Ұлт пен ұлыстың рухани келісімін, ту еткен татулығын нығайтып отырған біздің еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған рөлі ерекше. Ел тәуелсіздігіміздің ынтымақта үйлесуі, өзара тіл табысып, бір шаңырақта ғұмыр кешуі де осы құрылымның арқасында деуге болады.
Әрине, көптің ойында «осы Ассамблеяның қажеті жоқ» деген пікір қалыптасып, ел арасында екіұшты ойлар тарап жүргені жасырын емес. Десе де, Ассамблея мемлекеттіліктің іргесін бекітіп отырған институт екенін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында айтқан болатын. Мемлекет басшысы бұл жиында басқа да мәселелер төңірегінде сөз қозғап, елдің бірлігі әрдайым биік тұру керектігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ассамблея сессиясында айтқан басқа да мақсат-міндеттерді облыс көлемінде түсіндіру үшін таяуда біздің ауданымызға Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Жандар Асан арнайы келді. Қарасай ауданының ардагерлер ұйымының және аналар алқасының өкілдерімен, ҚХА жанындағы этно-мәдени ұйымдардың жетекшілерімен кездесіп, өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын жан-жақты түсіндіру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Құрметті қонақ қатысқан бұл жиынды алдымен Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Дидар Өтемісов ашып, аудандағы қоғамдық құрылымдардың рөліне тоқталып, қысқаша ақпаратымен бөлісті. Одан кейін Қарасай аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов, Аналар алқасының төрайымы Ақылия Бекбаева сияқты ата-әжелеріміз сөз сөйлеп, этносаралық қарым-қатынасты нығайту жолында қариялардың тарапынан атқарылып жатқан істер айтылды. Сонымен қатар, ақылшы ардагерлердің сөзіне тоқтау болған аудандағы кейбір жайттар айтылып, оның себеп пен салдары сараланды.
Бұл басқосуда сондай-ақ, аудандық түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Илимдар Камилов пен ұйғыр этно-мәдени орталығының төрайымы Айшам Нурузова бауырластық тақырыбында ой қозғап, қарасайлықтардың арасында қалыптасқан татулықты сөз етті. Өздерінің бастамасымен жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталып, нәтижелерімен бөлісті.
Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Жандар Тұрарұлы Ассамблеяның XXXII сессиясында берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларының басты мақсатына тоқталып, оның қоғам алдында маңызы зор екенін түсіндірді. Ел бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған институт қызметін жандандыру бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап, алдағы басым бағыттарды әңгімеге арқау етті. Сөз соңында ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымызға алғысын білдіріп, олардың өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға зор үлесе қосып жатқанын айтты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.