2017 жыл Қарасай ауданы, қала берді Алматы облысы үшін «үлкен рухани» серпіліс жылы болды. Олай деуіміздің басты себебі сол жылы ауданымызда бірқатар тарихи мекемелер ашылып, өз жұмысын бастаған еді. Солардың қатарында Шамалған ауылында бой көтерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент–Елбасы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы да бар. Бүгінгі күні оған келушілер саны 50 мыңнан аса адамды құрайды. Бұл орталық аудан жұртшылығы мен қонақтары үшін құнды жәдігерлерден құралған, арихитектурасы ерекше, танымы мол, өткен тарих пен бүгінгі жаңашылдық үйлесім тапқан, рухани құндылықтарды дәріптейтін мәдени ордаға айналған.
1 желтоқсан орталықтың ашылғанына 5 жыл толуына орай «Атамекен» фотоальбомының және «Ұлттық теңге – Тәуелсіздігіміздің нышаны» атты жаңа экспозициясының ресми тұсаукесер шарасы ұйымдастырылып, Қарасай және Жамбыл ауданындағы музей қызметкерлерінің қатысуымен ауқымды кеш өтті.
Алдымен шараның шымылдығы «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің дайындаған концерттік бағдарламасымен түрілді. Одан кейін бұл күнгі мерейлі салтанатқа арнайы келген қонақтарға орталықтың бірінші залында Аббастық, Шыңғысхан, Жошы әулеттері және Қарахан мен Жошы мемлекеттерінің және тағы да басқа осы сынды ерекше үлгідегі тарихи монеталардың сурет көрмесін таныстырылды. Ал екінші залда «Ұлттық теңгеміз – Тәуелсіздігіміздің нышаны» атты экспозициясының ресми ашылу салтанаты өтіп, оның лентасын Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлнұр Домбай мен «ҚР Ұлттық Банкі» Алматы қалалық филиалының музей меңгерушісі Гаухар Санғұлова кесті. Мұражайдың бұл бөлігінде 1993 жылдан бері төл теңгеміз айналымға енгеннен бері қолданыста болған барлық валюталары кезең-кезеңімен қойылған. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев, Роза Бағланова және басқа да танымал тұлғалардың мерейтойына арналған шектік таралымда жарық көрген монеталар да музейдің сөрелеріне орналастырылған. Жаңа экспонаттар алдағы уақытта келушілер жақынырақ танысуы үшін қолжетімді болып, көпшіліктің көзайымына айналары сөзсіз.
Шараның екінші бөлімінде «Атамекен» фотоальбомының салтанаты тұсаукесері өтті. Бұл рәсімге Гүлнұр Келісқызы мен аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова қатысып, көпшілікке кітапты таныстырды. Одан кейін келген қонақтар дөңгелек үстелде бас қосып, ашылғанына бес жыл ғана уақыт өтсе де алыс-жақын шетелдегі қонақтарды қабылдап жүрген «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін айтып, бұл мекеменің басқалардан несімен ерекше екені жайлы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Осындай мәдени мекемелерді басқарып жүрген Жамбыл ауданының «Сүйінбай Аронұлы», «Жамбыл Жабаев», «Саяси қуғын-сүргін құрбандары», «Үмбетәлі Кәрібаев» және өзіміздің «Батыр бабалар» музейлерінің меңгерушілері өз қатарындағы жас орталықты бес жыл толуымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Шараның соңында «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қызметкерлеріне Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысының Алғыс хаттары табыс етілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.