Халықты, оның ішінде, әсіресе, жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және жұмыспен қамту мәселелерін шешу бойынша ауданымызда ай сайын жұмыспен қамту органдары жұмыс берушілердің, жастар ресурстық орталығының, аудандық пробация қызметі өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады.
Өткен аптада аудандық мансап орталығының ұйымдастыруымен Шамалған ауылдық округіндегі Мәдениет үйінде кезекті босы жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Ауданымыздағы «Маолин», «Алсад Казакстан», «ID Senim R», «RG Brands Kazakhstan» ЖШС сияқты 20 ірі кәсіпорын мен жеке шаруашылық серіктестіктері қатысқан жәрмеңкеде 100-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Аталған шараға барлығы 150-ге жуық жұмыссыз азамат, оның ішінде 80 – жұмыссыз азамат, 20 – пробация есебінде тұрған азаматтар, 30 – жастар санатындағы азамат, 10 – алимент төлеуші және 10 – мүгедектігі бар азамат бар.
Жұмыс іздеушілер компаниялар тарапынан ұсынылған вакансиялар жайлы толықтай ақпарат алып қана қоймай, сондай-ақ, оның өкілдерімен бетпе-бет сөйлесіп жұмыс барысымен таныса алды. Сонымен қатар шараға қатысқан жастар орталықтан келген мамандардан шағын несие беру бойынша, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өту туралы мағлұматтар алды.
Бұған қоса осы күні жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл, М.Жұмабаев, Мамлют аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары да арнайы келген еді. Олар тұрғындарға солтүстік өңірде жұмыс істегісі келетіндерге жалпы барлық сала бойынша орындар бар екенін түсіндіріп, бастапқы уақытта үй алуға қолдау көрсетілетіндігін, ақшалай көмек берілетіндігі оған қоса қандай жеңілдіктер жасалатындығы жайлы толық ақпарат берді.
Шара соңында 150 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасуға ниетті екендігін айтып, 30 жолдама алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.