Биыл Ұйғыр ауданының біраз ауылында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Экономиканың басты күретамыры саналатын жолды жөндеу – халық игілігі үшін жасалатын басты жұмыс. Ағымдағы жылы Ұйғыр ауданының көшелерін жөндеуге 1 млрд 146,9 млн.теңге қаржы қарастырылған екен. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 722,8 млн теңге, облыстық трансферттер есебінен 50,0 млн теңге, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасынан 525,5 млн.теңге бөлінген.
Аудандағы бірлігі бекем, тірлігі тұщымды ауылдардың бірі де бірегейі – Шарын ауылы. Шарындықтардың еңбекқорлығы да ерекше. Бұл ауылдың халқы жаз жүгерісін қамдап, қыс малын бордақылап, тыным таппайды. Ауылшаруашылығы техникасының да түр-түрі осы ауылда бар. Алты мыңнан астам тұрғыны бар ауылда бес мың гектар астам жерге жүгері мен жоңышқа егіледі. Мұнда игерілмеген жер атымен жоқ. Осындай береке тасыған ауылда жол мәселесі біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан болатын. Енді бұл олқылықтың да орны толды. Елдің тілегі естіліп, өткен жылы Шарын ауылындағы көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінген. Мердігер деп танылған «Прогрес»ЖШС-мен 601,5 млн.теңгеге көп жылдық келісімшарт жасалып, өткен жылы 200 млн, 2023 жылға 205 млн теңгесі қарастырылған. Ауылдағы барлығы 24 көшенің он екісіне, яғни 13 шақырым жолдың орташа жөндеуіне бөлінген 601,5 млн теңгенің 80 пайызы игеріліп, жұмыстар жасалды.
Бірақ «Прогрес» ЖШС-ның жұмысына тапсырыс беруші де, халық та мін таға алмады. Бастапқы кезден ауылдағы ақсақалдар, жігіт басылары, жастар, мәслихат депутаттары тік тұрып қадағалап, жолдың сапалы жасалуына өз үлестерін қосты. Жауапкершілігі мол мердігерге ауыл қарттары алғысын айтып, баталарын да берді. Аудандық мәслихаттың депутаты Мұхтар Мұсаевтың айтуынша, «Шарын ауылындағы жол жөндеу жұмыстары жоғары сапада жасалды.
– Ауылдығы ағайын мердігердің әр жұмысын бақылап отырды. Нәтижесінде елдің бірлігінің арқасында ауыл ішіндегі көшелеріміз жарқырап шыға келді. Жасалған көшелерге жетпістен аса жол белгілері қойылды», — деп ризашылығын білдірді ол.
Дәл осындай жөндеу жұмыстары ауданымыздың Кіші Дихан, Қырғызсай, Бахар, Дардамты, Тасқарсу, Шонжы ауылдарында да жүргізілуде.
«Жол азабын жүрген білер» дейді аталарымыз. Расымен, әлеуметтік жағдайымыз жақсарып, табысымыз қанша артса да жолымыз жасалмай, ойқы-шойқы болып жатса, көрер азабымыз да көп. Ал шарындық ағайындар енді сол азаптан құтылып, тақтайдай түзу асфальт жолда жүрмек. Бұл да болса мемлекетіміздің ауыл үшін жасалған қамқорлығы екені айдан анық.
Өз тілшіміз.
Ұйғыр ауданы.