Біздің елімізде мемлекеттік органдардан тәуелсіз болып саналатын бірлестіктердің саны аз емес. Қай-қайсын алып қарасақ та, әйтеуір, әрбірінің өз мақсаттары бар.
Межелі міндеттері айқындалған мұндай мекемелердің қатарында ұстаздар қауымына атауы таңсық емес «кәсіподақ» деп аталатын ұйымды айтуға болады. Оның негізгі қызметінің мәні – аталған бірлестік мүшелерінің атынан өкілдік ету, олардың кәсіби мүддесі мен әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтарын қорғау. Сонымен қатар, «Кәсіподақ» өз тарапынан ұйымның мүшелеріне арналған сауықтыру жолдамасын бөле отырып, олардың отбасыларына материалдық көмек көрсете алады.
Аталған мекеме біздің ауданымызда «Білім және ғылым қызметкерлерінің «Қарасай аудандық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі» деген атаумен жұмысын жүргізіп келеді. Ол заңды тұлға болғандықтан өз іс-әрекетін ҚР Конституциясына сай жүзеге асыратынан айта кету керек. Дегенмен заң шеңберінде қызметін атқаратын бұл ұйымның бүгінгі жұмысына көңілі толмайтын адамдарды да жоққа шығара алмаймыз. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде жақында редакциямызға келіп түскен хатты айта аламыз. Оның иесі әрі шағымын қоғам алдында білдіргісі келген азамат – Іргелі ауылының тұрғыны, зейнеткер Әлібай Кененов.
Ауыл ақсақалының айтуынша, 45 жылдық ұстаздық жолда еңбек еткен жұбайы Күлдіхан Кененова ағымдағы жылдың 10 сәуірінде шипажайға барып, ем-дом қабылдау үшін аудандағы «Кәсіподақ» ұйымына өтініш білдірген. Алайда аталмыш бірлестіктің төрайымы Сара Байбосынованың көмекшісі: «Сарыағаш пен Қостанай қалаларындағы сауықтыру орнының біріне бару үшін жолдаманың негізгі бағасының жартысын, яғни, 50%-ын төлеу керек» деген С.Байбосынованың сөзін жеткізген. Бұл шартқа көңілі толмаған зейнеткер Әлібай Баймұқанұлы «Кәсіподақ» ұйымының төрайымы С.Байбосынова телефон шалып, жолдаманы тегін және оны Алматы маңайындағы шипажайдан тауып беруін сұраған. Зейнеткердің сөзіне сүйенсек, аталмыш ұйымның жетекшісі сөзге құлақ түрмей, телефон тұтқасын қоя салған. Осылайша ақсақал аудандағы «Кәсіподақ» ұйымы басшысының әрекетіне наразылық танытып, жұмысына көңілін толмайтынын айтуда. Қария бұл шағымын аудан әкіміне және аудандық прокуратураға да білдірген жайы бар. Қорыта келгенде, зейнеткер Әлібай Кененов өзінің жұбайы Күлдіхан Кененованы жылда ары-бері сандалта бермей, шипажайдың жолдамасын иелену үшін тұрақты түрде ХҚКО-на тіркеп қойса деген ұсыныс білдіруде. Сонымен қатар, ақсақал бұл жағдай аудандық Қоғамдық кеңесте, «Ардагерлер» ұйымында және аудандық білім бөлімінде талқыға салынса дейді.
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, Әлібай қарияның базынасын ескеріп, жоғарыда біз сөз еткен аудандағы «Кәсіподақ» ұйымынан мән-жайдың барысын білуді жөн санадық. Аталмыш бірлестіктің ресми жауабына сүйенсек, Білім және ғылым ұйымдарында жұмыс істейтін және оқитын, Кәсіподақ Жарғысын мойындайтын, мүшелік жарна төлейтін кез келген азамат Кәсіподаққа мүше бола алады. Соның ішінде жұмыс істемейтін зейнеткерлер, яғни, бұрын кәсіподаққа мүше болған білім және ғылым жүйесінің зейнетке шыққан қызметкерлер де бар. Осы талапты негізге алған «Кәсіподақ» ұйымы ұстаздық жолда талай жыл еңбек еткен Күлдіхан Кененова мен оның жұбайы Әлібай Кененовтің шағымын негізсіз деп тануда.
«Шағым-арыз жазып отырған Ә.Кененов мырза да, ол кісінің жұбайы К.Кененова да «Білім және ғылым қызметкерлерінің Қарасай аудандық жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің кәсіподақ мүшесі болған емес. 2022 жылы сауықтыру орнына жолдама сұрап келгендіктен, К.Кененоваға денсаулығының нашарлауына байланысты «Ақ-қайың» шипажайы жолдамасының 100% бағасын (135 000теңге) қоғамдық бірлестік қызметкерлерінің жеке қаражатынан көмек ретінде төленді», – деген ақпаратты мәлімдеді.
Сонымен қатар, бірлестіктің ресми мәлімдемесінде Кәсіподақ Жарғысына сәйкес, білім қызметкерлерінің жалақысынан 1% мүшелік жарна Қарасай аудандық білім бөлімі арқылы аударылатыны белгілі болды. Яғни, бюджеттен, басқа өкімет тарапынан ақша түспейді. Сондықтан жолдама «Білім және ғылым қызметкерлерінің Қарасай аудандық жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің кәсіподақ мүшесі болса ғана беріледі екен.
«Ә.Кененов мырзаның жазып отырған шағым-арызы негізсіз болып табылады, себебі ешқашан бізге жарна аудармаған. Биылғы жылға тағы жолдама сұрап келуі де Жарғыға сәйкес емес», – деп «Кәсіподақ» ұйымы ресми түрде жауап қайтарды.
Дауға ұласқан жағдайдың жай-жапсары, міне, осындай. Ұлт болашағы үшін қызмет еткен жандардың еңбегі лайықты бағаланса, тілегі ескерілсе екен дейміз-ау. Десе де заңның алдында бәріміздің құқығымыз тең екенін де ұмытпаған жөн.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.