Биылғы ақпан айының соңғы күндері аудандағы ауа райы тұрақсыз-дығымен ерекшеленді. Айдың басында қыстың ызғары күшейе түссе, соңында бірден жылы көктемнің лебі сезілгендей болды. Ауа райының күрт жылуынан биыл қалың болып жауған қар бірден еріп, көп жерлерде су басу қауіпі орын алды. Бұл жағдай біздің ауданымызды да айналып өтпеді.
Жақында Жібек жолы округіне қарасты Көлащы ауылындағы Үңгіртас пен Баянжүрек көшелеріне жақын орналасқан шаруашылық жерлерінде жиналған қардың еруінен үш көше мен бес үйдің ауласын су басқан. Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дидар Нұрақыновтың айтуынша, мәселені тез арада шешіп, судың арнасын басқа жаққа бұру үшін үш техника, бір мотопомпа мен 20 адам жұмылдырылып, ұзындығы 700 метр, тереңдігі 2 метрлік үлкен арықтар қазылған. Бір аптаға созылған жұмыстар арқасында судың арнасы басқа жаққа жіберілген.
Қазіргі уақытта қазылған арықтарды қоршап, бетондау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, қазылған жерлерге жақын орналасқан үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арықтарға балаларын жібермеу туралы ескертулер жасалған.
Дәл осындай жағдай Райымбек округінде де орын алған. Мұнда сайда орналасқан шаруашылық жеріндегі қардың еруінен бес көше мен 15 үйдің ауласына су кірген. Судың ары қарай таралуына жол бермеу және де көшелерді тазарту мақсатында төрт арнайы техника, үш мотопомпа мен 10 адам жұмылдырылып, жалпы ұзындығы 2400 метр болатын жеті үлкен арық қазылып, судың арнасы Ақсай өзеніне бағытталған. Бүгінде екі округтегі көшелер судан тазартылып, су басу қаупі сейіліп, жағдай тұрақтандырылды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәлімдеуінше, бүгінде ауданымызда су басу қаупі бар 11 учаске бар, алайда күн жылымай тұрып ол жерлерде барлық қауіпсіздік шаралары жүргізіліп қойылған. Ал мына екі округтегі орын алған жағдайына ауа райының тұрақсыздығы себеп болған. Өйткені күн ерте жылығанымен жер жібіп үлгермеген. Сондықтан жиналған судың барлығы көшелерге жайылып кеткен. Дер кезінде барлық қажетті шаралар жасалып, қазіргі уақытта аудандағы жағдай қалыпты.
Аудан әкімінің орынбасары Марлен Қасеновтің айтуынша, таяуда болған су тасқындарының кесірінен жалпы аудан бойынша бірқатар көшелер мен 400 үйдің ауласын су басқан. Жағдайды ретке келтіру үшін 50 арнайы техника, 14 мотопомпа және 180 адам жұмылдырылып, жалпы ұзындығы 10 500 метрлік 44 үлкен арық, көлемі 2050 текше метр шұңқырлар қазылып, 354 тонна инертті материалдар салынған 9050 қап пайдаланылды.
Қазіргі уақытта аудан бойынша жағдай әкімдіктерден бөлек аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қатаң бақылауында. Күннің жылуынан алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанатын болса, жедел әрекет етіп, тиісті шараларды жүргізу үшін ауданда барлық жағдай жасалған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.