Қыстың қамын жазда ойлағандар жер қара, күн жылыда отын-суларын қамдап, от жағатын пештерінің арналарын, мұржаларын тазалап, жылыту маусымына дайындала бастайды. Бұл, әсіресе, жеке тұрғын үй секторларында тұратындар үшін аса жауапты кезең. Алайда көп жағдайда үйлерін пешпен жылытатын адамдар қауіпсіздік шараларын сақтауды ұмытып кетіп жатады. Оның салдары түрлі бақытсыз жағдайларға әкеледі. Осыған орай дүйсенбі күні аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Әйтей ауылдық округі әкімдігінің өкілімен бірге үйлерді аралап, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Нақтырақ айтқанда, мамандар Үштерек, Арай және Еңбекші ауылдарындағы әлеуметтік аз қамтылған және көп балалалы отбасылармен жолығып, пеш және электр жабдықтарын пайдаланудың қарапайым ережелерін түсіндірді. Яғни, жеке тұрғын үйлерде тұратын адамдардың үйлерімен қора-қопсысы өте жақын болғандықтан, мұржадан шыққан ұшқынның қора төбесіне жиналған шөпке түсуінен, ескі үйлердегі электр сымдарының тұйықталуынан, пеш мұржасының тазартылмауынан елімізде күн сайын әртүрлі оқыс оқиғалар болатындығын айтып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Сондай-ақ төтенше жағдай бөлімінің өкілдері ата-аналарға балаларына жиі отпен ойнаудың қандай қаупі бар екенін және бүлдіршіндерге пешті жағуға болмайтындығын түсіндіріп отыруды сұрады. Мамандар осындай ақпараттық түсіндіру жұмыстан бөлек алдағы уақытта оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында аралаған үйлерге арнайы улы газ иісін сезетін дабыл қондырғыларын орнатты.
Аудандық төтенше жағдай бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Нұрсұлтан Сабировтың айтуынша, жоспар бойынша жылыту маусымы аяқталғанға дейін осындай 150 қондырғы орнатылмақ.
– Кейбір жағдайларда адамдар түтіннің иісін сезбеуі мүмкін. Осындай кездері дабыл қондырғылары түтін шыққан уақытта бірден хабардар етіп, өртті өршітпей, ерте сөндіруге мүмкіндік береді. Өрт ошағын ерте анықтау жұрттың мүлкін, бірінші кезекте адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі. Биылғы от жағу маусымындағы орын алатын ыстан улануды азайту мақсатында ауданымыз бойынша 150 дабыл қондырғылары сатып алынды. Келесі жылы оның санын арттыру жоспарда бар, – дейді аудандық төтенше жағдай бөлімінің аға инженері.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.