Қазақты әлем халқына ғажап халық екенін танытып тұрған ол – біздің ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен мәдени мұраларымыз, тіліміз және ұлттық қолөнеріміз. Алайда бүгінде технологиялардың, ғаламтордың дамыған кезінде, жастарымыздың көбі шет елдердің мәдениетіне иеліктеп, солардың құндылықтарына басымдық беріп жүргені ата-бабамыздан келе жатқан қазақи құндылықтардың ұмытылып бара жатқанына әкелуде. Осыған байланысты қазіргі таңда елімізде жастардың арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Сондай шараның бірі аптаның сейсенбісі күні Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжінде өтті.
Қарасай аудандық ардагерлердің 2023 жылға арналған «Ата-баба ұрпаққа аманат», «Жаңа Қазақстан», «Мәдениетті, әділетті қоғам», «Ана мәдениеті елге-үлгі» бағдарламаларымен ұштастырылып ұйымдастырылған ауқымды шараға ауданымыздың ардагерлері жиналып, өскелең ұрпаққа қонған бағымызды ұшырып, қонған құтымызды қашырып алмау керектігін айтып, олармен өздерінің өмірден көрген, білген-түйген ойларымен бөлісіп, ақылдарын айтып, жастарды тәрбиелі, көргенді болуға шақырды.
Жер жаһанда жанұясынан жылулық, ата-анасынан махаббат, шаңырағынан шаттық іздемейтін адам жоқ-ау, сірә? Өкінішке орай бүгінде елімізде отбасы құндылығы төмендеп барады. Оған дәлел – жылдан-жылға көбейіп келе жатқан балалар үйі. Қоғамымызда орын алып отырған осы бір шешімі жоқ қиын мәселені көрсету, ата-анамен баланың бір-біріне деген махабатты баға жетпес байлық екенін жеткізу мақсатында аталмыш колледж студенттері шараның негігзі бөлімі басталмас бұрын арнайы келген қонақтарға «Шын бақ – ата-ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегі» атты кішігірім сахналық қойылым қойды. Оның барысында талапкерлер балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайы, тәрбиесі мен өмірі, олардың әке-шешеліріне деген өкпе назын, амалдың жоқтығына баласын тастап кетуге мәжбүр болған ата-ананың сезімін барынша көрсетуге тырысты. Студенттердің қойған қойылым залға жиналған баршаның жүрегін елжіретіп, көздеріне жас ұялатқандай әсер қалдырды.
Әсерлі қойылымнан кейін сахна төріне аудандық тарихи-мәдени орталығының директоры, ақын, жазушы Серік Қалиев шығып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сенімдер, қағидалар, әдет-ғұрыптар, сыйластық қатынастар мен сүйіспеншіліктің жиынтығы болып келетін – отбасы құндылығы жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ, ақын жастарға Тәуелсіз мемлекеттің азаматы болу – ең үлкен бақыт екенін, сондықтан егемендігімізді, бүгінде елімізде орын алған бейбітшілігімізді бағалай білу керектігін де айтып өтті.
Мұнан кейін сөз кезегі аудандық Әжелер алқасының төрайымы Ақлия Бекбаеваға берілді. Ардагер ұстаз адамды өмірге әкелетін қасиетті жан ана туралы сөз қозғады. Өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани бай болуыға үйрететін ана екенін айтып, шара жиналған студент қыздармен өзінің аналық, әжелік ақылымен бөлісті. Ал жиында соңғы болып сөз сөйлеген Ұмтыл ауылдық округінің ардагерлер төрағасы Елтай Хасенов болса жастарды жігерлендіру мақсатында өзінің өмір жолында кездескен қиындықтар мен жеткен жетістіктері жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
Мағыналы әңгімелер мен өнерлі жастардың ән мен би шашуларына толы болған жиын соңында арнайы шақыртылған қонақтар шараның өтуіне мұрындық болған «Еңбек ардагері», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», аталмыш колледждің құрылтайшысы, қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Несіпбала Абдильдаеваға және студенттерге алғыстарын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.