Желтоқсан айының жетісі күні елордамыз Астанада «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш салтанатты кеште үздіктердің қатарынан табылған біздің ауданымызға қарасты Райымбек ауылдық округінде орналасқан «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорыны да болды. Нақтырақ айтқанда, ширек ғасырдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеп, еліміздің медицина саласына өлшеусіз үлестерін қосып келе жатқан кәсіпорын «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Жүлдені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі табыс етті.
Айта кетейік, халықаралық стандартқа сай жабдықталған кәсіпорын бүгінде еліміз бойынше ең озық өндіріс орындарының бірі болып табылады. Мұнда биология, медицина ғылымдарының кандидаттары, PhD докторанттар мен магистрлер адамдар мен жануарлардың ауруларын зерттеп, оған қарсы вакциналар мен әртүрлі препараттар әзірлеп, өндірумен айналысады. Ғылыми лабораторияда ғылыми-зерттеу жұмыстары мамандандырылған, заманауи құралдармен жабдықталған биомедицина және жасушалық биотехнология, микробиология, вирусология, паразитология зертханаларында физикалық-химиялық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық зерттеу әдістерін пайдалана отырып жүргізіледі. Сондай-ақ кәсіпорын базасында ғылыми-зерттеу, сынақ және өндірістік жұмыстармен қатар, биологиялық және дәрілік препараттарды өндіру технологиясы саласында, тағамдық қауіпсіздік сұрақтарына жауап табу мақсатында теориялық, практикалық дағдылармен алмасу үшін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің студенттерімен, магистранттарымен, докторанттарымен зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
«Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорынның мамандары ветеринарлық тәжірибеде жануарлардың аса қауіпті инфекциялық және инвазивті ауруларымен күресуге әзірлеген вакциналар, диагностикалық тест-жүйелер және биопрепараттар бүгінде елімізден бөлек Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ресей, Грузия және Армения елдері аумағында қолданылуда.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.