Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтіп, бірлік, тұрақтылық, даму тақырыптарында орамды ойлар айтылып, мемлекеттің татулығы сөз болды.
Сессия барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблеяның қазіргі рөлі маңызды екенін анық айтып, Қазақстанның басқа елдермен қарым-қатынасы бірлік пен татулыққа негізделуі керек екенін алға тартты. Президенттің пайымдауынша, біз тамырлас, тағдырлас, бір туған жұртпыз. Қиындықты бірге еңсеріп, қуанышты бірге бөлісіп, қилы заманның бәрінен өтіп келеміз.
Бауырлас елдерге деген сыйластықтың жоғары болуын айтқан Президенттің әрбір сөзі көңіл өте қонымды. Ел іргесінің бекем болуы әрбір қазақстандықтың жанашырлығынан, қамқорлығынан басталады деп ойлаймын. Қазақстанның дамуы әрбір ұлт өкілінің қандай болуына байланысты емес, осы елдің мәдениетіне құрметпен қарап, ішкі саясатын қолдайтын ұстанымына негізделеді дер едім.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сондай-ақ, Ассамблея еліміздің саяси жаңғыруында, жалпыұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаратынын түсіндірді. Ассамблея реформаларды қоғамдық тұрғыда қолдауды кеңейтуге, мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге барлық этностарды тартуға ықпал еткенін де ашып айтты.
Әрине, бұл парасатты ойды толықтай қолдаймын. Менің ойымша, барша халық біртұтас қазақ ұлтының ажырамас бөлігі ретінде сезінсе, біздің бірлігіміз мықты болары сөзсіз. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның арқасында осы елде өмір сүріп отырған ұлттар мен ұлыстардың, диаспоралардың бірлігі бекемделе түсті, береке, ынтымағы артты, достығы күшейді деп санаймын. Келешекте де татулығымыз нығайып, ынтымағымыз мықты боларына күмән жоқ.
Илимдар КАМИЛОВ,
Қарасай аудандық түрік этно-мәдени орталығының төрағасы.