Сәуір айының соңғы апталарында күн жадырай ашылып, жайма шуақ мінез танытып тұр. Диқан қауымы да әрбір қолайлы сәтті тиімді пайдаланып қалуға ұмытылыс жасауда. Мазасыз маусым тұсында Кеген аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақов хабарласып, егіс науқаны жүріп жатқан өңірді аралап қайтуға ұсыныс жасады. Қуанып қалдық. Ертеңнің қамын бүгіннен ойластырып, қамдастырып жатқан еңбеккер жандардың ортасында болып, шаруаларын көріп, бір ауыз жылы лебізімізді білдіріп қайтқанымыздың өзі неге тұрады?!.
– Өзіңіз жақсы білесіз, таулардың қойнау-қойнауына қоныс тепкен елдімекендерімізде жалпы егістік алқаптың көлемі аз. Соған қарамастан қолда бар мүмкіндіктерімізді пайдаланып, қасиетті қара жерді игеруге ұмтылыс жасалып отырады. Биылғы көктем маусымында ауданымыз бойынша 6800 гектар жерге жаздық арпа себілетін болады. 2465 гектар жерге картоп, 300 гектарға көкөніс өсіріледі. Соңғы аптаға дейін өңір бойынша жердің 90 пайызы жыртылды. Дән себу жұмыстары 65 пайызға жетті. Ауа-райы қолайлы мінез танытса, мамыр айының 10 жұлдызына дейін көктем егісін толығымен аяқтайтын боламыз,– дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақов.
Біз Ұзынбұлақ ауылдық округіне қарасты Жалаулы ауылының маңындағы «Майтұйық» деп аталатын өңірдегі жер жырту ісінің үстінен түстік. Бұл аталған округқе қарасты «Қулықтау» шаруа қожалығының иелігіндегі жер екен.
– Негізі табиғи шөп өсетін 20 гектар алқап болатын. Жақсылап қоршап алдық. Биыл жыртқызып, жаздық арпа мен көп жылдық шөптің тұқымын араластырып сепкелі отырмыз. Алдағы уақытта көп жылдық шөп алқабына айналатын болады. Бәрі сәтті, жақсы болсын деген тілек пен ниеттің үстіндеміз, – дейді «Қулықтау» шаруа қожалығының жетекшісі Жарылқасын Көшкінов.
Қарқара ауылдық округіне қарасты Бақытжан Асқарбаев басқаратын «Ынтымақ Б» атты шаруа қожалығының қуатты «Т – 150» маркалы тракторы жаңа технологияға негізделіп жасалған алымды агрегатпен жерді жыртып әрі майдалап, бірнеше қызметті сапалы атқарып, құнарлы топырақты дән себуге дайын етіп барады. Шаруаның басы-қасында Бақытжанның өзі бірге жүр. Қуатты трактордың тізгінінде баласы Ермек Мырзағали. Бақытжан бастаған қожалықтың трактор, техникалары жыл сайын шаруа қожалықтарының көктемгі егіс жұмыстарын лайықты қолдау, көмектерін тигізіп, істеріне дем беріп отырады. Бәрекелді! Өз қамын емес, қолынан келсе, өзгеге де шарапатын тигізетін мұндай азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. – Биылғы маусымның өзінде Қарқара, Ұзынбұлақ секілді бірнеше ауылдық округ бойынша 200 гектардан астам жерді жыртып, дән егуге әзірлеп беруді жөн көрдік, – дейді жылы жымия тіл қатқан Бақытжан Асқарбаев.
Майтұйық өңіріндегі жаңа ғана жыртылған құнарлы қара топыраққа қызыға қарадық. Мұндай жерге себілген дәннен берекелі өнім алынары даусыз. «Жер ақыңды жемейді»,-дейді халық даналығы. Егіс басында жүрген азаматтардың ісіне сәттілік тіледік. Жалпы, биылғы көктемде Олжас Тақабаевтай азамат әкім болып жұмыс істейтін Ұзынбұлақ ауылдық округі бойынша 200 гектар жерге дәнді дақыл себіліп, 70 гектарға картоп, 20 гектарға көкөніс отырғызылатын болады. Іске сәт, қол қуатты болсын!
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Кеген ауданы.
Суретте: оң жақтан санағанда екінші тұрған Кеген аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақов «Қулықтау» шаруа қожалығының жетекшісі Жарылқасын Көшкінов, «Ынтымақ Б» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытжан Асқарбаев және механизатор Ермек Мырзағалимен бірге.