Кітап оқыған адамның ойы орамды қалыптасып, қоршаған ортаны жан-жақты тануы жақсы жетіледі. Құнды қазынамен дос болған жанның сауаттылық деңгейі артып, есте сақтау қабілеті қалыптасады. Қазір технология қарыштап дамығанымен, адамдарды кемелдендіруге бағыттайтын кітаптың орнын ештеңе алмастыра алмайтыны анық. Өйткені «Артық білім кітапта» деп ойшыл Абай бекер нақыл қалдырмаса керек.
Кітап оқудың пайдасы мен оған деген қызығушылықты арттыратын елімізде түрлі жобалар, ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Солардың бірі өткен аптада аудан орталығында орналасқан Қаскелең мәдениет колледжінде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, аталмыш оқу ордасы мен Алматы облыстық білім басқармасына қарасты облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы «Парасатты оқырман» жобасы аясында «Кітап оқы. Шабыттан» атты облыстық байқаудың салтанатты ашылу рәсімін өткізді. Оған жобаның мүшелері, Ұлттық кітапхананың өкілдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының кітапханашылары қатысты. Басты мақсат – білім алушылардың кітап оқу қызығушылығын жандандырудың тәжірибедегі мүмкіндіктерін ұсыну, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру.
Пленарлық отырысты облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік бөлім басшысы Шынар Исаханова ашып жүргізіп отырды. Жиын барысында алдымен колледждің директоры Саят Ақбасов сөз сөйлеп, қазіргі рухани жұтаңдау кезеңде осындай шаралардың өтуі өте құптарлық іс екенін айтты. Келген қонақтарға, әріптестеріне алғыс айтып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. Осыдан кейін сөз алған ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова «Оқитын ұрпақ – ұлт болашағы» атты баяндама оқып, халықтың кітап оқуға деген белсенділігін арттыру үшін жыл сайын түрлі жобаларды, жүйелі жұмыстарды атқару керектігін алға тартты. Ұлттық кітапхана директорының айтуынша, 2023 жылы оқырман халықтың үлесін 31%-ға жеткізу – басты міндет. Сонымен қатар, Бақытжамал Қайырбекқызы Қаскелең мәдениет колледжінде «кітапхана ісі» мамандығы бойынша үздік түлектер білім алып шығатынын жеткізіп, колледж ұжымына алғыс айтты.
Сонымен қатар, пленарлық отырыста Қарасай аудандық орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева, Қаскелең мәдениет колледжінің кітапхана бөлімінің меңгерушісі Жадыра Керімбаева кітапхана қызметін тиімді үйлестіруге қатысты ойларымен бөлісіп, кітап оқудың артықшылықтарына тоқталды. Ал М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі Надира Ниязбекова бұл жиында көпшілік қызыға тыңдаған озық идеяларымен бөлісті. Ол алдымен сөздің басын «Оқуға құштар балабақша» жобасын іске асыру ойымен байланыстырды. Оның айтуынша, кітапқа деген құмарлықты ояту балабақшадан басталу керек. Сондай-ақ, Надира Мухитдинқызы мектепте оқу сауаттылығын кітап арқылы арттыруды көздейтінін жеткізді. Бір мектепте бір кітапханашы аздық етеді. Сол үшін олар сынып жетекшілерімен тығыз қарым-қатынаста болып, кез келген әдеби шығармаларды ойын немесе қызықты сұрақтар арқылы талдау қажет. Сонда ғана кітапқа деген оқушының зейіні ашылады.
Тәжірибе алмасуға ұласқан пленарлық отырыстан кейін шығармашылық жұмыстар аясында колледж педагогтері шығынсыз өнім арқылы жасалған бұйымдар мен оқуға тиіс 30 кітаптың көрмесін ұсынды. Алдағы уақытта осы кітаптарды оқыған колледж кітапханашылары мен оқытушылар эссе жазу арқылы ойын қағаз бетіне түсіріп, бақтарын сынайды. Жазба жұмысы жоғары бағаға ие болғандар ағымдағы жылдың желтоқсан айында Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында марапатталатады.
Сонымен қатар, бұл тәжірибелік алаң барысында «Парасатты оқырман» жобасының мүшелеріне «Кітап оқы. шабыттан» облыстық байқау ережесі таныстырылып, «Мен қандай оқырманмын?» тақырыбында сауалнама жұмысы жүргізілді.
50 адам қатысқан облыстық байқаудың ашылуында колледж студенттерінің шығармашылық концерт қойып, келген қонақтарды керемет көңіл-күйге бөледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.