«Болашақ» бағдарламасы арқылы қарасайлық ұстаз Маржан Ержанқызы Америка құрама штаттарындағы үздік жоғары оқу орнында докторантурада оқитын болады. Иә, расымен білімде шекара жоқ. Білікті ұстаз Оңтүстік Калифорния университетінде білім саласындағы басқаруды зерттейді. Қазір жас маман мұхит асып, білім алу үшін құжаттарын реттеп жатыр. Шетелде білім алуға аттанатын жас педагог ауданымыздағы Жібек жолы ауылындағы жаңа қазақ орта мектебінде математика пәнінен сабақ берген.
Маржан ұстаз Қытай Халық республикасынан мектеп қабырғасын тәмамдап, тарихи Отаны Қазақстанға 2005 жылы қайтып оралған. Осылайша сол жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетінде «математика және компьютерлік модельдеу» мамандығы бойынша білім алды. Еліміздегі ең үздік жоғарғы оқу орнын жақсы нәтижемен аяқтаған сол кездегі жас маман, мұнымен шектелмей, әрі қарай өз білімін жетілдіруге күш салды. Жоғарғы оқу орнын аяқтап, қолына дипломын алған жас мұғалім алғашқы еңбек жолын Алматыдағы №128 мектебінде бастаған. Оқушыларды оқытып қана қоймай, үздіксіз өз білімін жетілдіріп отырды. Жан-жақты ізденді, көрді, білді.
«Мен Қытай Халық Республикасында мектеп қабырғасында оқығандықтан, біз оқыған білім ордасында шет тілі ретінде «қытай тілі» өткізілді. Сондықтан ағылшын тілі менің мұрныма да келмеді десем болады. Университетте оқып жүріп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елдердегі жоғарғы оқу орнында грант арқылы оқуға болатыны жайлы естіп білдім. Ол үшін алдымен, әрине, тіл білу керек. Тілдің ішінде де сұранысқа ие болған ағылшын тілін меңгеру өте маңызды. Сол үшін менде алдымен білімімді жетілдіріп, магистратураны шет ел университеттерінен оқысам екен деген ниет болды. Осы мақсатта ағылшын тілін игеру керектігін білдім. Өйткені менің ағылшын тілін білу деңгейім өте төмен еді. Былайша айтқанда, «нөлдік деңгей» болатын. Өз білімімді жетілдіру үшін көптеген ұстаздардың сабақтарын қарастырып шықтым. «Еңбек – бәрін жеңбек» демекші, күніне 8 сағат бойы үздіксіз дайындалуым 1 жыл ішінде өз нәтижесін берді. Жеткілікті деңгейде ағылшын тілін меңгеріп, тіпті, аталған бағдарлама арқылы грантқа да өтініш бердім, – дейді ізденімпаз жас ұстаз.
Осылайша педагог үзіліс уақытында, бос кезінде дайындала берген. Нәтижесінде алғашқы «Болашақ бағдарламасы» бойынша магистрлік дәрежесін 2014 жылы Англиядағы университетте «математикадағы ғылым» мамандығы бойынша грантты жеңіп алған. Ол жақтан 2017 жылы білікті маман болып оралды.
«Білім мен өзіңе деген сенім әрқашан діттеген мақсатыңа жеткізеді». Ауыл мұғалімін алға жетелеген де – осы ұстаным, – дейді қарапайым танысы, аға-көкесіз-ақ екі рет «Болашақ» бағдарламасының грантын ұтып алған ұстаз.
Маржан магистрлік деңгеймен шектеліп қалмай, одан әрі дамытуды ойлайды. Алматыдан шалғай жатқан Жібек жолы ауылындағы мектепте сабақ беріп жүріп-ақ докторантурада оқуға дайындалып жүрді. Еңбегі нәтижесіз емес, 2026 жылы ол жаңа ғылыми дәрежемен елге оралады.
Өз білімін жетілдіремін деп жүрген жас маман күнделікті сабағын үлкен жауапкершілікпен атқарды. Тіпті, көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға ағылшын тілінен тегін курстар өткізген. Жібек жолы ауылдық жаңа қазақ орта мектебінің директоры Айгүл Қаракеева: «Маржан Ержанқызы ұжымына сыйлы, білікті маман. Күнделікті сабақ өткізетін жүктемесіне, грантқа түсуге дайындалып жүргені еш кедергі келтірмеді. Өзіне тапсырылған барлық жұмысты уақытылы, тиянақты орындайды. Ізденімпаз әріптесіміздің «Болашақ» грантын жеңіп алғанына өте қуаныштымыз, бағындырар белестері көп болсын», – деді.
Көпке үлгі, ортасына сыйлы Маржан АҚШ-тың докторантурасын бітіргеннен кейін еліміздің білім саласын дамытуға өз үлесін қосқысы келеді.
Өйткені «Болашақпен» бірге ауылға білім ғана келмейді, көзқарас келеді. Ғаламдық масштабта ойлайтын тұлғаларды өсіре алатын потенциал келеді. Бізде патриоттық туралы, қазақты жақсы көру туралы көп айтылады. Айтыла-айтыла жауыр болады, ақырында құрғақ сөзден жүрек айни бастайды. Сондықтан еліңе жақсылық жасағың келсе, өз ісіңнің маманы бол, өз ісіңде нөмірі бірінші бол, одан артық ештеңенің де керегі жоқ. Ал, «Болашақ» бағдарламасы соған септеседі. Қарапайым мұғалім, кез келген адамның мұхит асып кететін, шектеу тек біздің миымызда екенін дәлелдеді. Ал, біз өз кезегімізде Маржанға ақ жол, сәттілік тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.