Соңғы жағдайларға байланысты бүгінде елімізде билік өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін шектен тыс қымбаттап кетпеуін бақылауда ұстауда. Барлық аймақтарда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсірмеу бағытында жұмыстар атқарылып келеді. Дегенмен күнделікті тұрмыста көріп жүргеніміздей, қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттауда. Мәселен, соңғы статистикаға сүйенсек, биыл қыркүйекте ас атасы нанның құны өткен жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда айтарлықтай 19,4%-ға өскен. Ал кей аймақтарда қымбаттау, тіпті, 48%-ға дейін жеткен. Қара бидай нанының бағасы 24,7%, жоғары сортты ұннан жасалған бидай наны 28,2%, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны 14,4%, кесілген нанның бағасы 28,1%-ға өсті. Бір сөзбен айтқанда, барлық өңірде нан қымбаттады.
Бұл мәселе біздің ауданымызды да айналып өтпегенімен, Қарасайда нанның бағасы өткен жылмен салыстырғанда қатты өспеген. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы ауданымызда орналасқан үлкен сауда үйлері мен шағын азық-түлік дүкендерінен нанды 65-75 теңге сатып алуға болатын болса, ағымдағы жылы «Magnum», «Toimart» сияқты сауда нысандарында бір бөлке нанның бағасы 80-85 теңге. Бірақ бұл жерде айта кететіні, бұл баға тек әлеуметтік нанға ғана байланысты. Ал нанның өзге түрлерінің бағасы 110-200 теңгеге жеткен.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Әсет Оспанбековтің айтуынша, өзге өнімдер қымбаттағанымен, әлеуметтік нанның бағасы көтерілмейді.
– Ауданда тұрғындарды нанмен қамтамасыз етуде кідіріс жоқ. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында біз өз тарыпымыздан сауда орындарындағы әлеуметтік нанның бағасы бойынша жиі мониторинг жүргізіп отырамыз. Бұған қоса бағаны бір қалыпты етіп ұстап тұру үшін бүгінде «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» АҚ-нан жыл басынан бері 370 тонна бірінші сұрыпты ұн сатып алынды. Бұл ұн «Ахмет плюс», «Бычкова» ЖК, «Бал Бал», «Сапа голд», «Қожамқұлов» атты бес наубайханаға бөлінетін болады. Осының арқасында баға бірқалыпты болып тұрады, – деді Әсет Седәліұлы.
Маманның сөзіне сүйенсек ауданымызда алдағы уақытта нан бағасы күрт қымбаттамайды. Себебі ол үшін барлық қажетті жұмыстар атқарылуда.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.