Еткен еңбектің, төккен тердің бағаланғаны – қай саланың маманы үшін бөлек мәртебе. Қалтқысыз қызметтің қоғам үшін тигізер пайдасы мол екенін ескерсек, демек оның да лайықты бағасы болуы тиіс.
Ел игілігі жолында осындай өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып жүрген азаматтар жақында ерекше марапатқа ие болды. Нақты айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Қазақстанның Құрметті азаматы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Мұндай құрметке жерлесіміз, ауданның Құрметті азаматы, өлкетанушы, жоғары санатты ұстаз Орынбасар Жанәділ де лайық деп танылып, білім саласына сіңірген еңбегі үшін І дәрежелі диплом мен арнайы төсбелгіге ие болды. Одан бөлек, ардагер-ұстаздың есімі «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» энциклопедиясына енгізілді.
Жоғарыда атап өткен маңызды марапатқа лайықтыларды таңдау үшін «BILIM-ORKENIETІ» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы арнайы байқау ұйымдастырғанын айта кету керек. Ел дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтарды жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында аталмыш орталық осындай бастамаға себепші болды. Байқаудың шарты бойынша оған қатысушылардың осы уақытқа дейін атқарған еңбегі, өзінің саласы бойынша жеткен жетістіктері сарапқа салынып, бағаланған.
40 жылдан астам ұстаздық еткен Орынбасар Басарұлының осындай елеулі істері оның бұл марапатқа лайықты екені рас. Жерлестері де жақсы біледі деген сенімдеміз. «Білім беру ісінің үздігі» бүгінде зейнеткер атанса да ұрпақ тәрбиесі үшін әлі де жұмыс істеуден жалыққан емес. Қоғамдық іске белсене араласып, өлкетану жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.