Кеген өңірінен шыққан толқын-толқын ұрпақ өз тұсындағы Кеген халық театрын ұмыта қойған жоқ. Сонау 1968 жылы құрылып, сахнаға шығарған алғашқы туындыларымен-ақ ел жүрегіне ұялаған театрға биыл 55 жыл толып отыр. Бұл – бір адамның ғұмыры. Неше түрлі қиын кезеңдерден өткен бұл халық театры әрдайым ел мен жерді аралап, ауыл кешін нұрландырып жүр.
1968 жылы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз», «Еңлік-Кебек» атты драмаларын сахнаға шығарып, «Халық театры» құрметті атағына ие болған. Кеген халық театры Бүкілодақтық І, ІІ және ІІІ фестивальдардың лауреаты атанды. Бұл үлкен жетістік болды. Соған орай театр ауданның ғана емес, облыстың, республиканың мақтанышына айналды.
Театр ұжымы 1971 жылы республикалық театрлар байқауына қатысты. Қ. Аманжоловтың «Досымның үйленуі», «Қаракөз қарындасым», Ш. Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» атты спектакльдерін көрермен назарына ұсынып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Көп ұзамай 1975 жылы Эстонияда өткен «Таллин – 75» атты халықаралық конкурсқа қатысып, тағы да І дәрежелі дипломмен оралды. Бүкілодақтық ІІ театр фестиваліне драматург Оралхан Бөкеевтің «Құлыным менің» атты драмасын ұсынып, «Кіші алтын» медаліне ие болды.
Аталған халық театры үшін 1987 жыл табысты әрі ұмытылмас жыл болды. Олар М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында Тәкен Әліпбаевтың «Даладағы дүбір» атты спектаклін қойып, Бүкілодақтық ІІІ фестивальдің лауреаты болды. Үлкен алтын медалін алды. Республикамыздың Мәдениет министрлігі театр ұжымына «Кубань» автобусын сыйға тартты.
Кеген халық театры тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында да жұмысын тоқтатқан жоқ. 2002 жылдың қараша айында Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында «Айман-Шолпан» спектаклін қойды. Сол кездегі облыс басшылары театр ұжымының еңбегін жоғары бағалап, «ПАЗ» маркалы автобусты сыйлады.
Құрылғанына биыл 55 жыл толған театр осы уақытқа дейін үлкенді-кішілі 45 қойылымды сахнаға шығарды. Мәдениет министрлігінің жолдамасымен республикамыздың барлық облысында, көршілес Қырғызстан Республикасында өнер сапарымен болды. Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығында С. Жарқынбековтың «Астанаға көктем келді» атты спектаклін жұрт назарына ұсынды. Қарқара көтерілісінің 95 жылдығында ақын, жазушы, драматург Мұса Жанәділовтың «Ереуілтөбе ерлері» атты қойылымын сахнаға шығарды. Бұл екі қойылымды да көрермен қауым жылы қабылдап, лайықты бағасын берді.
Театр ұжымы Бикен Римованың 90 жылдығына орай өткізілген театрлар байқауында жүлделі 2-орынды иеленді. Облыс әкімінің Алғыс хатын арқалады. «Үздік театр» аталымының иесі болды. Мұның бәрі дәстүрлі әнші Кәдірбек Сүлеймен жетекшілік ететін театр ұжымын жақсы істерге жұмылдырып келеді. Театрдың режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Райымбек және Көксу аудандарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Нағима Таласбаева. Театрда әр жылдары Жұмаш Әлдибеков, Құдайберген Ештаев, Гүлмира Төлендиева, Дәулет Солтанбеков, Бақыт Салимбаева, Тұрғын Мұқажанов, Берік Салқынбаев, Нұрлан Дүкенбаев, Қанат Нұрдәулетов, Талғат Мырзаханов, Сәмиға Әлдекенова, Жаңыл Сабаншиева, Тоқтарбай Бірімжанов, Күләйхан Бапанова, Бақытгүл Қайыпбаева, Бақыт Байбатшаева, Меделхан Құсайынов, Ләйла Әбілғазиева, Ләззат Бекмұханбетова секілді өнер иелері еңбек етті. Өздеріне жүктелген рөлдерін шынайы сомдап, көптің ықыласына, алғысына бөленді.
Сонымен қатар өнер ұжымының соңғы жылдардағы жетістіктері де аз емес. Атап айтқанда, 2021 жылы облыс бойынша ұйымдастырылған фестивальға 22 театр қатысты. Осы байқауда жарты ғасырлық тарихы бар Кеген ауданының театры жүлделі үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, осы жарыста Кеген театрының әртісі Ақмарал Сүлеймен «Үздік театр әртісі» номинациясымен марапатталды. Ал, келесі жылы тәжірибелерін арттырып, одан сайын шыңдала түскен өнер ұжымы аудан арасында Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында өткен фестивальда тағы да бақтарын сынап көрді. Бұл жолы одан әрі мәртебелері артып, жүлделі бас жүлдені иеленді.
Кеген халық театрының құрамын жаңғыртып, толықтырған Аршын Нұрбақыт, Асан Дидар, Ақмарал Сүлеймен, Мақпал Нұрқамытова, Ермек Ділдәбек, Медет Құныпияев, Әсет Жұлдыз, Айым Тілеукеева, Ілияс Әбженбаев, Қуаныш Әбітаев, Мақсат Өзбеков секілді театр мүшелері М. Шамхаловтың «Қайын ене мен келін» атты екі бөлімді комедиясын сахнаға әзірлеуде. Басты рөлде Нағима Таласбаеваның өзі. Құрылғанына 55 жыл толған Кеген халық театрының қазіргі ұжымынан да іргелі істер күтеміз. Оларды алда талай-талай өнер сапарлары күтіп тұр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
КЕГЕН АУДАНЫ.