Қырғауылды ауылындағы Ушинский атындағы орта мектебінде ата-аналар мұғалім рөлінде оқушыларға сабақ берді. Бұл тәжірибені аталған мектептің директоры Сапура Айтулова ғаламтор желісіндегі шетелдік мектептерінің бірінде қолданып жатқанын көріпті. Қазіргі уақытта біліктілігін арттыру бойынша алты айлық курстан өтіп жатқан білім ордасының басшысына ата-аналармен бірлесіп, тығыз жұмыс жасауды артттыру бойынша тапсырма берген екен. Осы сәтті пайдаланған мектеп ұжымы бір жағынан ұстаздардың күнделікті атқарып жүрген еңбектерін ата-аналар өз көздерімен көріп, таныссын деген мақсатта ұйымдастырыпты.
Жалпы, Ушинский мектебінде 43 сынып пен екі дярлық тобында 1004 оқушы білім алуда. Соның ішінде 41 сыныпқа ата-аналар сабақ берді. Бұл шараға мектеп ұжымы да, жаңа ұстаздар да тиянақты дайындалғанын байқауға болады. Осыдан екі апта бұрын жиналыс барысында ата-аналар өз араларында ақылдаса келе, үміткерлерді ұсынған. Содан кейін бұл жұмысқа нақтылы бекітілген ата-ана 10 күннен аса үздіксіз педагогтардың жұмысымен танысып, мұғаліммен бірлесіп осы күнгі сабақтың жоспарына дайындалған. Өйткені, бұл бастаманың бір ерекшелігі сабақ беретін ата-аналар барлығы басқа мамандық иелері болу керек. Мәселен, осы күнгі 1 «в» сыныбында дене шынықтыру сабағын өткізген Самат Айтқұлов жиһаз жасаушы болса, 6 «б» сыныбында жаратылыстану пәнінен берген Нигара Гуйван медбике.
Өздеріне тапсырылған міндетті толығымен орындап болған соң ата-аналар мен ұстаздар акт залында бас қосты. Оның барысында психологтар тренигтер өткізіп, «Үйдегі көне суреттер тарихы» жобасының есебімен танысып, «Қуыршақ» театрының қойылымын тамашалады. Одан кейін ата-аналармен кері байланыс жасап, олар сабақ беру кездегі әсерлерімен, қызықты және қиын сәттерімен бөлісті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.