Шілде айының алғашқы жексенбісі – Домбыра күніне орай, аудандық Мәдениет үйінің алаңында «Dombyra party» ұйымдастырылды.
«Күмбірле, қоңыр домбыра!» деп аталған мерекелік кеште аудан тұрғындары үшін концерттік бағдарлама қойылды. Іс-шара барысында домбыраның тарихы айтылып, түрлі викториналық сұрақтар қойылды. Сауалдарға жауап бергендер сый-сияпаттарға ие болды.
Мәдениет үйінің алаңында өткен «Үшқоңыр» этно-фольклорлы ансамблі Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев сынды атақты тұлғалардың туындыларын және басқа да танымал күйлерді орындап, көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Сонымен қатар, әлемнің үздік музыкалық шығармалары да домбыра арқылы орындалды.
«Dombyra party» шарасына жиналған көпшілік мұндай бастаманы ыстық ықыласпен қабыл алды. Өнерпаздардың шеберліктеріне тәнті болып, шынайы алғыстарын қошеметпен білдіріп жатты.
Өз тілшіміз.