Біздің ел – қызғалдақ гүлінің алғаш пайда болған жері. Тарихқа сүйенсек, осыдан 10 миллион жыл бұрын Тянь-Шаньның етегінде пішіні бас киімге ұқсайтын ерекше сұлу гүл жер бетінің сәнінен айналған. Осы аймақтан қызғалдақ бүкіл әлемге таралды. Бүгінде бұл жабайы гүлдіңе елімізде 35 түрі кездеседі. Оның 18-і Қызыл кітапқа енгізіліп, мемлекет қорғауына жатқызылған. Қызғалдақ гүлін заңсыз жинағандарға арнайы жаза бар екенін ұмытпау керек. Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша оларды заңсыз жинағаны үшін айыппұл мөлшері 3000 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін. Бұл 8 млн 751 мың теңгені құрайды. Одан бөлек, қызғалдақтарды жұлғаны үшін түзеу жұмыстары немесе қоғамдық жұмыстар, тіпті, бостандықты шектеу жазасы да қарастырылған.
Жыл сайын мамыражай мамыр айында жердің сәніне айналған қызғалдақтар Талғар ауданына қарасты Кіші Байсерке, Нұра, Өстемір, Жалғамыс, Туғанбай, Төңкеріс ауылдарында гүл ашады. Жер бетін жапқан түрлі-түсті гүлдер айналаны әсем түске бояйтыны белгілі. Құлазыған далаға қанық бояу береді. «Алматы» мемлекеттік табиғи қорығы – Қызыл кітапқа енген гүлдердің мекені. Ол Алматыдан 25 шақырым жерде, Талғар ауданының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Үш жағынан Іле, Алатау тауларымен қоршалған Талғар мен Есік өзендерінің арасындағы аумақты алып жатыр. Талғар қаласынан бұл бағытқа көлікпен немесе автобуспен жетуге болады. Қорықтың орталық жекежайы Талғар қаласында, Аққу ықшамауданында орналасқан. Жоғарыда аталған ауылға кірер жолының бойыннан да осы гүлдерді кездестіруге болады. Қызыл-жасыл болып жазық даланы жауып жатқан қызғалдақтарға қарап миыңыз тыныштанып, жаныңыз рахат табады. Ғалымдардың айтуынша, бұл гүлдің адам жанына ғана емес, тәніне де шипалық қасиеті бар. Желмен бірге ырғалып, теңіздей толқып тұрған гүлдер кеудемізге шер болып байланған уайым-қайғыны, мұң-наламызды ұмыттырады екен.
Қызғалдақтың бір кереметі – оның адамға ұқсауы. Адам секілді 60 жыл өмір сүреді. Даладағы таза, табиғи жауқазын тек 13 жылдан соң барып қана бүршік жарып, гүлдейді. Сол 13 жасынан 60 жылға дейін жайқалып тұрады. Сосын қарт кісі сияқты, сөніп, сола бастайды екен.
Орта ғасырларда Константинопольден қызғалдақ баданаларын алып шыққысы келгендер өлім жазасына кесілген. Австрия елшісі өмірін қатерге тігіп, осы гүлдерді Венаға алып өтеді. Көп ұзамай Голландияда да қызғалдақтар пайда болды. Міне, осыдан кейін «қызғалдақ ауруы» басталды. Бұл гүлдердің бағасы өте қымбат болғаны соншалық, үш түп гүлдің құнына Амстердамның орталығынан үлкен үй сатып алуға болған. Ал Көшпенділерде қызғалдақ бейбітшілік, тыныштық пен жаңарудың нышанына айналған.
Бұл қарапайым гүлдер наурыз айының соңынан маусым айының соңына дейін еліміздің даласын сұлулыққа толтырады. Қызғалдақ фестивальдері Қазақстанның әр облыстары мен қалаларында жыл сайын өткізіледі. Бұл шарада жастар жастық пен әдеміліктің символына айналған өсімдіктің әдемілігін, тарихын тереңінен талқылап, ондағы сұлулыққа қарап бой түзейді. Шындығында, аталмыш гүлдің қазақ даласынан бүкіл жер жүзіне таралғандығына бүгінде көзіқарақты ғалымдар нақты дәлелдер келтіруде. Осылай әлем мойындап отырған ғажайып өсімдігімізді өзгелерге насихаттап, Қазақстанның бренді ретінде мақтаныш етуге толық негіз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қорғауды қолға алғанымыз жөн. Оған себеп – жерімізде өсетін қызғалдақтардың 18 түрінің Қызыл кітапқа енгендігі. Қызғалдақты қорғау, насихаттау жұмыстары тек сөз жүзінде емес, нақты іс, түрлі шаралар арқылы іске асырылса жақсы болар еді.
Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Теңдік» қорғанынан (Жетісу) біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардағы Сақ патшалары мен көсемдерінің киімдерінен қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген жалпақ алтын тіліктер табылған. Орта Азия аймағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлық қыш бұйымдарда да қызғалдақ суреттері салынған болып шықты. Орта ғасырларда мемориалдық архитектура мен пластикалық өнер түрінде де өсімдіктектес оюлардың пайдаланылғаны мәлім. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі жұқа кірпіштерде, Отырар жазирасындағы ортағасырлық қыштарда гүлдердің әшекейлеу үшін қолданылғаны соның нақты айғағы. Құлпытастарда да қызғалдақ суреттері салынып, ол адам өмірінің өтпелі екендігін бейнеледі. Қазақ қолөнерінде де қызғалдақ бейнесі көп бұйымдарда бедерленген. Олар: ер – тұрман жабдықтары, тері белдік тоғалары, сақина, білезік, қамзол қапсырмалары, ағаштан жасалған жиһаздар. Өсімдік пен гүл пішіндері кестелерде де, сырмақ, текемет, кілем, алашаларда да бар. Шеберлер алтын жіппен ұлттық киімдерге, киіз үй жабдықтарына, қоржын-дорбаларға да қызғалдақтың бейнесін салып әшекейлеп, кестеледі.
Өз тілшіміз.