Адамдар «тегін» деген нәрсеге бірден күмәнмен қарайтыны жасырын емес. Сондай-ақ алаяқтардың арбауына түскендердің жай-күйін білгендер бүгінгі таңда «еш ақы талап етпейтін дүние» дегенге көп сене бермейді. Оған неше түрлі тренинг, семинар, коучинг, марафон сияқтыларға қатысып, талай қалтасынан қағылғандар мысал бола алады. Десе де қаржылық сауаттылықты ақысыз, яғни, тегін түрде үйрететін орталықтардың жоқ емес екенін айта кеткен жөн. Олардың бірі біздің ауданымыздағы «AMANAT» партиясының аудандық филиалында орналасқан.
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан орталықтың жұмысы мамыр айында басталды. Тренинг бағытында өтетін семинарға ауданның кез келген тұрғыны қатысуға ниет білдіре алады. Қаржылық сауаттылық бойынша ақпарат алам деушілер үшін «Ұлы дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының сарапшысы Гульсун Абдуллина жан-жақты ақпарат беріп, қарыз, несие, проблемалық берешекке байланысты сұрақтарға жауап беруге дайын. «AMANAT» партиясы мен «Halyq Bank» қаржылық ұйымы ұсынған ақпараттық қолдау орталығының бұл жұмысы 2023 жылдың қараша айына дейін жалғасады. Осы аралықта әр аптаға бөлінген топтар 5 күн бойы сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін қаржылық сауат алу сабағына қатысып, білімдерін жетілдіре алады.
«Ұлы дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясының сарапшысы Гульсун Абдуллинаның сөзіне сүйенсек, бүгін таңда Алматы облысының халқы несие рәсімдеу бойынша алдыңғы орында тұр. Оның ішінде бір емес, бірнеше берешекке ілінгендердің саны да жетіп артылады. Міне, аталған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тренингке қатысушылар несие рәсімдеу кезінде нені ескеру керек екенін және олардан тиімді жол арқылы қалай құтылу жолын үйренеді. Сонымен қатар, отбасы бюджетін қалыптастыру барысымен танысып, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын, бизнес жобалар құруға, қаржыландыруға, қатысты білім алуға мүмкіндіктері бар.
Оқу барысында қаржы мамандарынан бөлек заңгерлердің көмегі ұсынылады. Олар әр тұрғынның несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін азайту бойынша құқықтық кеңестерін береді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.