Қазақстан Халық партиясы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының сайлаушыларымен кездесті. Іс-шара жергілікті Мәдениет үйінде өтті. ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков ауыл тұрғындарын партия бағдарламасымен таныстырды.
Айта кету керек, Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында агро-өнеркәсіп кешендерін, ауылдық аймақтарды дамытуға айрықша көңіл бөлінген.
– Біз – қалалар мен ауылдардың таза ауасы, сәулетті келбеті үшін күресеміз! Әрбір елді мекен таза ауыз суға қол жеткізуі тиіс. Сумен жабдықтау мәселесі де ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мәселесіне айналып отыр, – деп атап өтті Асхат Асылбеков.
ҚХП Қазақстанда осы мәселені бақылай алатын су ресурстары министрлігін құру қажет деп санайды. Тіпті, шалғай ауылдарға кең жолақты интернет те жүргізу қажет.
Ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін Ұлттық Экономика министрлігінен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Сонымен қатар, өңірлік агро-индустриялық кластерлерді, агро-өнеркәсіп кешендері мен ауылдық аймақтарды дамытудың бірыңғай картасын әзірлеу қажет деп біледі Халық партиясы.
Осылайша, мыңға жуық елді мекен іс жүзінде ауқымды құрылыс алаңдарына айналады. Жаппай құрылыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындары құрылады.
Бұл қадам ауыл тұрғындары арасындағы жұмыссыздықты азайтып, тиісінше аймақтардағы ағайынның қалаға жаппай көшуіне тоқтам болады.
Халық партиясының тағы бір қағидасы – ауылшаруашылық жерлері латифундистерге емес, қараша халыққа тиесілі болуы керек. Қазір елімізде 100 млн гектар жер игерілмей жатыр. Осы орайда Халық партиясы батыл шешім ұсынып отыр. Демек, мұра боларлық жер телімін қараша жұртқа тегін пайдалануға беру дұрыс шешім. – Бірақ мұндай құқық қазақ жерінде «таң атып, күн батқанға дейін» адал еңбек еткен азаматтарға ғана берілуі тиіс, – деді А.Асылбеков.
Кездесу қорытындысында Асхат Зейноллаұлы 19 наурызда өтетін сайлауда белсенді болуды және әлеуметтік әділеттілікті мұрат еткен Халық партиясына дауыс беруге шақырды.
Қазақстан Халық партиясы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының сайлаушыларымен кездесті
Home » Жаңалықтар » Білім » Қазақстан Халық партиясы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының сайлаушыларымен кездесті