты. Ал шешесі Елена Даниловна ұзаққа созылған науқастан қайтыс болып, 17 жасында тұл жетім қалыпты. Галина анасы жұмыс істеген аудандық тұтынушылар одағында бухгалтердің оқушысы болып 16 жасынан еңбекке араласқан. Кешкі мектепте оқиды, одан кейін сауда-кооперация техникумында білім алды. Қазақстанға оны қазақ жігітіне деген мөлдір махаббаты алып келді.
– Бірде туған қалам Калачинсктің көпірімен келе жатқанымда жанымнан жауынгерлер отырған әскери көліктер легі өтті, – деп еске алады алғашқы таныстығын ол. – Мені көрген сәтте Советхан көліктен секіріп түсіп, көз жазып қалмас үшін артымнан жүгіріп келіпті. Алғашқы жүздесуіміз ойламаған жерден осылай болды. Бір көргеннен махаббат оты тұтанып, бір-бірімізді ұнаттық. 1977 жылы оның туған жері – Ұзынағашқа көшіп келдік. Күйеуім Советхан 1999 жылы қайтыс болды. Мен болсам балаларым мен немерелерімнің ортасында, тағдырым жолықтырған жүрегіме жақын адамдардың жанында тіршілік керуеніне ілесіп жүріп жатқан жайым бар. Сейілхан есімді атамды, енем Зейнетай апамды сағына еске аламын. Олар мені өз қызындай көріп, бауырына басқан болатын, – дейді Галина Әлжанова.
Жамбыл ауданында ол қоғам белсендісі және партияға шын берілген адам ретінде көпшілікке танымал. Әр жылдары аудандық әкімшілікте, ҚР Ұлттық банктің осындағы мемлекеттік құндылықтарды сақтау орнында жұмыс істеген. Еліміздегі жетекші партия филиалының саяси кеңесінің мүшесі, қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі болды. 1999 жылдың қазан айынан бері «Жамбыл аудандық әйелдерді қолдау орталығы» атты қоғамдық бірлестікті басқарды. Аталған үкіметтік емес ұйымды құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін аудан әкімдігінің қолдауымен ашқан. Мұны өзі былайша тарқатты:
– Зейнеткерлікке шыққан соң үйде қол қусырып қарап отыра алмадым. Белсенді жұмыстан кейін төрт қабырғаға қамалу қиын екен. Шыдамым таусылған соң сол кездегі аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Айжәмилә Аралбаева мен аудандық мәслихаттың хатшысы Динар Нүкетаеваға барып, «Маған жұмыс беріңіздерші» деп өтіндім. Жөн-жосығын көрсетіп, ортақ күш біріктірудің нәтижесінде осы орталықты ашу идеясын жүзеге асырдық. Аудандық білім бөлімі жұмыс бөлмесін ұсынды. Сонда сенім телефонын орнатып, жұмысымызды қыздырдық. Көп нәрсені оқып-үйренуге тура келді. Талай семинар, тренинг өткіздік, – дейді.
Ол басқаратын ұйымға 2004 жылы Алматы қаласындағы «Мөлдір» Әйелдер ассоциациясының өкілдері келіп, жобалардың біріне қатысуды ұсынады. Бұл өзіне-өзі көмек топтарын қалыптастыру жұмысының басы болды. Жыл бойы «Мөлдір» Әйелдер ассоциациясының тренерлері ауыл әйелдерін оқытып үйретті. Аудан әйелдерін қолдау орталығы 2005 жылдың өзінде-ақ халықаралық грантты ұтып алып, Германиядан келген ұйыммен бірлесе «Жамбыл ауданының ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту» атты жобаны іске асыра бастайды. Жоба екі, яғни 2005-2007 жылдарға есептелген болатын. 2009 жылы бұлар сол шетелдік ұйымның тағы бір халықаралық грантын ұтып алып, енді басқа бір жоба – «Жамбыл ауданында өзіне-өзі көмек топтарын қалыптастыру және дамыту» жобасын іске асыруды қолға алған. Ол жоба 2009-2011 жылдарға арналған. Аясында көптеген жұмыстарды орындайды.
Содан бергі жылдарда ауданның түрлі ауылдарында 30 өзіне-өзі көмек тобы құрылды, мұның өзі сол жобалардың нәтижесі. Мұндай топтар ауданның 14 ауылында жұмыс істейді. Атап айтқанда Ұзынағаш, Қайназар, Қарасау, Еңбекшіарал, Талап, Ақсеңгір, Таран, Үмбетәлі, Ынтымақ және басқа елді мекендерде. Әрбір топ 8-14 адамнан тұрады. Олардың жұмыс бағыттары әртүрлі. Ұлттық киімдер мен тұрмыста қолданатын бұйымдар, төсек жаймалары мен жапқыштарын, балалардың іш киімдерін, матрац тігу, үй жиһаздарын жасау, жүннен дайындалатын бұйымдар, бас киімдер мен аяқ киімдер тігумен айналысады. Осындай жұмыстарда Қамар мен Айгүл Әшімовалар, Шолпан Сәдуақасова, Роза Мұсаева, Бибіжан Жігітекова сияқты ісмер жандар белсенділік танытты. Сонымен қатар бұл істе Қазақстанға Моңғолия, Қытай, Өзбекстаннан қоныс аударып келген қандастар да өздерін еңбекқорлықпен көрсете білді.
Галина Әлжанова ауданның, облыстың қоғамдық-саяси өміріне әлі де белсенді араласып келеді. Өзі айналысатын саланың жұмысына байланысты көптеген форум, фестивальдерге ауданнан делегат болып қатысқан. Еңбегі лайықты ескеріліп, аудан, облыс, республика деңгейінде Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен, тіпті Мемлекет басшысының Алғысымен марапатталды. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атанды. Елена, Гүлнара және Руслан есімді үш баласынан бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Қыздары ұстаздық жолды таңдаса, ал ұлы Руслан анасының қасында, үкіметтік емес ұйымның қызметін ұйымдастыруда өзіне сенімді көмекші болуда.
– Мен өзімді осындай тамаша елде, Қазақстанда тұрғаным үшін шексіз бақыттымын деп есептеймін. Жамбыл ауданы, оның ішінде Ұзынағаш ауылы мен үшін аса қымбат мекен. Осында отбасын құрдым, жар құшып, бала сүйдім, өніп-өстім, қызметке араластым, жаныма жақын дос-құрбы таптым. Ешкімді жатсынбайтын адамдары қандай жақсы! Қарапайым да мейірімді, еңбекқор, қонақжай. Тілерім – елімізде, бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісім, ал әрбір отбасында бақыт пен шаттық салтанат құрса екен, – дейді қазақтың келіні, қазақтың анасы Галина апа.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.