Аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету – ең басты мәселелердің бірі. Осы ретте аптаның сәрсенбісі күні аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Алматы облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, аудандық пробация қызметі мен аудандық Жастар ресурстық орталығымен бірігіп, бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді.
Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға 350-ге жуық ауданның жұмыссыз тұрғындары қатысты. Оның ішінде 30 борышкер, 70 жас азаматтар, 20 пробация есебінде тұрған азаматтар.
Жалпы жәрмеңке барысында «Алсад Казахстан», «Kagazy Recycling», «RG Brands Kazakhstan» (RGBK), «Хамле Компани LTD» сияқты ауданымыздың аумағында орналасқан ең ірі 30 өндіріс ошақтары мен кәсіпорындары 400-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Қатысушылар аталған қызмет ұсынушы мекемелердің өкілдеріне түрлі сұрақтарын қойып, әрқайсысына жеке жолығып, қажетті ақпараттарын алды.
Бұған қоса, шарада жиналғандарға өзінің жеке кәсібін ашқысы келетіндерге шағын несие және грант алу, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өту сияқты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аудан тұрғындарының арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке нәтижесінде жұмыс іздеушілердің 130-ы тұрақты жұмыс орындарына жолдама алды. Оның 30-ы жас мамандар.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.