өлкетанушы, суретші, қаламгер Болат Сәрсенбай туралы
Рас, ер жігітке жеті өнердің де аздық етерін өмірдің өзі дәлелдеп жатады. Кеген ауданындағы Ақай ауылында тұратын Болат Жапсарбайұлын бір көріп, танысып, білісіп, сыры мен қырына қанықсаңыз, осы пікірдің өте орынды екенін сезінесіз. Жаратқанның өзім деген пендесіне бар қабілет-қарымды бергеніне тәнті бола түсесің. Біз сөз еткелі отырған Сәрсенбаев Болат Жапсарбайұлы, шын мәнінде, оқымаған суретші, әуесқой өлкетанушы, қажырлы қаламгер, тоқымаған мүсінші, дизайнер, танымал спортшы, еңбекқор құрылысшы, электрик, он саусағы өнерге толы зергер, ісмер, айта берсек тағы-тағы жақсы қасиеттері шыға береді. Біз соның бірнешеуін ғана оқырманға жеткізуді жөн көрдік. Сонымен…
ОҚЫМАҒАН СУРЕТШІ
Болат құрдасым – тумысынан әңгімешіл. Бір көріп, танысқан адамымен сол мезетте-ақ әңгімесіне тартып, бұрыннан таныс адамдардай болып кете береді. Көңілі ояу, жаны сергек, тынбай еңбектене жүріп оқығаны, көкейіне тоқығаны көп, өте білімді азамат өзінің 11 ағайынды екенін, әкесі Жапсарбайдың Кеген ауданында жауапты қызметтер атқарғанын қуаны айтады. Асыл анасы Ділдахан мынау жарық дүниеге әкелген гүлдері мен күндеріне ақ сүтін беріп, бағып-қағып, аналық ақ жүрегімен тәрбиесін беріп, үй шаруасында болған. Шыр етіп өмір есігін ашқаннан айналасын әдемі, көрікті де көркем табиғат әлемі қоршаған ауылда туған Болат құлдыраңдаған құлын күнінен-ақ ақылды, ойлы, әр нәрсеге әуес зерек те өте ұғымтал бала болды. Әріп танып, қолына қалам ұстаған күнлерінен бастап сурет сала бастапты. Шимайлай салғанының өзі әр нәрсенің болмысын ұқсатып кетерін қайтерсің?! Сосын ерінбей ермексаздан түрлі-түрлі аңдардың мүсінін жасайтын. Сөйте-сөйте бұл қара домалақ мектебінің ішінде суретші бала атанды. Білім ордасында шығатын «Кірпі» деп аталатын қабырға газетінің безендірушісі өзі болғанын орнымен айту керек. Сурет өнеріне қоса футболға да беріліп кетіп жүрді. Асқан құмарлығының арқасында «Футболшы бала» да атанып үлгірді. Спорт, футбол құрғырды айтсаңшы, міне, алпысқа келсе де футбол десе, елеңдеп, ішіп отырған шайын жерге қойып, өре түрегелердей болады. Еліміздің футболын, футболдан әлем чемпионатын назарынан тыс қалдырған емес.
Алла айдап бір күні қонақ үзілмейтін қара шаңырақтарына Қазақстан суретшілер Одағының төрағасы Сабыр Мәмбаевтың өзі келмесі бар ма?! Үйлерінің бір қабырғасында өріп бара жатқан, Бөкең шимақтай салған бір сурет ілініп тұратын. Әйгілі де әйдік суретшінің көзі оюлы кілемге емес, бірден сол суретке түсіпті. «Оу, мынау суретті кім салған?»,-депті амандықтан кейінгі алғашқы сұрағы. «Ол біздің Болат деген баламыздың салғаны ғой»,– депті әкесі. Сөйтіп, 8 сыныпта оқып жүрген Болатты қасына алып, маңдайынан, кекілінен еркелете сипап, балғын өнеріне тәнті болғанын жасырмай, жақсы ұсыныстарын ортаға салған екен. «Бұл баланы 8 сыныптан кейін алып кетем. Құжаттарын дайындаңыздар. Өз қарамағымда, назарымда болады. Алматы қаласындағы Гоголь атындағы немесе Шымкент қаласындағы Ә. Қастеев атындағы көркем-сурет училищесіне оқуға түсірем. Болашағынан үлкен үміт күттіретін бала екен. Жолын бөгемеңіздер», – деп әкесіне бірден қолқа салыпты. Әттең, дүние-ай, десеңізші, көктемге салым құжат дайындап жүрген кезінде Болат кездейсоқ аттан жығылып, аяғын сындырып алып, сол оқуға бара алмай қалды. Бірақ, қанша өкінсе де суретшілік өнерін тастаған жоқ. Өміріне серік етіп келеді. Аймағына танымал кәсіби суретші. Оның қолынан шыққан туындылары кәнігі, оқыған, тоқыған суретшілеріңнің өзін екі орап әкететіндей көркемдігі, шынайылығымен ерекшеленіп жатады.
– Мектепті бітіргеннен кейін әкем мені ешқайда жібергісі келмеді. Көз алдында ұстағысы келді. Содан үйде құры жатпадым. Керекті құралдарды, кенеп, майлы бояларды қаладан әкеліп, көбінесе көрікті Көлсайдың, Қайыңды сайының суреттерін салып, картина жасап сатуды жүзеге асыра бастадым. Бұл орайда КСРО суретшілер Одағының мүшесі Шаймерден Сариев пен ауылдас суретші ағам Жұмаш Қасымханов ұстаздарым болды. Маған көп шапағаттары тиді. Сөйтіп, менің салған, жасаған, дайындаған көркем картиналарым Көлсайға келетін қонақтар үшін бұл тамаша олжа да болды. Сондай жақсы көретін, ерік-жігерім, ықыласым еріксіз ауып тұратын суретпен айналысқан кезімде бір минут уақыт болмай жататын. Күннің қалай батып, кештің келгенін байқамай қалушы едім. Сөйтіп, мектептен кейін-ақ, өзімді-өзім асырауға, қара шаңыраққа шапағатымды тигізуге жарадым, – дейді өткен күндерін есіне алып.
Біздің кейіпкеріміз тағдыр айдап М. Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясын «үнемдеуші-қаржыгер» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Мемлекеттік қызметке табына күректей 25 жылын арнады. Соңғы жылдар ауқымында өзінің сүйікті ісіне, алаңсыз шығармашылық жұмысына оралғаны бар. «А.Нүсіпбеков атындағы орта мектеп гимназияға айналған кезде директоры, білімді де бікіті азамат Рүстем Әлімов мені менеджерлік жұмысқа шақырды. «Мемлекеттік қызметте жүріп әбден шаршаған боларсыз. Біздің мектепке келіңіз. Талабы бар балалармен жұмыс жүргізіңіз. Салық-салық деп бас қатырғанша, шығармашылығыңызбен айналысуыңызға бұл жер сондайлық қолайлы болар еді»,-деді. Содан көп ойланбадым. Мемлекеттік қызметті тастадым», – дейді Болат күлімсіреп. Сөйтіп, оқымаған қыл қалам шебері аталған мектепте менеджер бола жүріп 1 жылдай «Келешек» атты шығармашылық орталықта сурет өнерінен ұстаздық етті. Былтырғы жылдан бастап Жалаңаш ауылындағы Бақытгүл Ұзақова жетекшілік жасайтын шығармашылық – техникалық және кәсіби бағдар беру орталығында шәкірттеріне сурет өнерінен дәрісін беріп жүрген бақытты жайы бар. А.Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназиядан 17 оқушы, С.Бейсенбетов атындағы орта мектептен 15 оқушы Болаттай ұстаздарынан сурет өнерінің қыры мен сырын үйренуде. Әрі шығармашылығымен айналысып, әрі бойындағы өнерін шәкірттеріне дарытып келе жатқан Болаттың еңбек қуанышы жарасып тұр. Жалпы, кейіпкеріміз ұстаздықты 8 сыныпта оқып жүрген кезінен бастапты. 5 сыныпта оқитын Ақылбай мен Өмірсерік атты көрші үйлерінің балаларын ертіп алып, суретшілікке баулыған. Екеуі де ұстаздарына тартып, суретші болып шығыпты. Болаттың ұстаздық еңбегі де жеміссіз емес. Биылғы оқу жылының аясында 19 шәкіртін республикалық көркем сурет байқауына қатыстырған екен. Төртеуі бас жүлделі болған. Бәрекелді! Болаттай суретші көбінесе туған жерінің тамаша табиғат әлемін көрсетуге әуес. Өзіне сондайлық әсер еткен көріністерді мөлт еткізіп, ақ қағаз бетіне қонақтатқанға ынтық. Оқымаған әуесқой суретші алдағы уақытта аудандық мәдениет үйінде, Алматы қаласында жеке сурет көрмесін өткізуді армандап жүр. Ол күндер де алыс емес.
КӨНБІС ӨЛКЕТАНУШЫ
Болат туған тілін, ұлтын, Отанын, салт-дәстүрін жанындай жақсы көреді. Әсіресе, жанары мен жүрегінде мөлдіреп қана тұратын туған жері десе шығарда жаны бөлек. Сол күн мен айдай, жарқыраған жұлдыздардай туған елі-жерін айланып, толғанып жүреді. Сәл ғана алыс ұзап сапар шексе, құшағына сағынып жетеді. Ол тумысынан туған жерінің тауларына, орман-тоғайына ынтық. Көзін ашып, қаз-қаз басқанынан қырмызы гүлдеріне, бал бұлақтарына әуес. Ат жалын тартып мініп, азамат болғалы туған өңірінің әрбір қырат-қырқасына, аршасы мен шыршасына жақын. Содан да болар жүрегіне мәңгі ұялап қалған ауылы, туған жер, өскен ортасы тамаша суреттерімен өрнектеліп, ақ қағазға маржандай етіп жазған жазбаларымен көркемделіп келеді. Болат ес білгелі жанына жақын, жүрегіне ыстық мекеннің, туған ауданының шежіресін, жер-су аттарын білуге, зерттеуге, зерделеуге, соны жерлестеріне жеткізуге аянбай еңбектеніп келеді. Оның туған жерінің «ашылмаған аралдарын» ашуға талпыныс жасауға ұмтылысы, былайша айтқанда көнбіс, жанкешті әрекеті қызықтырмай, таңдай қақтырмй қоймайды. Тіпті, Кеген өңірі бойынша өлкетануға, жер-су аттарына қатысты кез келген тақырыпта айтулы ғалымдардың да алдын орап кететін жайы бар. Болаттың нақты, дәлелді уәжіне, әңгімесіне ғалымдар да тоқталып қалатын көрінеді. Туған өлкесінің тарихы, шежіресін жетік біледі. Бұл тұрғыда мен-мен деген екінің бірін жаңылдырады. Бір сөзбен айтқанда, кейіпкеріміз аудандағы, жалпы Жетісу жеріндегі бірден-бір өлкетанушы. Бала Болат кішкентай кезінен-ақ әкесінен, үлкендерден әр нәрсені сұрап, мазаларын алатын. Қызмет бабымен жүретін, жұмыстан шаршап келетін әкесі «Балам бұл туралы анау Садықожа атаңнан, Қайырбек пен Байниет әкелеріңнен сұра. Солар сұңғыла-ғой, көп біледі», – деп ақылын айтатын. Сөйтіп, жер-су аттарын зерттеуге шынайы берілген Болат көнекөз кеуделері алтын қазына қарттардан естігендерінің бәрін ақ қағазға ерінбей түсіре берді, түсіре берді. Шын мәнінде еңбекқор азаматтың көп уақыты қымбат қазына– шежіре жинаумен, жер-су аттарының қыры-сырын білуге кетті. Аудандағы тарихи орындардың бәрін аралады. Өңірден кездесетін қорғандарды көрді. Жылысайдағы марқұм Тілектес Намазбаев атасымен, Кегендегі Бөрібай қариямен, Ибрагим Жақсыбаев ағасымен көп әңгімелесті. Сөйткен кейіпкеріміз ұйқысыз түндерін, күлкісіз күндерін өткізіп, туған өлкесінің ойы-қырын шарлады. Тау-тасын түк қоймай аралады десек, артық айтпаймыз. Өзен-көлдерін шарлады. Биік тауларының ұшар басына шығып, асқақ шыңдарына көзін салды. Торайғыр тауындағы, Ақтастыдағы, Қарашоқыдағы таңбалы тастарды зерделеді. Ондағы қашалып жазылған жазуларға қызыға үңілді. Тіпті, оның не мағына беретінін де анықтап шыққан жайы бар. Соның нәрлі нәтижесіндей, көнбіс өлкетанушы Кеген ауданындағы 100 тарихи орын жайында, ол жердің географиялық қай белдеуде орналасқаны, атауының шығуы, тарихи оқиғалары мен аңыз әңгімелері қамтылған 22 баспа табақтық «Өлкенің тарихнамасы» атты өте құнды кітабын баспаға дайындады. Аудан әкімі Талғат Байедиловтай азамат қолдаушылығын көрсеткен кітап қазір «Үш қиян» баспасында басылып жатыр. Бәрекелді! Бұл кітапта мәселен, Мыңжылқы-Сантас асуынан бастап Кеген, Қарқара өңірінен 24 тарих орын, Ақсай аймағының 8 тарихи орны, Жалаңаш аймағынан 36 тарихи орын, Шелек өзені аймағынан 38 тарихи орын туралы деректер кірген.
– Жалпы, Кеген өңірінде 860 тарихи жер-су аттары бар. Соның жүзін таңдап алып, баспада басылып жатқан «Өлкенің тарихнамасы» атты кітапқа енгіздім. Оңайлыққа түскен жоқ. Үйсін қорғандары Қарқара өңірінде көптеп кездеседі. Тұрғанбұлақтың шығысында 6 қорған, Қарқара өзенінің басында 12 қорған, Қарқара ауылының батысында 8 қорған, Шырғанақ ауылының аяқ жағында 6 қорған бар. Жалаңаш ауылының аяқ жағында Құяс деген қала болған. Бұл туралы Қазақ Совет энциклопедиясының 4 томдығында айтылған. Мен Кеген ауылындағы тарихи-өлке тану музейінде тұрған, әлі ешкім оқымаған тастағы жазулардың «Бұл бал дала елі жер Абақ елі шаңырағы» деген бірнеше жазулардан тұратын сырын аштым. Ақтасты өңіріндегі тастардағы жазулардың не мағына беретінін анықтадым. Бұл үшін турколог ғалымдардың Ғ. Мұсабаев пен А. Махмұтовтың «Еделгі дәуір антологиясы» атты кітаптың 1 томдығын, Ғ. Айдаровтың «Қазақстан эпиграфикасы» атты кітабын ақтардым.Үйсін Абақ пен Тарақ болып екіге бөлінеді. Тарағынан – Жалайыр, Абағынан – Албан, Суан, Дулат, Ысты, Ошақты, Шапырашты, Сары Үйсін 7 ағайынды тарайды, – дейді Болат шежірені ортаға салып.
Рас, осындай жанкешті еңбектері үшін қарапайым Болат Жапсарбайұлын ауылда тұратын оқымаған турколог ғалым, дап-дайын диссертациясын қорғамай жүрген тарих ғылымының кандидаты десек, ұтылмаймыз.
ҚАЖЫРЛЫ ҚАЛАМГЕР
Біздің кейіпкеріміз – сан жылдар жинағандарын ақ қағаз бетіне түсіріп, әсерлі, құнды кітап етіп шығарып жүрген ауылда тұратын қаламгер. Қаламгерлік қабілет те екінің біріне дари бермейді. Болаттай еңбекқор азамат ерінбей, жалықпай жүріп қаламгерлікке де төселді. Оның 2002 жылы «Алтын көпір» атты алғашқы кітабы жарық көрді. 2013 жылы жарық көрген «Ауылдың да айтары бар» атты кітабының да көтеріп тұрған жүгі салмақты. Аты айтып тұрғандай, кітапты оқыған да, оқымаған да арманда. Ауылдың шынайы өмірінен алынған неше түрлі әңгімелер, адамдардың қызықты тағдырлары, өңірге қатысты аңыз әңгімелері бәрі-бәрі оқырманын қызықтырмай қоймайды. Мектеп бітіргелі қырық жылға тарта уақыт ішінде Болаттың баспасөз беттерінде ел мен жер, жер-су аттары, тарихи орындардың сыры, шежіре жайлы үш жүзге тарта мақалалары, зерттеулері, ой-толғаулары жарық көріпті. Ізденімпаз, еңбекқор, тарих пен шежіреге, «Ашылмаған аралдарға» ынтық Бөкең Ш. Уалиханов атындағы тарихи-этнологиялық ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен тығыз байланыста, жақсы қарым-қатынаста. Аталған институт шығарған «Орта Азия қазақтарының киелі жерлері» атты кітабына Болаттың 9 әңгімесі, зерттеу еңбегі енгізілген. Қажырлы қаламгер, оқымаған ғалым, тоқымаған суретші, жанкешті өлкетанушы туралы Қазақ Радиосы «Естілмеген бір есім» бағдарламасы аясында арнаулы хабарларын берді. «Хабар» телеарнасы «Хабар-Жер» бағдарламасында Болат Сәрсенбаев туралы 7 минуттық хабарын ұсынды. Қаламгердің «Қазақ тілі және Елтану» журналында «Көне қала, құпиялы Шығу орны» атты мақаласы жарияланды. Мерзімді баспасөзде жарық көрген «Алтын адам – Үйсіннің ханзадасы Нулу» атты мақаласы да көпшілікті тәнті етті.
Бар мәнді ғұмыры шежіре жинаумен, жер-су аттарының қыры мен сырына үңілумен, «Ашылмаған аралдарды» зерделеумен, тарихи орындарды аралаумен, спутник арқылы бейнесін қағазға түсірумен өткен Болаттың жанкешті еңбектері елеусіз емес. Соның бірі әрі бірегейі «Үш қиян» баспасында басылып жатқан, өлке тануға арналаған бірден-бір үлкен дүние, 22 баспа табақтық «Өлкенің тарихнамасы» атты тарихи құнды кітап. Бұл кітап өңір тұрғындары үшін қымбат қазынаға айналары даусыз. Кейіпкеріміз мұғалімдер арасындағы республикалық байқауға қатысып «Үздік көшбасшы педогог» атты төсбелгіге ие болды. Өткен жылдар аясында ғана «Мәңгілік ел алыптары» атты ІV республикалық рухани-патриоттық байқауына қолдау көрсетіп, қатыстырған шәкірттері дүбірлі додада оқ бойы озып келгені, «Бас жүлде» иеленгені үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы жүлдемен, «Алаш ұстазы» дипломымен марапатталды. Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы қарсаңында педогогтар арасында «Қазақ детектив жанрының атасы» атты ғылыми жоба байқауында ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.
Болат Жапсарбайұлы Ақай ауылындағы өнегелі отбасының иесі. Жұбайы Гүлнар Мүшірова А. Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназияның кітапханашысы. «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иесі. Мариямдай қыздары мұғалім. Ләйладай қыздары кәсіпкер. Бексерік атты ұлдары тіс дәрігері. Болат пен Гүлнардың қыздарын ұзатып, келін түсіріп алған бақытты жайлары бар.
ТҮЙІН
Біз сөз етіп отырған сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өзгелерге де үлгі боларлық өнегелі өмірінің болмыс-бітімі осындай. Оқымаған суретші, әуесқой шешіреші, жанкешті өлкетанушы, ұлағатты ұстаздың бейнесі осындай. Бар мәнді ғұмыры туған топырағының тарихын тануға, шежіресін хаттауға, қыл қаламымен өрнектеуге, сол жүрегіне ыстық, жанына жақын мекенінің болашақ-келешегіне арналыпты. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа да ауыз толтырып айтарлық құнды қазынасын қамдап жүрген азаматқа айтар алғысымыз шексіз де шетсіз. Жанкешті азаматтың өлкетануға қосып жүрген ерен еңбегі алтын әріптермен әдіптеуге лайықты. Ол, шын мәнінде, туған елі мен жұрты қадірлеп, құрметтеуге тұратын бірден-бір жан.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Кеген ауданы.