Еліміздегі оқуды енді бітіріп, жұмысқа орналаса алмай жүрген жас мамандардың мәселесін шешу үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігі республика бойынша барлық техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында «Жұмыс беруші күні» іс-шарасын өткізуді бекіткен болатын. Осыған орай, өткен аптада ауданымыздағы С. Жандосов атындағы Қаскелен-кәсіптік техникалық колледжі ауданға қарасты мекеме басшылары мен жұмыс беруші жеке кәсіпкерлердің қатысуымен ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Айта кетейік, аталмыш білім мекемесінің басшылығы студенттерін жұмыспен қамту мақсатында жылда осы бағытта көптеген жұмыстар жүргізіп келеді.
Жоғарғы курс студенттеріне арналған кездесу барысында алдымен кәсіптік білім беру ұйымының директоры Рүстембек Бакиров арнаулы оқу орнының атқарып жатқан жұмыстары мен студенттерді оқудан кейін жұмысқа орналастыру бағытында атқарып жатқан шаралар жайында қысқаша баяндап өтті.
– Бүгінде біздің колледж негізгі алты мамандық бойынша студенттерді оқытады. Ол «аспазшы», «газ бен электрдәнекерлеуші», «автокөліктерді жөндеу, оған техникалық қызмет көрсету», «тігінші», «электромонтер», «шаштараз-стилист». Әрине, өзге білім ордалары сияқты біздің колледжде өз талапкерлеріне білім беріп қана қоймай, оған оқу бітіргеннен кейін жұмыс табуға барынша көмек көрсетеміз. Ол үшін көптеген жұмыстарды атқарып жатырмыз. Бүгінде біздің колледж 30-дан астам кәсіпорындармен тығыз жұмыс жасауда. Студенттеріміз ол жерлерден тәжірибе алумен қатар, оқу аяқтағаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Бүгінгі шарамызда осы бағытта ұйымдастырылып отыр, – деді колледж директоры.
Мұнан соң аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Абылай Зуайда студенттерге «Еңбек» бағдарламасы іске асып жатқан «Жастар практикасы» жайлы айтып өтті.
– Біздің орталық жылда екі мыңнан астам азаматты жұмысқа орналастырғанымен, бүгінде жұмыссыздар саны жетерлік. Биылғы статитстика сүйенсек, ауданымызда алты мыңға жуық жұмыссыз жандар тіркелген. Олардың қатарында жастар да бар. Осы ретте біз білім ордаларымен жұмыс жасауға тырысамыз. Мәселен, сіздердің колледждеріңізбен біз 2017 жылдан бері тығыз жұмыс жасап келеміз. Сол уақыттан бері біз көптген студенттерді «Жастар – практикасы» арқылы оқытып қана қоймай, жұмысқа орналастырдық. Бұл бағдарлама оқуын бітіріп, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар үшін өте тиімді. Мұнда өз саласы бойынша тәжірибе жинап, жұмысқа орналасуға, сондай-ақ 105000 теңге көлемінде жалақы алуға мүмкіндіктері бар, – деді Абылай Зуайда.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Жанәділ Орынбай өз кәсібін ашқысы келетін жастарға 200 АЕК мөлшерінде грант, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында берілетін 5 млн теңге көлеміндегі грант, 2%-бен берілетін несиелер жайлы толыққанды ақпарат беріп өтті. Ал аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуова болса, еліміздегі «Жасыл ел» еңбек жасағы бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Одан бөлек, «LAKE FARM», «Кухня Майами», «СмартЭлектроМонтаж» сияқты бірқатар кәсіпорындардың өкілдері өздерінің жұмыстары туралы, жұмысқа келгісі келетін студенттерге қандай жағдай жасайтындығы, жалақы мәселесі бойынша толыққанды ақпарат берді. Бұған қоса студенттер тарапынан қойылған әртүрлі сауалдарға жауаптар берді.
Шара соңында өздерінің білімгерлеріне қолдау көрсету мақсатында көптеген кәсіпорындармен бірлесе жұмыс жасайтын колледж басшылығы келген қонақтарға алғысын білдіріп, «Кухня Майами» мен «СмартЭлектроМонтаж» кәсіпорындарымен мамандарды даярлауға бағытталған ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.