Отан – отбасынан басталады. Тәуелсіз еліміздің босағасын берік, шаңырағын биіктете түсуде бір-бір уық боп бекіп жатқан жас отбасылардың ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ата-дәстүр, салт-сананы ұрпақ бойына сіңірудегі еңбектері мен ізденістерін, жетістіктерін жалпақ жұртқа жария ету жолында тәлім аларлық іс-шаралар жібін үзбей жалғасып келеді десек, соның бірі – тамыры тереңдей түскен «Үлгілі отбасы» байқауы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі» деуі, отбасы институтының маңыздылығын айшықтай түсуде. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген тәмсілге сай, отбасының тірегіне айналған асқар таудың аласармай, бастауынан мейір қандырып, ұрпағын өсіріп, биік бәйтерекке айналуға қадам басқан жас отбасылардың ынтымақ-бірлігі мен тынымсыз тіршіліктері көңіл сүйсінтеді. Махаббат атты ұлы сезімге кір шалдырмай, шаңырағын шуақтандырып, түтінін түтетіп отырған жас отбасылардың арасында түз бен үйдің тізгінін тең ұстап, жарасымды жұп ретінде танылып, көптің ықыласына бөленіп жүргендері аз еместігін өткен жылы болған сындарлы байқаулар нәтижесі аңғартқан. Жақында Жалаңаш ауылдық округінде Кеген аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Үлгілі отбасы» атты байқауы өтті. Оған өңірдің 7 команда қатысып, өздерінің отбасылық құндылықтары мен шығармашылық шеберліктерін көпшіліктің назарына ұсынды.
Тағылымы мен тәлімі мол «Үлгілі отбасы» байқауына қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынасты. Байқау шымылдығы «Сәлемдесу», деген тақырыпта ашылды, яғни өздерін таныстыра отырып, отбасының өнерлерін паш етті. Әрі қарай кезек-кезегімен байқау шарттарына сай додалы жарыс жалғасын тауып жатты. Жырсүйер халқымызға қара өлеңнен оңайы жоқ десек қателеспейміз. Мұны өздерін таныстыруда төгілткен жыр түйдектерінен анық байқалды. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, жас отбасылар ұлттық өнерден де құралақан емес екенін паш етті. Бірі дөңгелене би билей жүріп ән салса, енді бірі суретші, тағы бірі спортшы, тіпті қолөнер шебері екенін де сүт пісірім уақытта-ақ танытып жатты. Саламатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спорттың дамуында да бұл отбасылардың қосып жүрген үлесі аз еместігін байқаудың ІІ- «Толағай» спорттық кезеңі толық танытты. Ал, «Сұрақ-жауап» соңғы кезеңінде қатысушылар белсенділік танытып, алдарына жан салмады, бірінен бірі озғаны анық.
Ата салтқа адалдық танытып, ағайын-туыстың алтын арқауына айналумен қатар, қоғам дамуына сүбелі үлес қосып жүрген босағасы берік, шаңырағы биік отбасылардың өнері мен ерен еңбектеріне қазылар алқасы оң бағасын берді. Атап айтқанда, Кеген ауылынан келген Байбала отбасы жүзден жүйрік шығып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Жүлделі екінші орынды Жалаңаш ауылынан қатысқан Еренбей отбасы иеленсе, үшінші орынға Шырғанақ ауылынан келген Нұрғабыловтар отбасы лайық деп танылды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.