Қашан көрсеңде табиғаты жайнап тұратын Шарын шатқалы туристерді таң қалдырудан әсте танбайды. Туған өлкеміздің теңдесі жоқ тамаша табиғатын көруге, қызықтауға, тамсануға, тамашалауға, сол арқылы бір демалып, бір жасап қайтуға болатын ғажайып өңірлеріміз туралы сыр шерткеннің артықтығы жоқ деп білем. Кезінде батыр бабаларымыз найзасының ұшымен, білегінің күшімен қорғап, ұрпақтарына аманаттап кеткен қастерлі де қасиетті топырағымыздың құндылықтарына тоқталып өткеннің орны бөлек.
Жер жаннаты Жетісудың кереметтерінің бірі – әйгілі Шарын шатқалы. Алыс-жақын шетелден, республикамыздан келетін туристер мен қонақтарды көрген сайын қайта көруге ынтықтыра түсетін шатқал Алматы қаласынан 195 шақырым жерде орналасқан. Шарын шатқалының мүмкіндігі зор, әлеуетті мол. Айта кетейік, облысымыздың Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Кеген аудандарының қиылысатын ортасындағы орасан зор шатқалдың жалпы көлемі 154 шақырымға созылып жатыр. Шын мәнінде, бас жағы Тянь-Шань тауының сілемдерінен, Шәлкөде, Қарасу, Қарқара, Шырғанақ, Кеген, Кеңсу секілді үлкенді-кішілі тау өзендерінен құралатын арынды Шарын өзені соңында Ілеге барып құйып жатады. Шарын шатқалының бас жағынан ғасырдың құрылысы атанған Мойнақ су электр стансасы орнағалы да жылдар жылжып барады. Мойнақ СЭС-нің негізінде Шарын өзеніне бөгет орнатылып, жап-жақсы көл пайда болды. Аталған СЭС еліміздің энергия көзін молайтуға өзіндік үлесін қосып келеді.
Шарын шатқалын көргенде арманда, көрмегенде арманда. Шамамен 12 миллион жылға жуықтаған шөгінді тау жыныстарынан, белдеулер мен жартастардан қалыптасқан, табиғаттың өз қолымен жасағандай ертегілер қалашығын, түрлі-түрлі жан-жануарларға ұқсайтын ескерткіштер әлемін көз алдыға әкеледі. Расында, табиғат қолымен жасаған кескіндер галереясы. Шарын өзенінің аңғарынан бастау алған таңғажайып жарқабақтар дүниесі. «Қызғылт қамалдар» аңғары таңданарлық, тамсандырарлық, таңдай қақтырарлық. Табиғаттың қайталана бермес осындай ғажайып көрінісі Шарын шатқалынан бөлек АҚШ-тың Колороадо штатында кездеседі. Дәлірек айтсақ, сан ғасыр арынды өзеннің су мен ақ жаңбырлардың әсерінен ойдым-ойдым қызғылт түсті шатқалдар пайда болған. Шарын шатқалындағы «Кіші каньон» Кеген ауданының аумағында, «Үлкен каньон» Ұйғыр ауданының аумағында жатыр. Бейнелеуге, жазуға қаламның қарымы, шебер тілдің өзі жете бермейтін Шарын шатқалының атырабы мемлекетіміздің қорғауына алынған. 2004 жылдың 23 сәуірінен бастап «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылып, осы өңірдегі сирек кездесетін жан-жануарларды, құстарды, өсімдіктерді қорғап, сырттан келуші туристер мен қонақтардың мәнді де мағыналы демалуына негіз қалап келеді. Олардың жұмыстарында аталған өңірді өрттен қорғау да маңызды орын алады. Елнұр Ахметов басқаратын «Шарын» МҰТП-нің қарамағында 93,2 мың гектар жер бар. Оның ішінде 9879 гектары қорықтық аймақ болып саналады.
Табиғи парктің инспекторлары Несіпбай Ақылбаев пен Ермек Өмішевтің (суретте) айтуынша, жаз маусымында «Кіші Шарын каньоны» деп аталатын өңірге де арнайы ат басын бұрып, саяхаттап, демалып қайтатындар жетіп-артылады екен. Кеген ауданына қарасты Ақсай өңіріндегі қара жол арқылы шатқалдың тура үстінен жалпы көрінісін тамашалауға болады. Сан ғасыр, сан жылдардың куәсіндей шөгінді жыныс белдеулерінен, сан түрлі көрініс, келбетке ие жартастардан құралған аңғар арқылы Шарын өзенінің жағасына дейін созылып жатыр. Алыс-жақын шетелден келетін туристерді қызықтырып келе жатқан Шарын шатқалында «Қызыл кітапқа» енген 17 түрлі өсімдік кездеседі. Жер шарында сирек кездесетін, мұздану кезеңінен өткен Ерен (Ясень) ағаштары бар.
– Шарын өңірінде көбінесе тауешкі мен қарақұйрықтар көп мекендейді. Одан бөлек жабайы шошқа, сілеусін, тассусар, түлкі, қасқыр, қоян ұшырасады. Құстардан бүркіт, ителгі, қырғауыл, қаршыға, тазқара, кекілік, ақ бас тырна, бұлдырық өмір сүреді. Бүркіттер тастардың биігіне ұясын салады. Балапанын шығарады. Бүркіт пен Бұлдырық «Қызыл кітапқа» енгізілген, – дейді І дәрежелі инспектор Несіпбай Ақылбаев.
Жалпы, Шарын шатқалында 62 сүт қоректі жануар, 103 ұялайтын құс, 62 бауырымен жорғалаушы мекендейді. Олардың дені – «Қызыл кітақа» енген жан-жануарлар. Шатқалдағы ашық-қызғылт түсті жарқабақтардың, каньон құздардың биіктігі 150-300 метрге дейін жетеді.
Несіпбай Ақылбаевтың «Шарын» МҰТП-інде инспектор болып жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асыпты. Ермек Өмішевтің іске араласқанына 6 жыл болған. Екеуі де Шарын шатқалына тиіп тұрған Ақсай ауылында тұрады. Шарын шатқалының Кеген ауданына қарасты 17-18 айналымдағы 9 мың гектардан аса жерге қарайды. Арнайы көлікпен, киіммен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.
– Жаз маусымында демалушылар, саяхаттап қайтушылар үзілмейді. Соларға барлық жағдайды түсіндіреміз. Әсіресе, өрт қауіпсіздігін сақтауды талап етеміз. Шарын шатқалына шетел туристері, өзге ұлттың өкілдері көп келіп жатады. Олар шатқалды асықпай аралап, өзеннің жағасында демалып, қайтады. Жалпы, қонақтардың өңірдің табиғи болмыс-бітіміне, жарқабақтарға, «Қызғылт қамалдар» аңғарына деген әсерлері бөлек, – дейді инспектор Несіпбай Ақылбаев.
Шарын шатқалына 2021 жылы жалпы 20641 адам келіп, саяхаттап қайтыпты. Оның ішінде 8397 адам алыс-жақын шетелдерден келген туристер. Ал 2022 жылы шатқалға 22105 адам келіп демалыпты. Аласа асуы басталатын тұстан Шарын шатқалына дейінгі 10 шақырым жол жасалып, асфальтталып қойылған. Өңірге барып-қайтудың ешқандай машақаты жоқ. Бүгінде Шарынға демала келген қонақтарға бар жағдай жасалып, заманауи мейрамхана ашылған. Онда арнайы қазақ халқының ұлтық тағамдары ұсынылады.Қандай тамаша! Шарын шатқалына келушілердің қатары көбейе түспесе, азаймақ емес. Бұл да болса Тәуелсіз Отанымыздың қастерлі де қасиетті тамаша жерлерінің әсері, жақсылығы, шапағаты. Сол үшін де туған өлкемізбен мақтанамыз.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
КЕГЕН АУДАНЫ.