Үлкен тарихы бар егемен еліміздің бүгінде әлем картасынан өз орнын табу жолында саналы ғұмырын сарп еткен талай тау тұлғалар жетерлік. Ел басына күн туған қысылтаяң шақта шаршы топта сөз бастап, қажет кезде атажауға қарсы қол бастаған Әлмерек Жаншықұлы сол бабаларымыздың бірі. Биыл жоңғар шапқыншылығында есімі ұранға айналған батыр Әлмерек әулие-абыздың туғанына биыл 365 жыл толды.
Аты аңызға айналған бабамыздың мерейтойын атап өтіп, оның өмір-тарихын ұрпағына насихаттау мақсатында жақында орталық кітапхана ғимаратында «Әлмерек абыз Жаншықұлы 365 жыл» атты танымдық конференция ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров жүргізген шараға абыздың атымен ашылған «Әлмерек» мәдени-тарихи қоғамдық қорының құрылтайшысы Нұғман Алмасбек, директоры Ысқақ Нұрмұхамбетов, Әлмерек абыз ескерткішінің техникалық жетекшісі Мұрат Омаров, «Құрман» қоғамдық қоры төрағасы Сайлау Ағыбаев сынды азаматтар шақырылды. Бұған қоса жиынға ауданымыздың ардагерлері мен зиялы қауымы қатысты.
Жалпы конференция барысында әулие-абыз бабаның өз дәуірінде Төле бидің жанында жүріп, «Ақылшы абыз» деген атпен ел жадында қалған, талай шайқасқа қатысқан батырдың өмір жолымен оның ұрпақтарының қазақ елінің бостандығын қорғаудағы сіңірген еңбектері мен ерліктері туралы зерттеу жұмыстары кеңінен сараланды.
Арнайы келген қонақтар жиналғандарға бар болғаны 19 жасында жоңғарларға қарсы қазақ жастарынан жасақ жинақтап, 3 жыл дайындалып, қарсылас Қалдан Серен әскеріне ойсырата соққы жасап, көптеген жоңғар батырларын жер жастауына себепші болған батыр екенін түсіндірді. Одан бөлек Әлмерек Жаншықұлы жасырақ кезінде батыр, кейін би, соңында әулие-абыз аталған бабаның әз Тәуке хан тұсында соғыстан қалжыраған елді байытып, пайдалы кәсіппен, оның ішінде диқаншылықпен шұғылдануды насихаттап, хан отырықшылыққа көшу идеясын қолдағасын, халыққа мал қамайтын қора-жай салуды үйреткендігін жайлы ақпаратпен бөлісті.
Ол кісінің тұсында Іле өзенінің жағасында егіс алқаптары мен суармалы шабындықтар пайда болған, кейіннен қала, кент тұрғызуға атсалысқандығы жайлы кеңінен айтып өтті. Жалпы Әлмерек абыз пайдалы кәсіппен қалай шұғылданудың жолын көрсетіп, іске тікелей араласқан құрылысшы, өте іскер адам болған. Төле биден бес жас үлкендігі бар Әлмерек Төле бимен бірге Хан кеңесіне қатысып тұрған. Үш жүзден жиылған 41 бидің қатысуымен қазақ хандығы билігін нығайту үшін көшпелі ұлттың заңы деп жарияланған «Жеті жарғының» жасалуына да атсалысқандығы туралы әңгімеледі.
Бұдан бөлек қордың өкілдері аты аңызға айналған тұлғаның өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен бүгінде Ұйғыр ауданындағы Шонжы (Қара дала) елді мекенінде 10 шақырым қашықтықтан еркін көрініп тұратын биіктігі 12 метр болатын ескерткіштің орнату жұмыстары басталғандығы туралы мәлімдеді. Сондай-ақ оның айналасына саябақ жасау және абаттандыру жұмыстарына мемлекет тарапынан қаражат қарастырылатындығын да айтып өтті.
Қазақ халқының болмысында ерекше орны бар және тарих сахнасындағы биік әрі ұлы тұлғаға арналған кеш соңында келген қонақтар шараны ұйымдастырушылар мен жиналғандарға алғысын білдіріп, елінің дамуына сүбелі үлесін қосқан Әлмерек абыздың өмірін насихаттау жұмыстары жалғасатындағын жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.