Шамалған, Жандосов, Әйтей сияқты округтер мен екі саяжайдың тұрғындарының наразылығын тудырып, дауға айналған газдың мәселесі бойынша таяуда тағы бір жиын өтті. Нақтырақ айтқанда, өткен аптада Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Гульмира Утегенова, Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы (сол кездегі) Айдар Бошқұлов, аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев пен атамыш компания өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдалым болды.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан оларды газбен қамтамасыз етіп отырған «Сигма-газ» ЖШС-не тағы да көптеген шағымдар айтылды. Олардың айтуынша, газдың қысымы көбеймесе де осы айда тағы екі есе қымбат төлем келген, оның үстіне өткен жиналыстарда компания төлей алмайтындарға түсіністікпен қарап, газды өшірмейміз деп айтқанымен айдың соңында компанияның қызметкерлері тұрғындарға хабарласып, ақшаны төлемесеңіздер газды өшіреміз деп қорқытқан. Бұған қоса бүгінде «Сигма-газ» ЖШС өзінің қарамағындағы құбырларды 3 млрд. теңгеге бағалап отыр, алайда тұрғындардың мәлімдеуінше, құбырлардың барлығы дерлік адамдардың ақшасына орнатылған.
Осыған дейінгі жиналыстарда тұрғындардың айтқан талаптары – компания бағаны түсіріп, газ пен қызмет көрсету жұмыстарының сапасын жақсарту болса, бұл жолы қоғамдық тыңдалымға келгендер бір ауыздан «Сигма-газ» ЖШС-ін алып тастауды талап етті.
Аталған жиын тұрғындарға бағаның неге соншалықты қымбат екенін түсіндіруге бағытталғандықтан, алдымен «Сигма-газ» ЖШС-нің экономисті Айнұр Тастимирова сөйлеп, тарифтің өскені газды сатып алып жүрген «КазТрансГаз Аймак» АҚ-ның көтерген бағасымен байланысты екенін айтты. Сондай-ақ газды тасымалдау, қызмет көрсету жұмыстарының ақысы өскендігінен және тағы да басқа өзге мәселелерге байланысты болғанын түсіндірді. Оған қоса Айнұр Тастимирова осы жылға арналған жобаларын ұсынып, компанияның барлық шығындарды ескере отырып, жаңа тариф 36 теңге болатындығын мәлімдеді.
Ал газ сапасына келсек, оған «Сигма-газ» ЖШС емес «КазТрансГаз Аймак» АҚ жауапты екенін жеткізді. Жиынға арнайы келген «КазТрансГаз Аймак» АҚ өкілі газды «ҚазақГаз» Ұлттық компаниясының алатындығын айтып, оның жаман сапасына олардың қатысы жоқ екенін түсіндірді.
«Сигма-газ» ЖШС-нің маманының жауабы мен жаңа тарифтің құнын естіген халық одан сайын ашуланып, үзілді-кесілді қарсы болды.
Наразы қауымды тыңдаған Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Бошқұлов қазіргі уақытта бұл мәселе облыс әкімінің назарында тұрғанын айтып, оның шешімін табу үшін жұмыстар атқарылуда екенін жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындардың газға қосылу бағасы бойынша айтып жатқан шағымдарына байланысты бүгінде Алматы облысы бойынша аталмыш жұмыстарға 350 мыңнан жоғары ақыға тыйым салуға бағытталған істер жасалып жатқандығын да мәлімдеді.
Жиын соңында адамдардың қалауын, компанияның жаңа жобасын және әкімшіліктің көз қарасын естіген табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Гульмира Утегенова қоғамдық тыңдалымда компанияның ұсынған жаңа тарифі департамент тарапынан қабылданбайтындығын айтып, 10 күннің ішінде олар өздері тұрғындарға ыңғайлы болатындай жаңа тариф бекітілетіндігін жеткізді.
Қоғамдық тыңдау аяқталғаннан кейін тұрғындар жиынға арнайы келген прокуратура өкіліне «Сигма-газ» ЖШС-нің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін арызданды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Дауға айналған газдың мәселесі: антимонополия комитеті жаңа тарифті өздері бекітетін болады
Home » Жаңалықтар » Қоғам » Дауға айналған газдың мәселесі: антимонополия комитеті жаңа тарифті өздері бекітетін болады