Аптаның сәрсенбісі күні ауданымызға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Рожин келді. Халық қалаулысы аудан тұрғындарымен кездесіп, өнірімізде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстармен танысты.
Максим Николаевичтің жұмыс сапары «AMANAT» партиясының ауданымыздағы филиалында өткен қоғамдық қабылдаудан басталды. Оның барысында тұрғындар тарапынан су мен газдың дұрыс берілмеуі, осы бағытта қызмет көрсететін жекеменшік компаниялардың сапасыз қызмет көрсетуі, тарифтің қымбаттылығы, сонымен қатар көп көшеде асфальттың жоқтығы жайлы шағымдар айтылды. Қарасайлықтардың өтініштерін естіп, оларды өзіне түртіп алған депутат ешқайсысы да назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Келесі кезекте халық қалаулысы жоспар бойынша ауданымыздағы Қаскелең топтық су құбырына барып, оның жұмысымен танысты. Сүзу бөлімінің бастығы Жандәулет Омардың айтуынша, аталмыш жобаның арқасында алдағы уақытта ауданымызға қарасты 18 елді мекенді толықтай сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бүгінде жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Енді бюджеттен тағы қаражат бөлінсе екінші мен үшінші кезеңін іске асыру жұмыстары басталады. Су топтамасымен толықтай танысқан депутат жобаның халық үшін пайдасы мол екенін айтып, жергілікті әкімдік өкілдеріне оның тезірек іске асыруға ықпалдасуын сұрады.
Мұнан кейін Максим Рожин Қаскелең қаласының № 5 өрт сөндіру бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысып, өрт сөнді-рушілердің төтенше жағдайларға деген дайындығын көрді.
Іс-сапарының соңында Мәжіліс депутаты аудан орталығында орналасқан «Қарлығаш» ықшам ауданында салынып жатқан 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс барысымен танысып қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.