Қоғамда әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, өзара байланысты жетілдіру мақсатында біршама өзекті мәселе көтеріліп жүр. Сонымен бірге бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі жөнінде көпшіліктің пікірі сан тарапқа бөлінеді. Қазіргі таңда әкенің қоғамдағы рөлі қандай? Бала тәрбиесіне қаншалықты әке араласады? Мектеп өмірімен әкелер таныс па? Осы және өзгеде сауалдар аясында өткен аптаның жұмасы күні Әйтей ауылындағы Қосынов мектебінде әкелерге арналған семинар өтті.
Заман ағымына қарай отағасының балаларына деген көзқарасы сиреп, өскелең ұрпақтың ержетуіне, балалардың сабаққа деген үлгерімі, олардың араласатын ортасы жайлы, сабақтан тыс уақытта немен айналысып жатқанымен қазіргі ата-ана бей-жәй қарап келе жатқаны жасырын емес. Кей кездері балалардың мектептегі оқу үлгерімі мен нашар оқитын оқушылардың жәй-күйін ата-аналарға жеткізу үшін өткізілетін жиналыстарға шақыратыны да баршылық. Онда да көптеген ата-аналардың жұмысбасты болуына байланысты кейде оқушының әкесінен гөрі анасының жиі келетіні кездейсоқ емес. Соған байланысты аталған семинар әкелерді мектеп өмірімен таныстыру үшін ұйымдастырылған болатын.
Алдымен жиынды Б.Қосынов атындағы орта мектептің директоры Дәурен Саусақбаев ашып, семинардың мақсаты мен міндетін түсіндірді. Тағылымы мол басқосуға Шамалған ауылындағы «Қарасай батыр» мешітінің бас имамы Қуаныш Наржанов, Қарасай аудандық Полиция басқармасының ЖПҚБ ЮПТ УПИ, полиция аға лейтенанты Данияр Ахаев, кәсіпкер, блогер Қуаныш Шаханов қатысып, аталған тақырып төңірегінде әңгіме қозғады.
– Қазір расында бала тәрбиесі өзекті тақырыптардың біріне айналды. Негізінен, жаһандану дәуірі көп дүниені өзгертті. Екі адамның бірінің қолында «сотка» қазір. «Google» дейсіз бе, «Яндекс» дейсіз бе, «YouTube» дейсіз бе, не керектінің бәрі сонда самсап тұр. Сосын бәріне бірдей топырақ шашқымыз келмейді, бірақ, оқушының көбі «Инстаграм», «Тик-ток» әлеуметтік желілерін көп қолданады қазір. Тақырыптары «айғайлаған» жаңалықтардың көкесі сонда әйтеуір. Жасырып керегі не, «подписчик» жинау үшін жұрттың көбі хайптың неше түрін істейтін болды ғой осы күні. Бала соның бәрін көреді. Сосын соны істейді. Дұрыс нәрсе айтсаң, ашықтан-ашық қарсы шығады. Қатты зекіп ұрыссаң, бұртияды да қалады. Сөз қадірін ұғынудан қалып бара жатқандаймыз. Ал ата-ана таңертеңнен кеш батқанға дейін жұмыста. Бір жағынан оларды да жазғырғың келмейді. Барлығы да бала-шағаның қамы үшін қарекет қылып жүр ғой. Біз қазір бала тәрбиелеуді тек мұғалімнің мойнына жүктеп қойғандаймыз. Мұғалім де ата-ана. Оның да бала-шағасы бар. Сондықтан бір ғана мұғалімге бала тәрбиелеу ісін «ысырып қою» дұрыс емес, меніңше. Баланың тәрбиесіне әуелі әрбір ата-ана жауапты болуы тиіс. Дана қазақ «Әкеден – ақыл, анадан – мейір» деп текке айтпаса керек-ті, – деді имам Қуаныш Наржанов.
Сонымен қатар, жиын барысында оқушылардың бір қатары «Алаш рухын ұлықтаған жастар» тақырыбында қойылымды көпшілік назарына ұсынса, ал, екіншілері автоматты бірнеше секундта жинап, шашып өз жетістіктерін көрсетті.
Жасыратыны жоқ, кей әкелердің ішінде мектепке бірінші рет келіп жатқандары да бар. Сондықтан оларға мектеп ішіне экскурсия жасалып, сыныптардың жабдықтаулуымен таныстырылды. Әрмен қарай әкелер арасында шахмат, баскетбол, волейбол және тағы басқа спорт түрінен жарыстар өтті.Осы ретті белсенділік танытып, озып шыққан ата-аналарға мектеп директорының атынан Алғыс хаттар және сыйлықтар табыс етілді. Жиын соңында үлкен залда семинарды қорытындылап, ата-аналар тарапынан туындаған ұсыныстар мен талдауларға кезек берілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.