Көптеген жылдар бойы ауданның саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық және рухани дамуына себелі үлес қосып келе жатқан бір топ азаматтың еңбегі еленіп «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Жылдың соңғы аптасында Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтың төралығымен және қала және округ әкімдері, бөлім басшылары мен ауданның зиялы қауымының қатысуымен аудан әкімдігінде жиын өтті. Оның барысында аудан басшысы жиналғандарды жылдың тәмамдалуымен құттықтап, өңірде атқарылған ауқымды жұмыс аз болмағанымен келер жылы одан да көптеген істер тосып тұрғанын айтып өтті. Мұнан кейін Жасұлан Тоққожаұлы ауданның өркендеуіне үлес қосып, еңбегімен еленіп, белсенділігімен танылып жүрген бірнеше қарасайлыққа аудандық мәслихатының 2022 жылдың 15 желтоқсандағы № 30-6 шешімімен «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» куәлігі мен төс белгіні табыстап, атқарып жүрген жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Маңызды да ерекше атаққа құқық қорғау саласында көптеген жылдары еңбек еткен ардагер Ақан Абдраманова, сот саласында талай тер төгіп, адал жұмыс істеп, ел-жұртқа біліктілігімен танылған, ардагер заңгер Жангелді Байғожаев, өз шаруа қожалығын ашып, ауданымызда ғана емес, сондай-ақ облыс бойынша түйе шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жасап жатқан кәсіпкер Садық Дәулетов, ауданымыздағы этно ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген «Ахыска» түрік этномәдени орталығының директоры, ҚР адвокаттар Одағының мүшесі Илимдар Камилов және Астана қаласында өткен «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Үздік индустриялық жоба» номинациясын алған аудандағы «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорынының басшысы Нұрлан Ахметсадыков ие болды. Өз кезегінде ауданның «Құрметті азаматы» атанған А.Абдраманова мен Н. Ахметсадыков сөйлеп, атынан ауданның дамуына қосқан үлесі мен ұзақ жылғы қажырлы еңбектерін бағалап отырған аудан басшылары мен аудандық мәслихат депутаттарына ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Бұған қоса, шара барысында аудан әкімі Президенттің сайлау науқанына дайындық және оны өткізу жұмыстарына белсене қатысқаны үшін Сағат Мәсімақынов, Әмина Абдраманова, Ұлтусын Бархинова сияқты бірқатар қарасайлықтарға Мемлекет басшысының, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының, Алматы облысы әкімінің атынан Алғыс хаттар табыстады.
Аталмыш жиында жылдың үздігі, жыл қорытындысымен жоғары еңбек көрсеткішіне ие болған жас қызметкер де шет қалған жоқ. Нақтырақ айтқанда, шарада Жасұлан Тоққожаұлы таяуда өткен Алматы облысы әкімінің «Заңғар – 2022» жастар сыйлығының жеңімпазы «Үздік жас мемлекеттік қызметші» номинациясының иегері атанған аудан аппаратының ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Жарылқасын Талғатұлына облыс әкімдігінің дипломы мен жеңімпаз сертификатын салтанатты түрде табыстады. Мұнымен бірге Алматы облысының мемлекеттік қызметшілерінің арасында өткен зияткерлік «IQ-Doda» атты сайыста командалық ойын бойынша үшінші орынды жеңіп алған жас қызметкерлерге Алматы облысының ішкі саясат басқармасының дипломын табыстады.
Шара соңында аудан басшысы марапат иелерін құттықтап, оларға өз алғысын білдіріп, жиналғандарды мерекемен құттықтап, жаңа жыл ынтымағы мен бірлігі жарасқан аудан халқы үшін сәтті жыл болып, әр шаңырақта береке-бірлік, шаттық пен қуаныш орнасын деген тілегін білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.