Өткен аптаның бейсенбісі күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ұйымдастыруымен жиналыс өтті. Жиынның алғашқы бөлігінде биыл кімдер өздерінің табыстарын көрсету керек, осы уақытқа дейін қанша қарасайлық өз жиған-тергенін жариялап үлгерді деген сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғалды. Өйткені елімізде 2023 жылы жаппай декларациялаудың екінші кезеңі басталды.
2021 жылдың 1 қаңтарында декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары тапсырған болатын. Биылдан бастап квазимемлекеттік сектор өкілдері, ұлттық компаниялардың, холдингтердің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері және олардың жұбайлары табыс көздерін көрсетеді. Яғни, бұл санатқа мектептердің, балабақшалардың, ауруханалардың, емханалардың қызметкерлері, дәрігерлер, педагогтар және бюджеттен жалақы алатын барлық қызметкерлер жатады. Сондықтан бұл жиынға аудандағы осы салада қызмет ететін мекемелердің басшылары мен қызметкерлері шақырылды.
Ал жиналғандардың тақырып аясындағы сұрақтарына Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Олжас Отар, Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Айгүл Жолдыбек және оның орынбасары Ғани Малыбаев жауап берді. Олжас Асангелдіұлының айтуынша, биыл декларация тапсыратын тұлғалар Қазақстаннан тыс жерлердегі, яғни, шет елдері актив пен мүліктері және айлық есептік көрсеткіштің 1 000 еселенген шегінен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Бүгінде бұл 3 млн 630 мың теңгені құрап отыр. Өйткені бұдан артық сома 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін банк шоттарына орналастырылуы тиіс.
Осыған дейін декларация тапсырмаған азаматтар 250-нысан бойынша 15 шілдеге дейін қағаз жүзінде, 15 қыркүйекке дейін электронды түрде өткізу керек. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырудың бірнеше жолы бар. Декларацияны Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталындағы «салық төлеуші кабинеті» (cabinet.salyk.kz) арқылы, сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және e- SalyqАzamat мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде тапсыруға мүмкіндік бар. Қағаз түрінде тапсырғысы келгендер, мемлекеттік кірістер органдарына бару қажет. Айгүл Жолдыбекқызының мәліметіне сүйенсек, Қарасай ауданы бойынша 2023 жылы 17 мың тұлға декларация тапсыру тиіс. Осы уақытқа дейін олардың тек 8700-і ғана өз табыс көздерін растаған.
Жиынның екінші бөлігінде жыл басындағы ел Президентінің жеке тұлғалардың банкроттығы туралы қабылдаған заң жобасы аясында сөз болды. Басқосуда аталған заңның қабылдауына байланысты жеке тұлғалардың банкроттығының тәртібі туралы аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысының орынбасары Ғани Малдыбаев жиналғандарға кеңінен түсіндірді. Кірістер басқармасының өкілінің мәліметіне сүйенсек, елімізде банкроттықтың үш түрі қарастырылған. Бірінші соттан тыс банкроттық. Бұл үшін борышкердің меншікті мүлкі болмауға тиіс. Соттан тыс банкроттыққа жүгіну үшін борышкердің қарызы соңғы 12 айда төленбеген болуы шарт. Нақтысын айтқанда банкроттыққа берешегі 5 млн теңгеден аспайтын тұлғалар жүгіне алады. Егер жеке тұлға 2-3 ай несиені төлемесе, осы банкроттық рәсімге жүгіне алмайды. Ал әлеуметтік көмек алушыларға қатысты 12 ай бойы төлем болмауы тиіс деген талап ескерілмеген. Екіншісі – сот банкроттығы. Мұнда борышы 5 млн теңгеден асатындарға қатысты қолданылады. Бұл рәсіммен сот органдары айналысады. Сот банкроттығы барысында борышкердің мүлкі сауда-саттыққа сатылады. Жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, онда кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы. Мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау (қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру) бойынша мәмілелер жасауға және рәсімді жүргізу кезеңінде шетелге шығуға тыйым салынады. Борышты өтеудің үшінші түрі – төлем қабілетін қалпына келтіру. Тұрақты табысы бар қазақстандықтар осындай процедураға өтініш беріп, сот арқылы қарызды бес жылға дейін бөліп төлейді. Борыш көлемі меншіктегі мүліктің құнынан аспауы керек. Бұл ретте азаматтар банкрот деп танылмайды. Ал шетелге шығуға шектеу жоқ.
Бүгінде азаматтардың едәуір бөлігінің қаржылық жағдайы төмен. Банктегі қарызын өтей алмай жүргендер көп. Осыдан кейін «Банкрот болсам, мемлекет қарызымды кешіре салады» деп жеңіл ойлайтындар бар. Банкрот болған азамат 5 жыл ішінде микроқаржы ұйымдарынан және банкттерден несие ала алмайды. Тіпті, үш жыл бойы оның кірістеріне бақылау жасалынады. Ал өзін бір рет банкрот деп жариялаған азамат екінші рет тек жеті жылдан кейін бұл көмек түрін қолдана алады.
Өзін банкрот деп жариялаған тұлғалар ағымдағы жылдың 3 наурыз айынан бастап өтініш бере алады. Осыған орай осы күні аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері тұрғындарға кеңес берді,. Мамандар аудан тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға ашық әрі нақты жауап берді. Тағы бір ескертетін жайт, дүние мүлкін жасырып, жалған банкроттық жариялағандар үшін үлкен көлемде айыппұл қарастырылған. Сондықтан сала мамандары қаржылық шарттың тым ауыр екенін айтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.