Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылындағы ескі мектептің мәселесін мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Парламент қабырғасында көтергеннен кейін жекеменшікке өтіп кеткен ғимаратқа қатысты соңғы күндері тың деректер пайда болуда. Бүгінгі таңда нысанның негізгі иесі «Іргетас-Құрылыс II» ЖШС болып табылады. Мемлекет иелігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқандықтан, аталған мекеменің қазіргі қожайыны, «Іргетас-Құрылыс-II» ЖШС-нің басшысы Әлібек Сәрсеновтің өзімен тілдестік.
Белгілі болғандай, құрылыс компания-сының басшысы кезінде бұл ғимаратты 15 224 000 теңгеге сатып алғанын растауда. Ондағы басты мақсат – ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, сапалы білім беретін балабақшаға айналдыру. Айтуынша, бұл бастама ауылдағы бүлдіршіндердің болашағы үшін және білім мекемесі арқылы мамандарды жұмыспен қамтуға бағытталған жоба болған. Өйткені балабақшаның тапшылығы әлеуметтік мәселе екені ескеріліп, ауыл халқының жағдайы басты назарда тұрыпты.
«Іргетас-Құрылыс II» ЖШС-нің директоры Әлібек Пернебейұлы айтқандай-ақ ескі ғимарат толықтай жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылған. Ол үшін қыруар ақша да жұмсалыпты. Алайда сол уақытта балабақшаның ресми түрде білім мекемесі ретінде тіркелуіне, ел игілігі жолында жұмыс атқаруына мемлекет тарапы ешқандай қолдау білдірмеген. Осылайша күні бүгінге дейін оның қаңырап бос тұруы да бекер емес.
– Ескі мектепті балабақшаға айналдырып, ауыл халқына жағдай жасау басты мақсатым болған. Дегенмен белгілі бір себептермен осы бағытта жұмыс жасау үшін тиісті мемлекет тарапынан қолдау таба алмадым. Сол үшін оны мемлекет меншігіне қайтарып беруді жөн деп ойлағанмын. Осылай ой үстінде жүргенде Қарасай аудандық әкімдігінің тарапынан аталмыш ғимаратты қайтарып алу үшін жұмыстар атқарылып жатқанын хабардар болдым. Бұл осыдан үш ай бұрын болған жағдай еді. Сосын бұл істі біржақты ету үшін әкімдік арасында келіссөздер жүргізуге келістім. Оған ауданның қазіргі әкімі де ықпал еткенін айта кету керек. Бірақ мекеменің осылайша елдің талқысына түседі деп те ойламадым. Жалпы нысанның қазіргі нарықтың бағасы 80 млн-ға жуықтайды. Өйткені оны күрделі жөндеуден өткізіп, жаңғырту үшін біраз қаражат жұмсалды. Десе де мен ел игілігі үшін бұл мекемені дәл осы жағдайда, еш өтемақысыз тегін түрде тапсыру туралы шешім қабылдадым. Қазір уақытта әкімдіктің балансына өткізіп беру бойынша тиісті құжаттар рәсімделуде, – дейді «Іргетас-Құрылыс II» ЖШС-нің директоры Әлібек Сәрсенов.
Компания басшысы мәлімдегендей, қазіргі таңда мекемені мемлекет меншігіне беру жөнінде өтініш жазылып, келісімшарт жасалуда. Жақын арада жалпы ауданы 1585 шаршы метр болатын Шалқар ауылының ескі мектебі еш өтемақысыз әкімдіктің иелігіне өткізіледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.