Қазақ халқында қыз баланың орны айрықша. Ата-бабамыз нәзік жандыларды үнемі құрметтеп, оған төрден орын берген. «Қыз – қонақ» деген сөзді бала күнімізден көп естіп өстік. Нәзік жандыларды дінде де айрықша бағалаған. Ислам дінінде күйеу жігіттің жарына ақшалай немесе дүние ретінде берілетін сыйлығын «мәһр» деп атайды. Шариғатта онсыз неке қиылмайды. Ал оның көлемін тек қалыңдық қана анықтайды. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде танымалдылыққа ие болып, қызу талқыға түсіп жатқан исламдағы бұл жауапты сыйлықты мән-маңызын анықтау үшін оның мағынасын зерттеп көруді жөн санадық.
Жақында драматург Сая Қасымбектің имам алдында мәһрге қымбат көлік сұраған қыздың оқиғасы ғаламтор желісінде қызу талқыға түскен еді. Оның айтуынша, қыз бен жігіт некелесу үшін мешітке барған. Имам қыздан: «мәһрге не сұрайсың?» дегенде «Hummer» көлігін атаған. Болашақ жарының қымбат көлік сұрағанына жігіт үнсіз орнынан тұрып, «той болмайды» деп, ешкімге қарамай шығып кеткен. Жігіт достарының бірі қыздың «ойнап айттым» дегенін естіген, ал жігіт «Құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес» деген жауап қайтарған.
Жазбаның астында пікір қалдырған желі қолданушыларының ойлары екіге бөлінді. Бірі қыздың қымбат сыйлық сұрағанын, енді бірі жігіт болашақ жарының еркелігін көтере алмағанын сынға алды. Сондай-ақ пікір қалдырғанның көбі мәһр арабтың салты, қазақта ерте кезде мұндай дәстүрдің болмағанын жазған. «Қап-ай! Молдалар кінәлі. Қазақта жоқ нәрсені неге айтады?» «Мәһрдың қазаққа қатысы жоқ деп имамдар да айтты ғой», «Қыздың ашкөздігі кінәлі. Оған несіне мұсылманның салтын кінәлайды?», «Маһр – арабтың салты», «Ақылы бар жігіт екен», «Ұят-ай! Құдай бетін ары қылсын!», «Жігіт те бір дүлей екен. Шықпағаны дұрыс болған», «Жастық, еркелік қой. Болашақ жарын сынап көргісі келген болар», – деп жазыпты.
Иә, бұл расымен күні кеше болған оқиға. Жазбадағы пікір қалдырушылардың көпшілгі мәһр сыйлығының атын естігенімен мәнін білмейтін секілді. Имандылық жолын ұстанған еліміздегі болашақ ақ босаға аттайтын нәзік жандылар бүгігі таңда мәһрге не сұрап жүр? Егер мәһр сыйлығын алып бермесең, ер азаматтар күнә арқалайды ма? Осы және өзге сұрақтардың жауабын білу үшін Алматы облысы бас имамының орынбасары, Қарасай ауданының бас имамы Дәуренбек Жандосұлымен сұхбаттасқан едік.
Ауданның бас имамы ерлі-зайыптыларға қатысты тақырыптың төңірегінде ғибратты ойын айтып, шариғат жолын түсіндіріп, көптің көңілінде жүрген сауалдарға жан-жақты жауап берді.
– Ақ көйлек киіп, ақ некеге отыру – әрбір қыздың арманы десек те болады. Ал тұрмысқа шыққанда ақ некені шариғат әдісімен мешіттен қияды. Қазір жас жұбайлардың көпшілігі мешітте некесін қидырып, ерлі-зайыпты атанады. Бұл тұста мұсылмандық шарт бойынша қиылған некенің артықшылығын білген жөн. Шариғат жолымен неке қиғанда бас имамдар жас отбасыларға жұбайлық өмірдің мән-жайын түсіндіріп, бір-бірінің алдындағы жауапкершілігін атайды. Оның ішінде ерінің разылығын алу үшін әйелдің өз міндеттері бар. Сонымен қатар жанұяда ер азаматтың жауапкершілігі өте жоғары. Осылар аталғаннан соң мешітте ер жігітке әйелінің қалауын орындап, белгілі уақыт ішінде сыйлық алып беруі шарт етіледі. Оны «Мәһр сыйы» деп атайды. Ислам дінінде әйел адамға өз өмірінде үлкен маңызға ие болатын тұрмыс құру мәселесінде оған тең құқықтар береді. Мәһр – соның бір көрінісі , – дейді ауданымыздың бас имамы.
Дін өкілдерінің айтуынша, сыйлық түрі болғандықтан мәһрдің мөлшері белгіленбейді екен. Алайда «Ханафи мазһабы» бойынша бұрындары 10 дирхамнан кем болмапты. Ол кезде 10 дирхам бір алтын динарға тең болса, оның өлшемі 4,25 грамм алтыннан кем емес деген сөз. Демек, қазір мәһр сыйын беретін ер азаматтар бүгінгі бағамен есептелетінін білгені жөн. Мәһр әйелдің келісіміне қарай, ақша немесе зат болуы да мүмкін. Мәһрдің маңызы туралы Құранда («Ниса» сүресі, 24-аят) баяндалады. Мәһр қалыңдыққа берілетін түрлі бағадағы құн ғана емес, керісінше қоғамдағы әйелдің беделі және ақысы саналатын сыйақы. Исламнан бұрынғы дәуірде арабтарда «Ниһлә» деп аталатын қыздың құны берілетін болған. Оны тек қыздың өкілдері алатын. Ал исламда әйел адам мәһрдің құнын өзі белгілеп, өзі жұмсайды. «Олардың біріне (әйелдерге) жүк-жүк мәһр берсеңдер де одан бірде-бір нәрсені кері алмаңдар» («Ниса» сүресі, 20-аят).
Бірақ имам Дәуренбек Жандосұлы Мұхаммед Пайғамбардың «Әйелдердің ең хайырлысы – мәһрі жеңіл болғаны» сөзін келтіріп, «пәтер», «көлік» деп мәһрін шарықтатпағаны дұрыс дейді. Ол, әсіресе, кең етек жайған «қалыңмал» дәстүрін де барынша жеңілдеткен дұрыс деп санайды.
Дегенмен жас жұбайлар неке құю кезінде белгіленген мәһр сыйын беру – ер азаматтың міндеті. Олай дейтініміз, егер ерлі-зайыптылар жұптары жараспай, айырылысқан жағдайда әйелі ерінен мәһрге алған дүниесін сатып, бала-шағасының керегіне жаратады екен. Мұның маңызы да осында. Сол себепті нәзік жандылар мәһрге көбіне құнды зат сұрайды.
Ал, егерде ер азамат мәһр сыйлығын бермесе ол күнә болып есептеленді, өзге қарыздар секілді мойынында тұрады дейді дін өкілі. Әйел – ердің аманаты. Қыз баланың барлық шығынын тұрмысқа шыққанға дейін ата-анасы көтерсе, ұзатылғаннан соң ер азаматы, жолдасы керек дүниемен қамтамасыз етеді. Мәһрін беріп қиылған неке әйелінің арнайы қалың малдан бөлек өзіне тиесілі сыйлығын берген болып есептеледі. Егерде жолдасы белгіленген уақыт аралығында беруге тиесілі мәһрді алып беруге жағдайы жетпесе әйелі түсіністікпен қарап, сабырлықпен күткен жөн. Кішкентай мәселден басталған әңгіме үлкен дауға ұласып кетуі оп-оңай. Сондықтан қанағатты ұмытып құрметсіз қалатынымызды естен шығармағанымыз ләзім.
Бұрым ОРЫНБАСАР.