«Шынықсаң шымыр боласың» деген дана халқымыз. Қазіргі таңда ауданымызда саламатты өмір салтын ұстануға арналған түрлі спорттық орталықтар бар. Соның бірі Қаскелеңдегі «Қарасай батыр» спорт кешені. Түрлі секцияларды қамтыған бұл сарай жаттығудан күндіз-түні босамайды. Соның ішінде, таеквандо шығыс жекпе-жегінің елімізге енгеніне аз уақыт болса да, жастардың бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары. Ақылмен қатар дене күшін қажет ететін сайысты таңдаған жасөспірімдер бүгінде табандылық танытып, үздік екендерін дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Мысалы, жуырда ҚР таеквандодан сегіз дүркін жеңімпазы, Алматы облысының аға жаттықтырушысы Сағыныш Қалымбетов баптаған бір топ батыл балалар Атырау қаласында таэквандодан өткен республикалық чемпионатта да бақтарын сынап қайтты. Мықтының шеберлігін анықтайтын бұл жарыстың негізгі мақсаты шығыс жекпе-жек спорт түрін дамытып, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау болатын. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында Республикалық таеквандо федерациясының өкілдері Ибраев Мақсұт Сансызбайұлы мен Чилманов Арман Константинұлы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Екі күнге созылған ел біріншілігінде еліміздің барлық өңірінен 469 таеквандошы қатысып, 2004-2006 жылғы жасөспірімдер әртүрлі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қарасайлықтар да бұл республикалық сайыста жеңіске лайықты екендерін көрсетіп, жүлделі орындарды қанжығаларына байлады. Атап айтқанда Асланов Алдияр (45кг), Мұсаханов Бексұлтан (49кг), Тілеужанов Аружан (55кг), Каримова Карина (55+кг) бірінші орынды иеленсе, Абдибай Ерсұлтан (33кг), Нұрғазин Мейір (65+кг) күміс медальға қол жеткізді. Ал Бекбосынов Жандос (49кг) пен Бейкутов Нұрлыхан (57кг) 3-ші орынға табан тіреп, үздіктер қатарынан көрінді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.