Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегінде Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жаңа Жолдауын жолдаған еді. Осыған орай таяуда ауданымызда құралған ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері жолдау жүктеген міндеттерді кеңінен насихаттау үшін ауданымыздың орталық Мәдениет үйінде Қаскелең қаласының тұрғындарымен кездесті.
Жиын барысында топ мүшелері тарапынан Жолдауда көтерілген негізгі бағыттар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тұрғындармен бірлесе талқыланды.
Нақтырақ айтқанда, насихаттық топ кездесу барысында тұрғындарды Жолдауда елімізді күтіп тұрған өзгерістерге тоқталып, жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін іске асыруға бағытталған бағдарлардың мәнін түсіндірді. Сондай-ақ, насихатшы топ бұл міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Жиылған қауым да Жолдаудың маңызына мән беріп, оның арқалайтын жүгінің де бір жылмен шектелмейтіндіктерін айтып, Мемлекет басшысының қазақстандықтарға айтқан өмір сүру сапасын арттыру және ел ішіндегі тұрақтандыру идеяларын қолдайтындықтарын білдіріп тарқасты.