Қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан барша түркі әлемінің ұлық мейрамы – Әз-Наурызды Талғар ауданының жастары үлкен сән-салтанатпен қарсы алып, кеңінен тойлап жатыр.
Мәселен жуырда ұлық мереке орай, ауданда қазақтың ұлттық тағамын, адамдар арасында жылулық, құрмет, ауызбіршілік қасиеттерін насихаттау мақсатында «Бауырсақ party» өтті. Аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шара барысында жастар Талғар қаласының тұрғындарына дәмді бауырсақтар таратып, тамаша көңіл сыйлап, мейраммен құттықтады.
Бұған қоса белсенді жастар өскелең ұрпақтың арасында қазақтың ұлттық ойындарын насихаттау мақсатында «Асық party» шарасын да ұйымдастырды. Гүлдала ауылдық округіндегі Кіші Байсерке ауылындағы мектепте өткен шараға оқушылар үлкен белсенділік танытып, өздерінің асық ату ойынына деген қызығушылықтарын көрсетті. Ойын барысында қыздар бес асық ойнаса, ұл балалар арқан тартып жарысып, барынша көңіл көтерді. Шара соңында өздерін барша жағынанбелсенді көрсеткен жастар мен жеңімпаздар Алғыс хаттармен марапатталды.
Осылайша аудан жастары берекенің арқауы, тек адамзаттың ғана емес, табиғаттың да жаңарып, бой түзейтін шағы әз-Наурызды көтерінкі көңіл күймен үлкен сән-салтанатпен қарсы алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
ТАЛҒАР АУДАНЫ.