Жер-жаһанға аты шығатын ғалым да, батыр да, ақын да, тіпті, көкті бағындыратын ғарышкер де барлығы ұлағатты ұстаздың ақылымен бой түзеп, берген тәлім-тәрбиесімен өз жолын табатыны айтпасақ та ақиқат.
Оқушының санасына білім нұрын шашатын бұл ғаламда мұғалімнен асқан мейірімді жан табылмас. Олар – келер ұрпақтың келешегін кемел етіп, алар асуына ақылмен жетуге жетелейтін ата-анадан кейін тәрбиенің тізгінін ұстаушы жандар. Еткен еңбектің, төккен тердің зейнетін көріп, шәкірттерін шыңдаудан жалықпайтын, меңгерген мамандығымен мемлекеттің алдында міндетін мінсіз атқарып жүретін мұғалімдердің рөлі қашанда зор.
Жіпке тізгендей осындай қасиеттердің иесі, жеткен жетістігімен мақтануға жаны жақын емес, тек оқушыларын озат ету жолында талмай табандылық танытуды мақсат еткен Айнұр Әбішева сондай ұлағатты ұстаздардың қатарында. Жақында Алматы облысының абыройын асқақ етіп, «Үздік педагог – 2022» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетовтің өз қолынан лайықты марапатын алып, құрметке бөленді. Осындай мерейлі мақтауды тілге тиек етіп, білім көкжиегінде ауданның атын шығарған Қаскелеңдегі Абай орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Айнұр Әбжәлелқызы жайлы қалам тербеуді жөн санадық.
Сыр елінің тумасы өскен өңірі – Қызылорда қаласындағы №171 Ғани Мұратбаев атындағы қазақ орта мектепті 1987 жылы аяқтаған. Мектеп қабырғасында оқып жүріп педогикалық бағытта қызмет етуді жөн санап, алғаш еңбек жолын балабақшада бастаған.
Мұғалім болуды мақсат еткен Айнұр Әбішева 1989 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтқа түсіп, аталмыш оқу ордасының тарих факультетін 1994 жылы қызыл дипломмен тәмамдаған. Осыдан кейін бірден Жамбыл гидромелиоративтік институтқа жұмысқа орналасып, тарих пәнінен сабақ берген. Уақыт өте келе Айнұр ұстаз білімін шыңдау мақсатында Алматы шаһарында аспирантураға оқуға түскенімен,белгілі бір себептерге байланысты оны жалғастырудың реті келмеген. Алайда бұл арманына мұғалімдік қызметте жүріп жеткен. 2016-2018 жылдары Шымкент қаласындағы университеттің бірінде «педагогика ғылымдарының магистрі» дәрежесінде білім алды.
Десе де жоғарыда атап өткендей білім қуған ұстазды Алматы қаласы аспирантураға емес, өмірлік жарын табуға асықтырған десек артық айтқандық болмас. Өйткені алып шаһар сол кезде тағдырдың таңдауымен оны Манасбек есімді азаматпен жолықтыруды нәсіп еткен. Қос жүректің қалауымен 1995 жылы екеуі шаңырақ көтерді. Бақыттың бесігінде тербелген орнықты отбасында 1996 жылы Аяжан, 1998 жылы Мағжан және 9 жылдан кейін дүниеге Бекнұр есімді балалары өмірге келді. Үйдің отағасы Манасбек Рысбеков бүгінде жол саласында жемісті еңбек етіп келеді. Алматы облысына қарасты маңызды трассаларда жауапты қызметте істеген. Осы бағыттағы қызметін әлі жалғастыруда.
Айнұр Әбішева Алматыға келіп, Манасбек ағамызбен отасқаннан кейін 1996 жылы Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектепке (қазір мектеп-гимназия) мұғалім болып орналасқан. Сол кезде аталмыш білім ошағының басшысы Мәрия Мұқанова өзі қабылдаған. Бүгінде Мәрия Хамзақызы екеуінің арасындағы сыйластық әлі күнге дейін үзілмеген. Сонымен қатар Айнұр Әбжәлелқызы елге еңбегі сіңген белгілі азаматтардың ұстазы атанған, көпке сыйлы, абыз ақсақал, бір ғасыр ғұмыр кешкен Сейітхан Исаевпен бірге әріптес болып, Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында еңбек еткен. Айнұр мұғалімнің айтуынша, бұл кезең өміріндегі, мұғалімдік жолдағы өшпес, тарихи сәттердің бірі болып қала бермек.
Айнұр Әбжәлелқызының біз айтқан үш баласының екеуі өзі еңбек етіп келе жатқан Абай атындағы орта мектеп-гимназиясын бітірген. Үйдің кенжесі де аға-әпкелерінің жолын жалғап, осы білім ұясында 10 сыныпта оқиды. Балаларының ішінде Мағжанның сабаққа деген алғырлығы ерекше болып, зеректігі мен бойдағы білімінің арқасында сыныптан сыныпқа секіріп, әпкесі Аяжанмен қатар мекттепті бірге аяқтаған. Екеуі де оқушы кезінде ғылыми жобаларын сәтті қорғап, соның жемісті нәтижесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не грантқа оқуға түсті. Жоғары оқу орнын сәтті бітіріп, екеуі де Италияда магистратуралық дәрежеде білімдерін шыңдауды мақсат етіп оқуға түскен. Бүгінде Мағжан оны аяқтап, өз саласында еңбек етсе, Аяжан шетелдегі оқуын жалғастыруда.
Айнұр Әбжәлелқызының ұстаздық жолындағы еңбектеріне тоқталар болсақ, ауыз толтырып айтар, өзінен кейінгі ізбасарларына үлгі боларлықтай жұмыстары жетіп артылады. Мәселен, Қарасай ауданы бойынша 13 жетекшілік мектептің бағыттаушылары болса, солардың басшысы, яғни, бүгінде «Ағартушы» кәсіби қоғамдастықтың төрағасы ретінде Айнұр Әбішева бекітілген. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – барлық пәндерге қатысты сабақты зерттеу арқылы білім сапасын арттыру. Осы бағытта жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Одан бөлек Айнұр мұғалім Қарасай ауданында «Атамекен» тарих пәні мұғалімдері ассоциясының төрағасы болып табылады.
Тақырыбымызға тұздық болып отырған ұстаздың Ұлттық біріңғай тестілеудегі тарих пәні бойынша нәтижесі 2011 жылы министрліктің тарапынан жоғары бағаға ие болып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына лайық деп танылды. Бұл да еңбектің елеулі екенін айқындайды. Айнұр Әбжәлелқызы сонымен қатар «Тарих кеңістігі», «Көне жәдігерлер мұрасы» сияқты қолданбалы курсы бағдарламаларының авторы. Мұғалімнің мұндай еңбектерін кейбір мектептің тарихшылары өздерінің сабақ жоспарына пайдалы ақпарат ретінде пайдалануда.
Расымен де 34 жылдық еңбек өтілі бар, ағартушылық бағытынан таймаған Айнұр Әбішевадай ұстаздың жасаған жұмыстарын мақтанышпен айтуға болады. Білім саласында саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін сарп еткен еңбегі жақында республикалық деңгейде бағаланғанын айтпасқа тағы болмас. Ол – «Үздік педагог – 2022» атағы.
Биыл бұл байқаудың ақтық сынына еліміз бойынша балабақшалар мен мектептерден 103, колледждерден 20 ұстаз іріктеліп алынған. Соның арасынан біздің жерлесіміз Айнұр Әбжәлелқызы да табылды. Ұстаздың аталмыш байқауға қатысуына Қарасай аудандық білім бөліміндегі тарих пәні мұғалімдерінің әдіскері Айнұр Нұрғазының ұсынысы себеп болған. Осылайша екі Айнұрдың ортақ ойы республикалық байқауға дейін жетуіне ықпал етті. Алдымен тарихшының жұмысы онлайн түрде аудандық, облыстық дәрежеде зерделеніп, кейін республикалық байқауда бағаланды. Ақтық сында жерлесіміз Астанаға арнайы барып, Оқу-ағарту министрлік өкілдерінің алдында 40 минуттық ашық сабақ өткізген. Сөйтіп, көптің арасынан топ жарып, Алматы облысы бойынша үш мұғалім үздік деп танылса, соның бірі Айнұр Әбішева болды.
Республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау сәті елордада салтанатты жағдайда өтті. ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бұл басқосуда үздіктерді арнайы марапаттады. Қарасайдың ғана емес, облыстың абыройын арттырған Айнұр Әбжәлелқызы министрдің өз қолынан «Үздік педагог – 2022» атағына тиесілі төсбелгі мен қомақты қаржының сертификатын алды.
Мерейлі марапаттың иесі бүгінде шәкірттерімен де мақтанады. Перизат Асылхан, Ержан Нүсіпов, Дамир Жүнісов сынды қанаттанған оқушыларының жетістіктері олардың өміріне азық болғанына сеніммен қарайды. Сондай-ақ өзінің жетекшілігімен мектептен түлеп ұшқан, балаларындай болып кеткен білімгерлерін мақтан тұтады. Әлі күнге дейін ұмытпай кездесу кештеріне шақырып тұрғанының өзі ұстаздық дәрежесінің құнды екенін сездіруде.
Аз уақытта тілдесіп, біз таныған Айнұр ұстаз, міне, осындай. Әңгімелесу барысында мамандықтан да, жар таңдаудан да жаңылыспаған аяулы жаннан «ұстаз қандай болу керек?», «бұрынғы мен бүгінгінің мұғалімдерінде айырмашылық бар ма?» деген сауалдар қойылған еді. Айнұр Әбжәлелқызының айтуынша, қазіргі заманда ұстаз атану – баяғымен салыстырғанда жеңілдеу.
«Әрине, бұл ойыммен көбі келіспеуі мүмкін. Бірақ қазіргі заманның мұғалімдеріне барлық жағдай жасалған. Ізденуі үшін ғаламтор арқылы ақпарат та қолжетімді. Атқарылатын жұмыстың біразы электрондық жүйе арқылы жүзеге асырылады. «Педагог мәртебесі» деген туралы Заңды шығарды. Осының барлығы мұғалімге қолайлы жағдай. Енді тек сапалы білім берумен ғана айналысу керек», – деп пікірімен бөлісті Айнұр Әбішева.
«Кез келген ұстаз – оқушыға үлгі болатын тұлға. Ол өте мәдениетті, шыдамды, сыпайы, шығармашыл, білімді болуы маңызды». Дәл осы ойлардың авторы да біздің кейіпкеріміз. Ұстаздың ұғымынша, бала мен мұғалімнің арасында тосқауыл болмауы тиіс. Яғни, егер олар оқушыны жақсы көріп, ашық сөйлесіп, жақын тартса, оның да сабаққа деген қызығушылығы, ұмтылысы арта түсетіні анық.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.