Алдағы уақытта өтетін «ҚазМұнайГаз»-дың IPO-на дейін мүлдем аз уақыт қалды. 2022 жығы желтоқсанда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мұнай және газ өндіру операторының акцияларын қор биржасына шығаруды жоспарлап отыр. Қазақстан халқының компанияның тең иесі болуға, оның акцияларын сатып алуға және одан аздап та болса пайда табу мүмкіндігі бар.
Алаяқтар да қарап қалмай, қазақстандықтардың сенгіштігін пайдаланып, олжаға кенелу жолдарын қарастыруда. Әлеуметтік желілерде мезі еткен жарнама арқылы олар «IPO шеңберінде» ірі қазақстандық компаниялардың акцияларын сатып алу бойынша онлайн-қызметтер ұсынуда, алайда ақша қолға түскен соң олар іздерін суытып, жоқ болады.
Нағыз инвестициялық делдалдарды жалған брокерлерден қалай ажыратуға болатыны жөнінде Fingramota.kz. айтып береді.
IPO деген не?
IPO (Initial Public Offering) – биржада акциялар орналастыру арқылы акционерлік қоғамның акцияларын инвесторлардың шектеусіз тобына алғашқы жария ұсыну. IPO-ның нәтижесінде компания акциялары биржадан тыс айналыста болатын жеке компаниямен салыстырғанда жария компанияға айналады, оның есептілігі – айқын, ал оның шығарған бағалы қағаздары инвесторлардың кең аясы үшін қол жетімді болып келеді.
«Самұрық-Қазына» АҚ-қа кіретін мемлекеттік стратегиялық компаниялардың IPO-сы 2021-1025 жылдарға арналған Жекешелендіру жоспарының аясында өткізіледі. Таяудағы үш жылда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мемлекеттік қордың құрылымына кіретін бірнеше компанияның акцияларын IPO-ға шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жерде, ерекшелігі, аталған компаниялардың акциялары қатардағы қазақстандықтар үшін қол жетімді болмақ. Алайда, азаматтар бағалы қағаздарды тек Қазақстанның қор нарығында заңды түрде жұмыс істейтін инвестициялық делдалдар арқылы сатып ала алады.
Жалған брокерлер деген кімдер?
Олар алаяқтар – жеке адамдар немесе жосықсыз қызмет белгілері бар компаниялар. Олардың қолында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензиясы жоқ.
Олардың кейбіреулері Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылмайды, тиісінше, қазақстандық қаржы реттеушісі олардың қызметін бақылау және қадағалауды жүргізбейді. Олардың офистері біздің елімізде орналаспаған, сондықтан жалған брокерлерді табу, және де алдап қолға түсірген халықтың ақшасын қайтару құқық қорғау қызметтеріне қиынға түседі. Ісін жаңадан бастаған инвесторлар өз қаржысын басқа елдің лицензиясына ие осындай компанияларға сеніп тапсырады. Бұл жерде, брокердің ұсынған лицензия жалған немесе шынайы болуына байланыссыз, олардың өз қызметтерін Қазақстанда ұсынуға құқығы жоқ екендігін білген маңызды.
Алаяқтар қандай қулыққа барады?
Брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асыру қызметін бүркемеленіп, өздерін табысты және болашағы бар компаниялардың қызметкерлері деп таныстыратын жалған брокерлер алдағы «уақытта өтетін IPO шеңберінде» азаматтардан ақша тартады.
Алаяқтардан тіркелмеген нөмірлерден қоңыраулар, электрондық хаттар және бағалы қағаздарға инвестициялауға байланысты жалған құжаттардың сканерлері бар хабарламалар қайта-қайта келуі мүмкін. Қаскүнемдер мүмкіндігінше сенгіш клиенттерді агрессивті жарнамамен тартуға тырысады, азаматтарға тұрақты, жоғары кіріс көзіне кенелуге уәде беріп, адастырады. Олардың нысаналы аудиториясы – инвестициялық ғажайып платформалар арқылы тез және оңай ақша тапқысы келетін адамдар. Сенімді болу үшін алаяқтар ірі компаниялардың логотиптері мен атауларын, мысалы, «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», Kaz Minerals және басқаларын пайдаланады.
Осылайша қаскүнемдер жұмысын жаңадан бастаған инвесторлардың білімі мен тәжірибесі жоқ екенін пайдаланады. Ал цифрландыру және қашықтан ақша табу мүмкіндігі дәуірінде олар өздерінің шынайы бетпердесін жасыруға және қолжетімсіз болып қалуға мүмкіндік алды.
Клиент сеніп, «жеке менеджердің» банктік шотына немесе картасына ақша аударғаннан кейін, жалған брокерлер оларға жоғары кіріс көрсететін-мыс есептер мен графиктерді ұсынады. Бірақ мұның бәрі шын мәнінде ойдан алынған, ештеңемен расталмаған сандар. Көбіне олар мұнымен тоқтап қалмай, одан да көп кіріске уәде ете отырып, өз құрбандарынан қосымша қаражат алуды жалғастырады.
Ақшаны алдап алудың әртүрлі әдістері клиент компанияның заңды қызметіне күмән келтіріп, олардың заңдылығын тексере бастағанға дейін немесе өз шотынан «еңбек сіңірілген» ақшаны алуға тырысқанға дейін бірнеше рет қайталанады. Бұл жағдайда алаяқтар қосымша қаржы салуды талап етіп, ақшаны қайтарудан жалтарады, содан кейін клиенттің ақшасымен мүлдем жоқ болып кетеді.
«Инвестициялық» делдалдарды қалай тексеруге болады?
Ақшаңызды бейтаныс адамдарға немесе компанияларға сеніп тапсырмас бұрын, олардың Қазақстанда жұмыс істеу үшін тиісті лицензиясының бар-жоғын тексеру қажет. Осындай лицензиясы бар брокерлік және дилерлік ұйымдардың тізімін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің www.gov.kz сайтынан «Тізілімдер және рұқсаттар» бөлімінде көруге болады.
Агенттіктің интернет-ресурсында көрсетілген инвестициялық делдалдың деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелермен сәйкес келуі тиіс екенін ескеру маңызды. Сондай-ақ қаржылық есептілікті, биржалардағы белсенділікті, сондай-ақ басқа клиенттердің пікірлерімен танысу қажет.
Агенттіктің интернет-ресурсында және Fingramota.kz сайтында қызметінде лицензияланбаған қызметтің немесе қаржы пирамидасының белгілері анықталған субъектілердің тізімі орналастырылған. Қазіргі уақытта тізімге қызметі қаржылық лицензиялау және реттеу аясынан тыс орналасқан 159 субъект кіреді. Бұл тізім жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтініштері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының сұрау салулары негізінде қалыптастырылады. Онымен міндетті түрде танысыңыз!
Жалған брокерлерді тануға көмектесетін негізгі белгілер:
1) салынған ақшаның есебінен қысқа мерзім ішінде қомақты пайда табуды уәде ету;
2) лицензия туралы ақпарат ұсынудан бас тарту не лицензияның болмауы;
3) брокерлік компания сайтының мекенжайын атаудан бас тарту, интернетте ол жайлы ақпараттың болмауы немесе компанияның сайтында компанияның меншік иесі, заңды мекенжайы мен байланыс деректері туралы мәліметтердің болмауы;
4) қаражатты «жеке менеджердің» банктік картасына аудару туралы өтініш білдіру;
5) «брокер» менеджерінің тәуліктің кез келген уақытында жасырын нөмірден немесе әртүрлі нөмірден қоңырау соғуы;
6) дөрекі немесе кәсіби емес іскерлік байланыс;
7) «Халықтық ІРО», «Тиімді инвестициялау», «Инвестицияларға арналған платформа» және басқа да сөздерді қолдану арқылы интернетте, әсіресе әлеуметтік желілерде агрессивті және жалықтыратын жарнама жасау.
Инвесторларды қорғаудың қосымша шаралары
Агенттік қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту шараларын қабылдайды. Осылайша, 2022 жылғы 12 шілдеде Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң және басқа да заңға тәуелді актілер қабылданды. Онда бірқатар маңызды түзетулер көзделген:
– біріншіден – брокер және (немесе) дилер білікті инвесторлар болып табылмайтын инвесторларға олардың біліктілік деңгейін ескере отырып, қызметтер көрсетеді. Яғни, брокерлер тәуекел бейіні мен біліктілік деңгейін ескере отырып, белгілі бір клиентке инвестициялық ұсынымдар беруі керек;
– екіншіден, Заңда қызметтерді, оның ішінде Forex нарығында Қазақстан азаматтарына қызметтерді тек Агенттік лицензиялайтын брокерлердің ғана көрсетуге құқылы екендігі көзделеді. Бұл ретте инвестициялық консультация беру жөніндегі қызметтерді тек брокерлер мен инвестициялық портфельді басқарушылар ғана ұсынуға құқылы. Егер клиент осы ұсынымдар негізінде инвестициялау нәтижесінде шығынға ұшыраған жағдайда, заң бір мезгілде ұсынылған инвестициялық ұсынымдар үшін брокерлер мен басқарушылардың жауапкершілігін белгілейді;
– үшіншіден, жосықсыз нарықтық практикаларды жою мақсатында қаржы құралдарының құнына ықпал ететін мәмілелер жасау ғана емес, сондай-ақ өтінімдер беру (баға белгілеуді жариялау) және дұрыс емес немесе жаңылыстыратын ақпарат тарату да капитал нарығындағы бағалармен айла-шарғы жасау ретінде танылатын болады.
Жұмысын жаңа бастаған инвесторлар пайданың әрдайым болжамды тәуекелге сәйкес болатынын естен шығармау керек. Сондықтан жұмысын адал атқаратын брокер шығындар тәуекелі туралы ескертпей тұрып қомақты пайдаға уәде бермейді және қандай да бір ІРО шеңберінде инвестициялардың қайтарылатынына кепілдік бермейді.
Абайлаңыз, барлық ақпаратты тексеріңіз және Figramota.kz-ті оқыңыз!