Бүгінде еліміздің барлық облыстарында оның ішінде оларға қарасты аудандарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте аптаның сейсенбісі күні ауданымызға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Бекинов арнайы іс-сапармен келді.
Жұмыс жоспарына сай Нұрсұлтан Берікұлы алдымен орталық кітапханада аудан әкімдігінің активімен кездесті. Аудан басшысы Жасұлан Естенов жүргізген жиын барысында Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары қатысушыларға 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырып, тиісті жоспарда айқындалған бірқатар іс-шаралар жайлы кеңінен айтып өтті. Аудан активін, мемлекеттік қызметшілерді, облыс халқы үшін сезімтал құқықтық қатынастардың түрлі салаларындағы жағымсыз алғышарттарды жоюға белсенді қатысуға шақырды. Бұған қоса, спикер басшылықтың қарамағындағыларға сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігін еске салып, агенттіктің call CENTRA 1424 жұмыс принципін атап өтті.
Аталмыш кездесуден кейін Нұрсұлтан Бекинов жеке қабылдауын өткізіп, бірқатар қарасайлықтардың өтініштерін тыңдады.
Мұнан кейін ол «Атамекен» ҰКП Қарасай аудандық филиалының ғимаратында «Efes Kazakhstan» АҚ, «Хамле компания ЛТД» ЖШС, «Aport Mall» сияқты ауданның ірі кәсіпорындарының басшыларымен кездесті. Басқосу барысында мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез-келген заңсыз араласуы, адал бизнесмендердің жұмысына кедергі келтірулеріне қарсы антикордың қабылдап жатқан шаралары туралы айтылды.
Жұмыс кестесіне сәйкес Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасарының соңғы барған жері Қаскелең қаласындағы Сүлейман Демирел атындағы университет болды. Ол жерде Нұрсұлтан Берікұлы студенттермен кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін облыстың жоғары оқу орындарында және колледждерінде «Саналы ұрпақ» студенттік клубтары жұмыс істейтіні туралы айтып, олардың негізгі мақсаты білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою, жалпы білім алушыларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру екендігін жеткізді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Бекинов білімгерлерді парасаттылық пен адалдық қағидаттарын ұстануға және оларды дамыту жөніндегі жұмысқа белсенді тарту бойынша жұмыс жүргізуге шақырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тетіктері талқыланды
Home » Жаңалықтар » Жемқорлыққа қарсы » Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тетіктері талқыланды