Өнерді құрметтеген халық шеберлерді де ізгі ілтипатпен елдің құрметті адамдарының қатарына қосқан. Өйткені, қазақтың қолөнері – ұлттық мәдениетті насихаттайтын, байырғы, әрі құнды салалардың бірі болып табылады Қандай да болсын шығармашылықтың қоғамдық мәнін бағалаудың басты өлшемі, әлбетте, оның идеялық бағыты болып келді және солай болып қала береді. Бүгінгі біздің кейіпкерді қолынан өнері тамған шебердің бірі десек артық айтқандығымыз болмас. Ол ұлттық болмысты сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, рухани жаңғыру жолында талмай еңбек етіп жүргендердің бірі – Кеген ауданының тұрғыны, шебері Тілеуберді Ташмұханбет.
Қазіргі заманға сай етіп ағаштан түрлі ұлттық бұйымдар жасаумен айналысып жатқан жеке кәсіпкердің күнделікті үй тұрмысына қажетті заттары көпшілік халықтың жоғары сұранысына ие болып отырғанын атап өткен жөн. Ағаш өңдеудің қыр-сырын жақсы меңгерген ағаш шебері Тілеуберді Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылында 1996 жылы сегізінші ақпанында дүниеге келген. Жас шеберді өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген анасы Гүлдариға Тастанқызы – Кеген ауданы Жалаулы ауылында туған, қазіргі уақытта математика пәнінен 40 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз. Әкесі Тілеуберді Ташмұханбетұлы бар ғұмырын құрылыс саласына арнаған, Тілеуберді анасының құрсағында болғанда дүниеден озыпты. Қолдаушы әпкесі Гауһар есепші болып жұмыс істейді.
Тілеуберді 2003 жылы туған ауылындағы Ыдырыс Көшкінов атындағы орта мектепте жетінші сыныпқа дейін оқыпты. Одан кейін Алматы қаласы Шаңырақ ықшам ауданындағы №169 мектеп-лицейіне ауысып, 11 сыныпты сол жақта тәмамдапты. Одан кейін ол бала кезіндегі арманын орындау үшін Алматы қаласындағы «Бас Сәулет-Құрылыс» академиясына «Сәулетші» мамандығына түсіпті. Өйткені, жас шебердің қанында бар өнер оған бәрібір маза бермеген. Бала кезінен әкесінің інісі, ағаш шебері Бекболат ағасының қасында жүріп, шеберлікке қанып өскен. Бала кезінде ағасы шапқы балтамен аттың ерінен бастап, ет салатын табақ, қазанның қақпағы, балта мен айыр-күрекке сап, әйтеуір, ауыл тұрмысына қажеттің барлығын жасайтын. Қарап жүріп, қажет бір-екі ағашты ғана кесіп алатын. Жіңішкелеуін әкеліп, қисықтау болса бір жағына ауыр жүк байлап, мал қораның ішіне іліп қояды. Жыл бойы солай ілулі тұрған ағашты шешіп алған кезде оқтай түзу болып шығады. Осылайша көптеген ағаш өнімдерін шамасы келгенше жасай бастады. Білімін жоғарғы оқу орнында жетілдіріп жүріп, ағасынан сандық пен астаудың жасалу жолын үйренеді. Сөйтіп, ағашпен жұмыс істеу ісімен жастайынан айналысқан. «Өнер таусылмас азық», дегендей, он саусағынан өнер тамған, жеке бизнесін ашқан ағаш шеберін әңгімеге тарттық.
– Сандық – қазақ тұрмысында ерте кезден пайдаланып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Оны киім-кешек, сонымен қатар тұрмыстық заттарды салуға қолданады. Ауызына аспа құлып, кейде ішкі құлып салынған. Сандықтар негізі жасалуына және материалына, көлеміне байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Бір метрге дейінгілерді сандық, бір метрден жоғарыларды әбдіре деп атаймыз. Бір метрлік сандықты көбінде қыз тұрмысқа шыққанда жасауына қосса, әбдіреге тамақ және ыдыс аяқ салынған. Сандықты қарағай, балқарағай, емен, қарағаштан жасайды. Қазіргі уақытта мен сандықты жасау үстіндемін, – дейді жас шебер Тілеуберді.
Шебердің айтуынша, ағаш бұйымдары ыңғайлы әрі қолдануға тиімді. Келесі кезекте Тілеуберді астау жасауға тоқталып өтті. Ең алдымен ағаштың сапасы жақсы болуы керек. Екіншіден, ағаш өңделіп, тазаланады. Үшінші кезеңде дайын ағаштың үстінен өрнек салынып, ойылады екен. Одан кейін астаудың астыңғы жағы шығарылады. Үш күнде бір майланып, кептіріледі. Ең бастысы бұл бұйымдар тұрмыстық зат есебінде ғана емес, қазақ халқының асыл мұрасы, ұлттық құндылықтары екенін атап өтті.
Шебердің қолына тиген доғал ағаш әп-сәтте осындай әдемі, зерлі бұйымға айналып шыға келеді. Арнайы білдектің көмегімен ең тез жасалатыны – сусынға арналған кесе. Ал ағаш астау мен тегенеге уақытпен бірге икем мен асқан ептілік қажет. Олардың пішіні де әртүрлі. Мұндайда шебер шот пен үскі, қашаудың сан алуан түрін қолға алады. Қашалып, дайын болған бұйымдардың сырты қазақы ою-өрнекпен әспеттеледі. Мұнымен тоқтап қалуды жөн санамайтын Тілеуберді әрі қарай дамуды ойлаған. Осы ретте ол мемлекет тарапынан жастарға берілетін қолдауларды зерттей бастады. Сөйтіп, Тілеуберді ғаламтордағы ақпарттық сайттардан бүгінгі таңда, әсіресе, жас кәсіпкерлерге жақсы көңіл бөлінетіндігінен хабардар болған. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Кеген аудандық филиалына келіп, алдымен іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін қазіргі жағдайға байланысты 21 күндік онлайн курстан өтеді. Қолына сертификаты тиген соң аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бизнес жобасын сәтті қорғап, 400 АЕК қайтарымсыз грантқа, яғни, 1380000 теңгеге ие болады.
Бұл қаржыға жас шебер көптеген қол жасалатын жұмысты жеңілдететін лазерлі аппаратты сатып алады. Өзі «графикалық дизайнер» болғандықтан туындыларын ең алдымен қағазға, одан кейін компьютерге түсіріп, кейін лазерлі білдекпен пен жасап шығарады. Өйткені оның жобасы ағаштан ұлттық нақышта ағаштан жасалған жабдықтарына арналды. Жеке кәсіп ашқан жас жігіт қазір ағаштан астаулар, сандықтар, қобдишалар, сағаттар, паннолар, картиналар, ағаштан жасалған шежірелер және көптеген түрлі бұйымдар жасауда.
– Ағаштан әсем бұйым жасаудың өз ерекшеліктері бар. Кәсіби шеберлігімді әрдайым дамытып отырамын. Енді ағашты көркемдеп өңдеу әдісінен өзімнің біраз болсын іс-тәжірибем бар. Қазақтың ата кәсібін терең игеріп, кәдімгі ақ қайың ағашынан тамаша ұлттық нақыштағы үй тұрмысына қажетті дүниелерді жасаумен айналысып жатырмын. Қазақ халқы қолөнерге өте бай халық қой. Бұл кәсібім өзіме қатты ұнайды. Өз басым бұл кәсіппен тек сәндік үшін, не күнкөріс көзі ретінде емес, ұлттық өнерді дамыту мақсатында айналысамын», – дейді Тілеуберді.
Шебер ағаштан әсем бұйым жасаудың ерекшеліктері барын айтады. Алдымен жұмысқа қажетті ағаш түрлерін, оның қасиеттерін анықтап, ағаштың тығыздығын, жұмсақтығы, қаттылығын таңдайды. Ол ең бірінші қымыз ішетін ыдыс пен ет салатын астау жасаудан бастаған.
– Жеке кәсібімді ашып, бүгінде нәпақа тауып отырған жайым бар. Екі қолына күрек таба алмай жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен аз қамтылған көпбалалы отбасыларына, жастарға жеке кәсіппен айналысуға осындай жақсы мүмкіндіктер берген мемлекеттік «Бастау Бизнес» жобасына, Алматы облысы Кеген аудандық филиалына айтар алғысым зор, – дейді ол.
Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер тапсырыс бойынша қыз ұзату тойына арнайы қазақтың сандығып жасау үстінде. Ағаш шеберінің қолынан шыққан эсклюзивті тұрмысқа қажетті экологиялық таза ағаш бұйымдары өзінің ұлттық нақышымен, қайталанбас ою-өрнегімен, қолжетімді бағасы, жоғары сапасымен, әдемілігімен әр қазақтың үйіне ерекше сән беретіні сөзсіз. Қазіргі уақытта шежірелер мен дизайнерлерік сағаттар көп сұранысқа ие. Әрбір тапсырыс берушінің өз қалағанын сай етіп дизайн жасап, кейін сол бұйымды жасауға тырысады.
Күнделікті үй тұрмысына қажетті бұйымдарды, кәде сыйларды қолдан жасап ұлттық өнеріміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген ағаш шеберінің қолынан әлі талай тамаша құнды туындылардың шығатынына біздер сенеміз. Қазір қолынан іс келетін адамға кәсіп көп. Тек ізденіп, ерінбей еңбек етсе жеткілікті. Ал осы ерінбеудің ең төресі – ұсталық па деймін?! Төзім мен шыдамды серік етіп, ағаштан түйін түюдің өзі нағыз шебердің ғана қолынан келмек. Ата-бабаның дәстүрлі мұрасын жалғаушы қолөнершіге деген сұраныс та күннен-күнге артып келеді. Өйткені, қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағанмен, астау сынды табақпен ас әкелу үрдіске айналды. Әрбір қазақтың төрінде ілініп тұрған домбыра мен қамшы да осы шебер қолды ұсталардың қолөнер туындысы.
Негізі жазу өнерінде «Жақсы жазатын адам жақсы жазбайды, жақсы ойлайтын адам жақсы жазады» деген қанатты сөз бар. Бұл тек қолына қалам ұстағандардың ғана емес, сондай-ақ кез-келген істің шебері боламын деушілерге де қатысты айтылған тұжырым болса керек. Біз сұхбаттасқан ағаш шебері ой-қиялы бар, ұлттық қол өнеріміздің мерейін көтеріп жүрген іскер қолөнерші. Ендеше, ата-бабадан келе жатқан қолөнерді дәріптеп жүрген Тілеуберді Тілеубекұлына осы кәсіп саласында тасы өрге домалауына біз де тілекшіміз! Алға қойған мақсаты, жүйелі жоспары орындалып, қазақтың брэнді қалыптасатын нышаны бөлек өнімдері арта берсін.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Кеген ауданы.