Жуырда, қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл толмақ. Тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ, мынау өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты. Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты. Содан бергі өткен мерзім ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Осы жылдар ішінде қала халқының саны үш есе артып, 298 мың адамнан 1 миллион адамға жетті. Қала халқының табиғи өсімі 5,5 есе артып, әрбір мың адамға шаққанда 4,8-ден 26,4-ке дейін өсті. Жалпы өңірлік өнімі 190 есеге өсіп, мемлекеттік бюджет түсімі 80 есеге артты. Белгілі болғандай, осы уақыт аралығында Астанада 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени әрі қоғамдық маңызы бар нысандар бой көтерген. Мұндай үдеріс 2018 жылы да жалғасын табуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз» деп атап көрсетті. Осыған байланысты, қазір Астананың 20 жылдығын мерекелеуге дайындық қызу жүргізілуде. Бүгінде іс-шаралар бағдарламасы қалыптасып, комиссия жұмыс істеуде, әрі тұрақты штаб құрылып, өз қызметін атқаруда.
Сондай-ақ, Алматы және 14 облыс тарапынан «Аймақтардан Астанаға тарту» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында жаңа 10 әлеуметтік нысан елордамызда салынуда. Атап айтқанда, Ақтөбе облысы «Бейбітшілік қақпасы» композициясын, Алматы қаласы 240 орындық балабақша, Алматы облысы «Арай» саябағы базасында спорттық-сауықтыру қалалық кешенін, ал Атырау облысы Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысын жүргізуде. Шығыс Қазақстан облысы биыл шілде айында ашылатын Ботаникалық саябаққа жарық-музыкалық субұрқақ, Қызылорда облысы «Космос» тақырыбына ашық алаңы бар гүлзар мен экспозиция тартуды жөн санаған. Сонымен қатар, бас қаламызда «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі мен жаяу жүргіншілер бульвары пайда болады. Бұл – Астанаға Қарағанды облысының дайындап отырған сыйы. Батыс Қазақстан облысы Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында гүлзар салмақ, ал Маңғыстау облысы «Достық үйін» қайта жөндеу құрылыстарын жүргізуде, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан , Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай , Ақмола және Жамбыл облыстары есебінен қалалық саябақтан бастап Ильинка кентіне дейін қашықтығы 56 шақырым веложол салынуда. Ал, ең ерекше тарту Ақтөбе облысынан. Тәуелсіздік сарайы мен «Шабыт» қазақ ұлттық университеті ортасынан – «Әлем қабырғасы» монументін тұрғызуда.
* * *
Айта кетсек, Алматы облысының тағы бір тартуы бар. Яғни, ол Алматы облысының ішкі саясат басқармасы, Өңірлік коммуникациялар қызметі мен «Жетісу» телеарнасының ұйымдастыруымен «Жетісудан шыққан астаналық 10 тұлға» тақырыбында түсірілген бейнефильммен жалғасын таппақ. Жалпы жоба бойынша әртүрлі салада қызмет істеп жатқан 10 тұлға таңдалып алынып, әр адамға 6-7 минуттық бейнероликтер әзірленді. «Шағын фильмнің ерекшелігі 1997-1998 жылдар аралығында Жетісу жерінен елордамызға көшіп келген тұлғалардың өзінің алғаш келгендегі әсерлері, өсуі мен өркендеуі, мерекеге орай құттықтаулары айтылып, бүгінгі мен кешегі Астананы салыстырмалы түрде көрсеттік»,- дейді жоба авторы Рүстем Қанапиянов. Сонымен қатар, жақын арада бейнероликтер облыстық «Жетісу» телеарнасынан, әлеуметтік желілер мен «Youtube» интернет каналында жарыққа шығады.
Сондай-ақ, мұнан өзге Астананың 20 жылдық мерейтойында елордада 645-тен астам мәдени-бұқаралық шара өткізу жоспарланып отыр.
Интернет желісінен шолу жасаған Бұрым ОРЫНБАСАР.